• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2016

Қостанайда сан түрлі ұлыстар қазақ халқына алғыс айтты (фото)

453 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 1 наурыз. Көктемнің алғашқы күні Қостанай қаласы орталығындағы Достық үйінде елімізде тұңғыш рет мерекеленіп отырған Алғыс айту күні аталып өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Негізі Қостанайда Алғыс айту күні көптеген шаралар өткізілді. Барлығы да мейірімділікке, достық тақырыбына арналды. Мектептерде, балабақшаларда, жоғары, арнайы кәсіптік оқу орындарында, кітапханаларда қызықты шаралар, көрмелер өтті. Ал Достық үйіне жастар, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері жиналды. Алдымен мерекеге келушілер Достық үйінің екінші қабатында Қостанай облысында тұрып жатқан түрлі ұлыстардың ұлттық көрмесін тамашалады. Содан кейін елімізде тұңғыш тойланған мерекенің салтанатты ашылуы болды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиналғандарға мерекенің халқымыз бірлігі үшін айырықша маңызы барлығын атап өтті. Облыс көлемінде тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ғана ұмтылатынын, еліміздің дамуы мен тыныштығын тілейтінін айтты. Мұнан кейін Қостанай өңіріндегі басқа ұлыстар өкілдері сөз алды. Олардың барлығының лебізінен «Қазақ елі дегенше қайырымы мол десейші» деген ой атойлап тұрды, қазақ халқына алғысын айтып жатты. Чешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Эльбрус Тимаев: «Аштықта жеген құйқаның тоқшылықта дәмі аузыңнан кетпейді» деген, бүкіл тұтас халық «жау» болып, оларды вагондармен Қазақстанға әкеп төккенде, қазақтар оларды үйлеріне кіргізіп, қолтығына тартып, бір үзім нанын бөліп берді. Ең бастысы, осы азып-тозып келген халыққа қазақтар қорламай, құрметпен қарады, олардың қайғысын бөлісе білді. Осындай адамгершілікті ұмытуға бола ма? Ал қазір Елбасы жүргізіп отырған саясат чешендер мен ингуштарға өз ұлттық дәстүрін, тілін, дінін ұмытпақ түгел, оны дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Мұндайды бағаламауға, алғыс айтпауға бола ма? Алланың құдіретімен қазақ жеріне тап болған қандай ұлыстың да жолы болды, бағы ашылды. Елмен бірге олар да дамыды, бақытты күндер кешіп отыр. Ал біз енді қазақ мемлекетін Мәңгілік ел етуге бірігіп, күш салуымыз керек. Осы ойды ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз қажет», – деді. Жұртшылық алдында түрлі ұлыстар өкілдері өнер көрсетті. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.