• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2016

Мақсат – адамдар жүрегіне жол табу

376 рет
көрсетілді

Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) сайлауалды штабының белсенділері Талды­қор­ған қаласында кезекті іс-шараларын өткізді. Олар жер­гілікті журналистерді облыстық филиалдың кеңсесіне шақырып, үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілу барысымен таныстырды. Бұл акцияны коммунистер «есіктен есікке дейін» деп атады. Журналистер алдында ҚКХП атынан Мәжіліс депутаттығынан үміткерлер қатарында тізімге енгізілген Сәуле Бағирова сөйлеп, аймақтағы үгіт-насихат жұмысының барысымен таныстырды. Бүгінгі таңда үгіт-насихат жұмыстарының 20 күні артта қалды. Біз өз жұмысымыздың барысында партияның республикалық штабы жіберген барлық насихат құралдарын сайлаушылар назарына жеткізудеміз. Партияның жас белсенділері пошта жәшіктерін ғана пайдаланып қоймай, үгіт-насихат парақшаларын тұрғындардың есігіне дейін жеткізіп, қолдарына ұстатып кетуде. Бүгінгі акциямызды «есіктен есікке дейін» деп атап отырған себебіміз: сол жұмыстарымызды көрсету еді, деді С.Бағирова. Сондай-ақ, үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізуге облыстық партия филиа­лының белсенділерімен қатар, ауыл­дық аудандардағы комитеттердің бел­сенділері де жұмыла кіріскені жеткізілді. Олар әрбір үйге дейін кіріп, сайлаушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, коммунистік партия бағдарламасының озықтығын, оның қарапайым халықтың мүддесін қолдауды өзінің басты мақсаты етіп алғанын түсіндіреді екен. Күн сайын белсенділеріміз 150 пәтердің есігін қағып, жүздеген аулаларға кіріп, үгіт-насихат парақшаларын таратуда. Оның үстіне, рұқсат етілген барлық тақтайлар мен қабырғаларға кем дегенде 100 насихат құралын жапсырамыз. Облыс пен аудан орталықтарында партияның билборды да ілініп, көрген адамның көзін тартып тұр, деді Сәуле Бағирова сөзінің соңында. Одан кейін журналистерді Тал­ды­қорған қаласының көшелерімен облыс­тық партия комитетінің екінші хатшысы Олжас Ыбырайымов алып жүрді. Ол журналистерге партия белсенділері жұмыстарының нәтижелері ретінде үгіт-насихат құралдарының барлық жерде жарқырап тұрғанын көрсетті. Біздің белсенділеріміздің алдында енді шамалы ғана тұрғын үйлерді аралап шығу міндеті тұр. Осы істер атқарылса, қала мен аудан сайлаушыларының бәрі де ҚКХП насихатымен тегіс таныс болады, деді ол журналистерге. ҚКХП облыстық филиалы бел­сен­ді­лерінің заңмен рұқсат етілген шеңберде шебер жұмыс істеп жатқандары Тал­ды­қор­ғанның барлық жерінде менмұндалап тұрды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.