Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бір топ көп балалы аналарды мерекемен құттықтап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапаттады. Ол көпбалалы аналарға қоғамдағы және бала тәрбиесіндегі айрықша еңбектері үшін алғыс сезімін білдіріп, отбасылық бақыт, бақуатты тұрмыс тіледі. Шаһар басшысы әр көпбалалы анаға мерекелік сыйлық пен гүл шоқтарын тапсырды. Көпбалалы аналардың үшеуі «Алтын алқа», ал, оны «Күміс алқа» медалін омырауларына тағып, қуаныш құшағына бөленді.
Қазір облыс орталығында 6479 көпбалалы ана тұрады, олардың 1272-і «Алтын алқа»,1537-сі «Күміс алқа», ал, 337-і «Батыр ана» және 288-і І-ІІ-ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» медальдарының иегерлері болып табылады. 3045 ана төрт және одан да көп бала өсіріп, тәрбиелеуде. Жыл сайын қалада бала туу көрсеткіші көтеріліп, көпбалалы жас аналар қатары көбейе түсуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе.