• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2016

Сайлау әділ де адал өтеді

408 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық сайлау комиссиясында барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеудің қорытындысын, кандидаттар мен саяси партиялардың үгіт жұмыстарын жүргізудің шарттары мен тәртібін жариялау және саяси партиялардың облыстық филиалдарының өкілдерімен таза сайлау меморандумына қол қоюы рәсімі өтті. Жалпы, облыста мәслихат депутат­ты­ғына ұсынылған 498 үміткердің 464-і округ­тік сайлау комиссияларының шешімімен тіркелді. Ал 32 кандидат өз өтініштерін қай­тарып алды, 2 үміткер құжат­тарын түгел тапсырмауына байланысты округтік сайлау комиссиялары оларды тіркеуден бас тартқан. Бұл дегеніңіз, аймақ бойынша 1 ман­датқа 4 кандидат бәсекелес болып тұр деген сөз. Оның ішінде 86 адам об­лыстық мәс­лихатқа тіркелген. Олардың орташа жасы – 49. 316 азамат аудандық мәсли­хат­тарға үміткер саналады. Бұлардың орташа жасы – 45. Ал 62 үміткер қалалық мәс­лихатқа тір­келді, орташа жа­сы – 42. Өңірдегі ең жас – 22 жас­тағы және ең егде – 69 жаста­ғы кандидаттар Жаңа­қорған аудандық мәсли­хатының депутаттығына үміткер. Тіркелген 396 кандидат жоғары білімді, олардың ішінде 137 мұғалім, 93 инженер, 41 экономист, 24 заң­гер, 14 дәрігер, 14 ауыл шаруа­шылығы саласының маманы, 73 өзге саланың мамандары бар. 50 кандидаттың арнаулы орта, 18 кандидаттың орта білімі бар. Үміткерлердің 52,6 пайы­зы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызмет­кер­лері болса, 39 пайызы ком­мерциялық құры­лым­дарда жұмыс атқарады, 2,4 пайы­зы саяси партиялар мен қоғам­дық бірлестіктердің қызмет­керлері, 9 кандидат уақытша жұмыссыз және 19 кандидат өзге салаларда қызмет атқарады. Барлық тіркелген канди­дат­тардың 343-і өзін-өзі ұсыну жолымен және 148-і саяси партиялардан ұсынылған. Кандидаттардың 1-уі пар­тияға мүше­лігін көр­сетпеген, 146 кандидат «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Ауыл» партиясынан – 3, «Ақ жол» партиясынан – 1, ҚКХП-дан 2 үміткер. Ал 311 үміткер партияда жоқ. Ұсынылған кан­ди­дат­тар­дың 463-і – қазақ, 1 корей ұлтынан. Әкімдіктер аумақтық сай­лау комиссияларымен бір­лесіп үгіт баспа материал­дарын орналастыратын орындарды белгілеген және оны жарақтандыру мәселелері ше­шілген. 26 ақпандағы жағдай бо­йын­ша сайлау комиссияларында барлық деңгейдегі мәсли­хаттардың депутаттығына кандидаттардың 4739 сенім білдірілген адамы, саяси пар­тиялардың 1050 сенім білді­рілген адамы тіркелген. Әрбір саяси партия Қызылорда облысы бойынша 350 сайлау учас­кесіне шаққанда 1050 сенім білдірілген адамға дейін тір­кетуге құқығы бар. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы адал сайлау туралы келісім әзірлеп, сая­си партиялардың жергілікті өкілдеріне қол қоюға ұсынды. Облыстық сайлау комиссиясы аталған бастаманы қолдады. Меморандуммен танысып шыққан өзге саяси партиялар филиалдарының басшылары да қолдап қол қойды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.