• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2016

Көктем лебі арайланған күн

359 рет
көрсетілді

Алғыс айту күні – бірлігі мен татулығы жарасқан Қазақстан халқын одан әрі жақындастыра түсуге, бір ел, бір мүдде жолында еңбек етуге жұмылдыратын атаулы мейрамға айналды. Елімізде алғаш рет тойланып отырған бұл мереке ұлттар татулығын бекемдеп, ел бірлігін сақтау мақсатында жүзеге асырылған. Осыған орай еліміздің барлық аймақ­тарындағыдай, Астана жұртшылығы да елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні болған айтулы мерекені шадыман шаттықпен атап өтті. Елордадағы Ұлттық музейде Алғыс айту күні мерекесіне орай «Бір ша­ңырақ астында» атты Қазақ­стан хал­қы фестивалі өтіп, іс-шара барысын­да этномәдени дәстүрде жасалған балалар шығармашылығы орталық­тары мен мектеп оқушыларының қол­өнер жұмыстарының жәрмеңкесі ұйым­дас­тырылды. Аталмыш фестиваль аясында Астана қаласының орта және музыкалық мектептерінің оқушылары мерекелік концерт ұсынып, жиналған жұртшылыққа өз өнерлерін тарту етті. Сонымен қатар, Ұлттық музейде Алғыс айту күніне орай «Музей кітап­ханасына кітап сыйы» акциясы өтіп, акция Ұлттық музейдің ғылыми кітапханасына тұрақты қолдану үшін тарих, археология, этнография, мәдениеттану, реставрация, музейтану және басқа бағыттар бойынша кітаптар, мақалалар жинағы, конференция материалдары, монографияларды табыстауға шақырды. Аталған іс-шаралардың ашылуында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов бү­гінгі айтулы күннің ерекшеліктеріне тоқ­талды. Сонымен қатар, қилы кезеңдерде Қазақстанға қоныс аударған көптеген ұлттардың бүгінгі берекелі өмірін тілге тиек етті. – Наурыз айының алғашқы күнін мерекемен қарсы алып жатырмыз. Осының бәрі ынтымақ пен бірлігіміздің себебінен келіп шығып отыр. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблясының 20 жылдығын атап өттік. Алғыс айту күні соның жалғасы десек болады. Кешегі қилы кезеңдерде қазақ даласының дархандылығын талай ұлттар көрді. Бүгін ол жылдар артта қалды. Оның бәрі әрқайсысымыздың есімізде, жадымызда. Ұйымдастырылып отырған осынау жиын Ұлттық музейдің бүгінгі мерекеге тартуы деп қабыл алыңыздар, – деді Ж.Таймағамбетов. Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы Амантай Шәріп Қазақ­станның бүгінгі тұрақтылығы мен қауіп­сіздігі туралы айтты. – Береке-бірлік орнаған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Күніміз күліп шы­ғады, түніміз тыныш. Бастысы, біз­дің жас ұрпақ алаңсыз өсіп келеді. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Тұрақ­ты­лығымыз тұғырлы болсын дегім келеді. Осынау Алғыс айту мерекесіне орай Ұлттық музейдің ғылыми кітапханасына әртүрлі саланы қамтыған 50-ге жуық кітапты сыйлап отырмыз. Бұл үрдісті әрі қарай да жалғастыра бермекпіз, – деді А.Шәріп. Аталмыш акция барысында Тұңғыш Президент – Елбасының кітапханасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы туралы және оның еңбектерінің 36 баға жетпес жауһарларын ұсынса, Сыртқы істер министрлігі 217 кітапты сыйға тартты. Сонымен қатар, Ұлттық музейге кітап сыйлаған зиялы қауым қатарында – ғалым Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Сұлтан Оразалинов, академик Ақтоты Смағұлова бар. Ал «Астана» Ұлттық сурет галерея­сында Алғыс айту күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына арналған «Бірлік түбі – береке» атты Астана қаласы суретшілері мен студент­тердің қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, келген қонақтарға арнайы Астана қаласы суретшілерінің туындылары қойылған көрме экспозициясы ұсынылды. Басқосуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Сурет­шілер одағының басқарма төрағасы Т.Ермеков және әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қос­қан Суретшілер одағының белді мүше­лері, мәдениет және білім саласының қайрат­керлері, профессор­лар қатысып, өнер­дегі бірлік пен татулық сияқты асыл қа­сиеттердің кө­рі­ніс табуы атап айтылып, ын­тымағы жарас­қан елдің әрқашанда бүгін­гідей алғы­сы арайлана беруіне тілек­тес­тік­терін білдірді. Әкім ҚОЖАҰЛЫ. АСТАНА.