ОРАЛ. 29 ақпан. Батыс Қазақстан облысында «Жақсылық жаса» шарасы аясында жақынға, сондай-ақ, қарттар мен жалғыз басты адамдарға көмек көрсетуге бағытталған бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы inform.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Орталық коммуникациялар қызметінің Батыс Қазақстан облыстық филиалында өткізілген баспасөз мәслихатында «Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берікқалиев осыған қатысты бірқатар бастаманың қолға алынғанын атап өтті.
«Соның ішінде жас ұрпаққа егде жастағы адамдарды қадірлеу, айналасындағы жандарға мейіріммен қарауға үндейтін «Орын бер, сыпайы бол», жалғызілікті қарияларға тұрмыста көмек көрсетуге орайластырылған «Ардагерлерді ардақтайық!», еріктілердің балалар мен қарттар үйіне барып, қайырымдылық көрсетуіне, мәдени кештерді ұйымдастыруға бағытталған шараларды ерекше айтып өткен жөн», – деді Әділет Берікқалиев.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық балалар үйінің директоры Раиса Наурызова айтып өткендей, соңғы уақытта облыстық балалар үйіне жеткілікті деңгейде қаржы бөлініп, Үкімет барлық балаларды толығымен өз қамқорлығына алып отыр. «Негізінен Үкіметтің, біздің ұжымның мақсаты – балаларды үйге жіберу. Балалар жүрек жылулығын сезініп, үй тәрбиесін көріп өссе дейміз. 2015 жылы патронаттық тәрбиеге 38 бала жіберілді. Биыл аздау, әзірге төрт баланы патронаттық тәрбиеге әзірлеп жатырмыз. Жалпы 17-18 жастағы балаларды патронаттық тәрбиеге беру қиындау. Өсіп кеткен балаларды ешкім алғысы келмейді. Балалар үйіндегілердің жасы – 3-тен 18-ге дейінгілер. Олардың көбін өзіміз өсіріп, мектебін бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуіне барынша жағдай жасаймыз», – дейді балалар үйінің басшысы.
Темір Құсайын.
Дерек, сурет: inform.kz.