Қостанай қаласында қоқысқа тасталған пластикалық құтылар қайта өңделетін болды. Бұл – бастама қоршаған ортаға залал келтіріп, бей-берекет шашылып жатқан бос құтылардан арылудың тиімді жолы.
Бүгінде Қостанайда қоқыс жәшіктерінің қасына темір тор қораптар қойылды. Оларға тек пластикалық бөтелкелер салынады. Ал бос ыдыстардың қайта өңделетінін естіген жұрт қуанып жүр. Ең бастысы, олар шашылып жататын құтылардан құтылатынына дән риза.
– Өте жақсы бастама. Қажетсіз қоқыс бір бөлек, пластикалық ыдыстар бір бөлек жиналады. Олар қайта өңделіп, пайдалы затқа айналады. Осы арқылы тазалық та сақталады, экологиялық зиян да жойылады, – дейді қала тұрғыны Нина Сигуева.
Айта кетейік, қазіргі таңда мұндай ыдыстар Қостанайда 85 жерде бар. Жергілікті билік өкілдері жыл соңына дейін қаладағы барлық 484 қоқыс жиналатын орынды түгел қамтуды көздеп отыр. Мұнда бұл жұмыстар биылғы ақпан айында қолға алынды.
Мамандардың мәліметінше, жиналған құтылар іріктеліп, Ақтөбеге жіберіледі. Ол жерде қайта өңдеуден өткен пластикалық ыдыстардан басқа заттар мен құрылыс материалдары жасалады.
Осы кезге дейін жиналған үш тоннаға жуық пластикалық құтылар Ақтөбеге жөнелтілген екен.
Төребек ТҰРМАНОВ.