• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2016

Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

530 рет
көрсетілді

Этностық алуандылық – еліміздің әлсіз тұсы емес, оның байлығы Кеше, 1 наурыз күні Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Ел­басының кітапханасында Мем­лекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев­тың қа­ты­суы­мен Алғыс ай­ту күні­не арнал­ған іс-ша­ра өтті. Оған Қазақ­стан хал­қы Ас­сам­блея­сының, «Нұр Отан» пар­тиясының, этномә­дени бір­лес­тіктердің мүше­лері, ғы­лыми және шығар­ма­шылық зиялы қауым өкілдері, жас­тар қатысты. Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтады. «Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында ай­тыл­ған менің ұсынысым жұртшы­лықтан кеңінен қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қа­зақ халқына алғыс тақырыбын қоз­ғады. Биылғы қаңтарда мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Ал­ғыс айту күні – енді ұлттық күн­тіз­бедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті тарихымыздың көп­те­ген беттері биік моральдық құн­дылықтардың бірі ретінде алғыс­пен байланысты екенін атап өтті. «Біздің бабаларымыз халықтың басына түскен ауыр сынақтарға төтеп беретін күш-қуат дарытқан туған жерге және тағдырына риза сезімде болған. Олар әскери шапқыншылық жылдарында, қуаңшылық немесе жұт кезінде көмекке келген жақындарына, туыстары мен көршілеріне әрдайым алғыс айтқан. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айрылған адамдарға тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан кейін Мемлекет басшысы сол қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері мен олардың ұрпақ­тары Қазақстанның қасиетті жерінде көрген қамқорлық пен қонақжайлылықты қазір айрықша жылылықпен еске алатынын айтты. «Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан, қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қара­мастан, батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді», – деді Қазақстан Президенті. Бұл күні Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде еліміздің көпэт­нос­тылық тарихынан сабақ алу қажет­тігіне де назар аударды. «ХХ ғасырда Қазақстанда көпэт­носты халық қалыптасты. Столы­пин реформасы кезіндегі шаруа­ларды қоныстандыру барысын­да Қазақстанға Ресейден, Ук­раи­на мен Беларусьтен 1 миллион­нан астам адам келді. 1930-жылдардағы ұжымдастыру кезін­де бұрынғы КСРО-ның орта­лық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режімі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қазақстанға жер аударылды. Оларды жүк вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеліп тастады. Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді. Солардың бірі біздің үй болатын», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті осылай дей келе, сталиндік қуғын-сүргін кезінде елімізде 11 арнау­лы лагерь – АЛЖИР, Қарлаг, Степ­лаг, Дальлаг, Песчанлаг, Ка­мышлаг, Жезқазғанлаг, Ақтөбе, Пет­ропавл, Кегір және Өскемен лагерь­лері құрылғанын, оларда мың­даған тұтқын отырғанын айтты. «Солардың көпшілігі тұтқыннан босаған соң кеткен жоқ, осы жерде тұрақтап қалды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елімізге түрлі кезеңдерде көп адам кел­генін атап өтті. «Соғыс кезінде Қазақстан эвакуацияланған 350 мың адамды қабылдады. 1950-жылдары тың игеруге 1,5 мил­лион адам келді, жабық әскери ны­сандарда 150 мың маман және олардың отбасы мүшелері жұмыс істеді. ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныстанды. Жер­гілікті халықтың саны ол кездері 6 миллионның шамасында болатын. Қылмыстық сипаттағы ста­линдік ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион адам аштан қы­рылды. Тағы миллионнан аса адам өзін және балаларын аман сақтау үшін бұрынғы КСРО аумағынан кетуге мәжбүр болды. Қазақтарға жойылып кету қаупі туды. Біздің көпэтностылығымыз осылайша қолдан жасалды. Бірақ мұнда біздің жерімізге еркінен тыс келген адамдардың еш кінәсі жоқ. Біз Тәуелсіздіктің жаңа дәуірінде барлық этностарды біртұтас, ұйысқан халыққа айналдыра білдік. Бүгінде бұл – біздің ең басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында. Ме­нің тапсырмам бойынша, тарихы­мыздың осы парақтары Астана­дағы жаңа Ұлттық тарих музейі­нің экспозицияларында көрініс табатын болады», – деді Қазақ­стан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңнің тоталитарлық машинасынан барлығы жапа шеккенін атап өтті. «Біз жыл сайын Саяси қу­ғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу күнін атап өтеміз. Бүгінде біз – 100-ден аса этнос және 17 конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан біре­гей елміз. Біз бірге қалалар мен кенттер салып, егін егіп, индус­трияны дамытып, жол салып жатырмыз, отбасын құрып, бала тәр­бие­леудеміз. Табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын сәттерде бір-бі­рімізге қолдау көрсетіп келеміз. Менің тапсырмаммен Ассам­блеяның бүкіл елдегі барлық қайы­рымдылық шаралардың үйлес­тірушісі ретіндегі рөлі Ұлт Жос­пары аясында заңнамалық тұр­ғыдан бекітілді. Ассамблея тари­хы – біздің достығымыз бен тұ­рақ­тылығымыздың тарихы. Алғыс айту күні бізді бұрын­ғыдан да жақындастыра түсе­тініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті татулық пен келісімде бірлесіп өмір сүру салты, әсіресе, жаһандық эко­номикалық дағдарыс жағдайында көші-қон хаосы басталған, этносаралық және әлеуметтік қақ­тығыстар ушыққан бүгінгі таңда елі­міздің ең қымбат тәжірибесі екеніне назар аударды. «Біздің бірегей этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, соғұрлым әлем де қауіпсіз бола түсетініне сенімдімін. Біз – ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақ­стандық тәжірибесі негізінде біз­дің Болашағы Біртұтас Ұлт қа­лыптасуда. Сондықтан, біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құ­рылған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық. Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Осыған байланысты Ассамблеяның арнаулы қорын құрып, сол арқылы қолдау көрсеткен жөн болар еді. Әрбір ауылда, ауданда, қала мен облыста әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық шаралар айрықша мәнге ие», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бүгінде Қазақстаның алдында зор міндеттер тұрғанын атап өтті. «Менің халыққа Жол­дауымды, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жү­ріп жатыр. Біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын іске асырудамыз. Сондықтан мен бү­гін бірлік пен келісімге, достық пен өзара түсіністікке деген құл­шы­нысы үшін бүкіл Қазақстан хал­қына зор ризашылығымды біл­діргім келеді. Әр үйде татулық, жақсылық және береке болсын. Алғыс айту күні еліміздің ең ай­шықты, әркімнің де жүрегіне жақын мейрам болатынына сенім­дімін», – деді Қазақстан Пре­зи­денті. Шара барысында Қазақстан Президенті Конституция мен ел заң­намасында ұлттық және діни ерек­шелігіне қарамастан, барлық аза­маттардың теңдігі көрініс тап­қанына назар аударды. «Заңның осы ережелерін мүлтіксіз орындау керек, оларды қалауынша әлдекімдерге түсіндіруге жол беруге болмайды. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше рөл жүктеледі. Мен орын алған кейбір құқық бұзушылықтарға байланысты бұл туралы айттым да. Біз үш тұғырлы тіл бағытын ұстанып отырмыз және бұл – әлдебіреудің қалауы емес, уақыттың талабы. Мемлекеттік тілді, мемлекет құраушы этностың тілін білуге біз міндеттіміз. Сондықтан да біз қазақшаға балаларды мектептен бастап үйретіп жатырмыз. Біз ағылшын тілін де білуге тиіспіз, өйткені, ол – ғылымның, иннова­ция мен ақпараттық технологияның тілі. Ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін де білу маң­ызды. Балаларымызға бұл қажет», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстанның әл-ауқа­ты, қо­ғамдық келісім, тұрақтылық пен бірлік – Отанымыздың бақытты болашағының кепілі екенін айтты. «Ұлы Дала елінің перзенттері мәдениеттер алуандығын, түрлі этностар мен конфессиялар өкіл­дерінің құндылықтарын ана сүті­мен бірге бойға сіңірген. Тарих және бабалар бізді осыған үйрет­ті. Этностық алуандылық – біз­дің елдің әлсіз тұсы емес, оның бай­лығы», – деді Қазақстан Прези­денті. Бұл күні Мемлекет басшысы Алғыс айту күніне арналған «Та­рих­тан тағылым – өткенге тағзым» экспозициясын көрді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.