Ғалымдар олардың қайнар көздерінің қайда екенін тапты
Астрономдар өздеріне көптен бері маза бермей келе жатқан бір мәселе – өте жоғары жылдамдықты радиожарқылдар қайнар көзінің орналасқан жерін бірінші рет анықтауға қол жеткізді. Сөйтсе, мұндай сигналдарды бізден алты миллиард жарық жылы қашықтығында орналасқан галактикадағы белгісіз нысандар шығарады екен. Бұл туралы немістің Макс Планк қоғамы радиоастрономия институтының ғалымдары жақында Nature журналының соңғы нөмірінде жарияланған мақаласында кеңінен баяндап берді.
Өте жоғары жылдамдықты радиожарқылдар деп ұзақтығы бар болғаны бірнеше миллисекундқа созылатын радиосигналдардың қуатты түйдектері айтылады. Ұзақтығы қас-қағым сәттен де қысқа болғандарына қарамастан, мұндай жарқылдар өзінің жалпы шарпу көлемі қуатының эквиваленті жағынан Күннен бірнеше тәулік немесе апта бойы жіберілетін сәуле күшіне тең келеді.
Соңғы уақыттарға дейін тап осындай өте жоғары жылдамдықты 16 жарқыл тіркелген болатын. Алайда, ғалымдар оларды тап қандай нысанның жіберіп жатқанын біле алмай, әбден дағдарған еді.
Ал аталмыш мақала авторлары осы проблеманы шешудің алғашқы қадамдарын жасай білді. Бұған Австралияның Паркс обсерваториясындағы 64 метрлік радиотелескоп көмектескен. Ол 2015 жылғы 18 сәуірден бері өте жоғары жылдамдықты 17-ші жарқылды тіркеуге алыпты. Ғарыш учаскесінен жеткен жарқыл тіркеуге алынғаннан кейін бірден әлемнің әртүрлі елдеріндегі бірнеше оптикалық радио телескоптары оған реакция білдіре бастады. Ғалымдар осының нәтижесінде сигналдың бізден 6 миллиард жарық жылындай алыста орналасқан эллиптикалық галактикадан келгенін анықтай алды. Бұл нәтижелердің дәлдігі мұның алдындағы радиожарқылы мәнбесін анықтау үшін жасалған талпыныстан 1000 есе асып түседі.
Зерттеушілер өте жоғары жылдамдықты радиожарқылдар кеңістіктегі материяның қалай орналасқанын анықтауға мүмкіндік береді, деп отыр. Одан өткен радиосигналдар біршама баяулайды. Сондықтан, енді жарқыл қайнар көзінің Жерден қаншалықты қашықтықта тұрғанын анықтау арқылы арадағы материяның қоюлығы қандай тығыздықта екенін білуге пайдасы тигелі тұр.
Мұрат АЙТҚОЖА.