Сенат бюросы жоғарғы палатаның 2016 жылғы 17 наурызда болатын кезекті отырысының күн тәртібін келісті, деп хабарлады Палатаның баспасөз қызметі.
Сенаторлар Қазақстан мен Кореяның Үкіметтері арасындағы Кореядағы Қазақстан азаматтарының және Қазақстандағы Корея азаматтарының ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісімді; Азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді алу туралы конвенцияны; Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияны және Алименттік міндеттемелерге қолданылатын құқық туралы хаттаманы; Қазақстан мен Норвегия арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын қарайды.
Палата «Пошта туралы», «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобаларын да қарайтын болды.
Заңнамаға баланың құқықтарын қорғау; пошта; лотереялар және лотерея қызметі; Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі; экология; тұтынушылардың құқықтарын қорғау; астық нарығын реттеу мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда қаралатын болып шешілді.
Заңнамаға мемлекеттік қызметтер көрсету және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда талқыланады.