• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

Халық денсаулығы – ел болашағы

541 рет
көрсетілді

Кеше «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы республикалық қоғамдық штабының орталық кеңсесінде «Денсаулық жолы» тақырыбында халықты саламатты өмір салтына баулу ісіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғалымдар, саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру бағытында қызмет көрсе­тетін орталықтардың өкілдері, ден­саулық сақтау саласы мекемелерінің мамандары, сарапшылар және партия мүшелері қатысқан конференцияны «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаттығынан үміткер, медицина ғы­лымдарының докторы Толымбек Ғаб­діләшімов ашып, кіріспе сөз сөйледі. – Бүгінгі жиынымыз қоғамымызда саламатты өмір салтын қалыптастыру мә­се­лесіне арналып отыр. Басқо­суға жиналғандардың көпшілігі меди­цина саласының білікті, тәжірибелі мамандары. Сондықтан, осы конференцияда тақырыпқа қатысты тұщымды ойлар, ұсыныстар айтылады деп күтеміз. Жалпы, қазақта «Ауырып ем іздеген­ше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Ауырғымыз келмейді, бірақ ден­сау­лықты сақтауға жөнді мән бере қоймай­мыз. Аз қозғалу, дұрыс тамақтан­бай, жағымсыз әдеттерге бой алдыру біз­дің денсаулығымызды біртіндеп төмен­детіп жатқаны жасырын емес. Әсіресе, ауылдағы ағайынның ауруын ас­­қын­дырып алып, қалаға сабылатыны бүгін­гі күннің шындығы, – деді Т.Ғаб­ді­ләші­мов. Оның айтуынша, қазіргі таңда халық­тың денсаулығы мемлекеттің басты на­зарында тұр. Бұдан кейін спикер «Ауыл» партия­сының сайлауалды бағдарламасының ба­сым бағыттарымен таныстыра келіп, ден­саулық сақтау саласындағы мемлекет­тік саясат нақты мақсаттар мен инди­ка­тор­ларға ие болуы тиіс екеніне екпін берді. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйене отырып, адам денсаулығының тек 10 пайызы медицина жүйесіне байланыс­ты екенін, 50 пайызы адамның өмір сүру салтына сәйкес қалыптасатынын жеткізді. Жиында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, эколог Мұрат Нұрышев, Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы бас ди­ректорының кеңесшісі Клара Медеу­баева, дәрігер-эндокринолог Жанар Анар­баева, Астана қаласындағы №7 емхана бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Ыдырысова, Қарағанды облысы Нұра аудандық орталық ауруханасының директоры Бақтыгүл Мұқышева және Астанадағы «Дәрігерлік-әлеуметтік оңал­­ту орталығы» мемлекеттік мекеме­сі­нің наркологы Тоқтар Қойшыбеков баян­дама жасап, көпшілікті толғандырып жүр­ген бірқатар өзекті мәселелерді сөз етті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.