• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2016

Жолсерік Лиана

1259 рет
көрсетілді

Астана мен Қарағандының арасына қатынайтын «Сарыарқа» электр пойызы жолаушы қауы­мына жасалған тәуір сыйдың бірі болды. Бұл пойыздың, айта берсең, артықшылығы көп. Жо­лаушылар үшін барлық жағ­дай қарастырылған: жұмсақ орын­дықтар, заманауи ауа бап­тағыш жүйесі, тегін Wi-Fi қызметі, екі тілде ақпарат беретін жүгіртпе жол... «Қала маңындағы тасымал» АҚ-тың Қарағанды учаскесіне тиесілі бұл электр пойызында аға жолсерік болып қызмет ете­тін Лиана Сабирова сынды шы­райлы қарындасты бұл күнде жолаушылардың көбі танып алған. Қашанда жылы жымиып, айналасына нұр шашып жүретін ибалы қыз өзі жұмыс істеген үш жылдың ішінде ұжымға тас­тай батып, судай сіңген екен. Жо­лаушылардың да көзайымына айналып, көрмесе іздейтін қимас жанындай болып кеткен... Өмір шіркіннің күтпеген жерден ұсынар тосын сыйы тау­­сылған ба?! Жолсерік болу Лиана қарындастың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген мамандық­тың түрі еді. Жоғары оқу орнын «Ком­пьютер бағдарламашысы» мамандығы бойынша тәмамдады. Қолында күректей дипломы болса да дайын тұрған жұмыс жоқ, біраз уақыт үйде отырып қалғаны да рас-тын. Өзі үйдегі балалардың үлкені еді. Арқа сүйейтін асқар тау әке жоқ, жалғыз ананың тап­қан-таянғанына қарап отырған он екі мүшесі түгел сау адам үшін қай­бір жақсы дейсіз... Рас, анасы жолсерік болып жұмыс істейтін. Ол кісі бұ­рын­дары жұмыс туралы әңгіме қоз­ғалғанда «жолсерік» дей берсе болды, бұл мұрынын шүйіруші еді-ау!.. Иә, бұрын ол теміржол са­ласын еркектер ғана жұмыс істейтін қара дүрсіндеу жер деп ойлайтын. Сөйтсе, бұл жерде өз ісін жан-тәнімен сүйетін, адам­ның іші-бауырына кіріп тұратын ер көңілді жандар ең­бек етеді екен. Екі-үш рейске шық­қаннан кейін көңіліндегі күдік пен қорқыныш сейілген. Анасының қуанышында шек болмады. Алдымен ол кісі өзінің сүйікті ісін жалғастырғанына риза болса, екіншіден Лианасының ұжыммен тез арада тіл табысып кеткеніне қуанды. Өмірде көрген-түйгені көп, бұл саладағы тәжірибесі өте бай анасының айтқан ақыл-кеңестері өзінің кәдесіне молынан жарағанын Лиананың өзі де мақтанышпен айтады. «Егер де, менің қызым бола­шақта жолсерік мамандығын таңдар болса қуанар едім. Өйт­кені, бұл жұмыс тек қана нәзік жандыларға арналған сияқты болып тұрады мен үшін», деп сыр бөліседі Лиана. Лиананың ойынша, әйелдер қауымы о бастан психолог болып жаратылған. Ал жолсерік ма­мандығы үшін бұл ауадай қажет қасиет. Адамдармен тіл табысқан өз алдына, пойыз үстінде, вагон ішінде үйдегідей жылылықтың сәулесін сеуіп, құстың ұясындай жайлы ете білу тек қана әйел затының қолынан келетін өнер деп есептейді ол. Иә, «Базарға, қарап тұрсам әркім барар» демекші, болат жолмен жүйткіген пойызбен кімдер жүрмейді десеңізші?! Алуан түрлі адамдар – сіркесі су көтермейтіндер, тырнақ астынан кір іздеп отыратындар, ашуы алдында жүретіндер... санай берсең саусақ жетпейді. Міне, жақсы адамдардың арасында кездесіп қалатын осындай жандардың тілін табу айтқанға ғана оңай. Ал біздің Лиана болса, бұл істің нағыз шебері болып алған. Оның риясыз күлкісі, майда тілі, адамға деген ілтипаты бөлек. Содан да болар, өзі жұмыс істеген үш жыл уақыт ішінде бір де бір кикілжің сәтке жол бермепті. Алғаны – тек қана алғыс пен бата. «Жұмыс барысында адам­дарға өзіңді дұрыс көрсете біл­геннің маңызы зор. Жолау­шы­лардың жанын түсініп, тілін табу – біздің мамандықтың бас­ты міндеті. Пойыз дегеннің өзі теміржолдың үстіндегі үй ғой, вагоныңыз уақытша болса да жанға жайлы баспана емес пе?! Яғни, шаңырақтағы шуақты сақ­тай білу тек әйел баласының ғана қолынан келеді», – деген Лиананың сөзімен келіспеске тағы болмайды. Лиана жұмыстан бос кезінде жаттығу залына барып, өзін кү­тіп ұстауға көп көңіл бөледі. Сән үлгілерін саралап, косметика әлеміндегі жаңалықтарды да құр жібермей танысып отырады. Жұмыстың талабы сондай – үнемі сымдай тартылып, сымбатты болып жүру керек! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».  ҚАРАҒАНДЫ.