Шығыс аймағында Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу басталды
Шығыс өңірінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар басталып кетті. Биыл Алтай мен Алакөл арасындағы ағайын Наурыз мерекесін ауқымды түрде атап өтіп, ұлық мейрам он күнге ұласпақ. 13 наурыз күні осы онкүндіктің тұсауы кесілді. Әр күннің өз ұраны мен тақырыбы, ортақ мақсаты бар. Бұл дүниелер көктем мерекесінің болмысын бейнелеуге, жалпы адамзатқа тән қасиет-құндылықтарды насихаттау мен бекітуге арналған. Онкүндік шеңберінде облыс көлемінде 600-ден астам қоғамдық маңызы бар шаралар өткізу жоспарланып отыр. Айталық, «Ырыс» күнінде ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі өткізіліп, мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Облыс орталығына Күршім ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен өнерпаздары келіп, өз өнімдерін арзан бағамен ұсынып, мерекелік концерт қойды. 14 наурыз – «Дәстүр» күнінде халықтық қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылып, шеберлік сағаттары мен қолөнершілермен кездесу өтті. «Жаңғыру» күнінде мектеп оқушылары мен жастардың елді мекендердің дамуына үлкен үлес қосқан, яғни, «Туған жерге – тағзым!» акциясының қатысушыларымен, еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізуі жоспарланған. 16 наурыз – «Көктем шуағы» күнінде «Қызғалдақтар мерекесі», жастар флэш-мобы, көрмелер, балалар шығармашылығы байқаулары өтеді. «Қамқорлық» күнінде соғыс және еңбек ардагерлерін Наурыз мерекесімен құттықтау, қарт адамдардың шаруасына қолғабыс ету, балалар үйі мен дәрігерлік-әлеуметтік мекемелерге бару шаралары көзделген. 18 наурыз – «Жаңару» күні. Бұл күні шығысқазақстандықтар сенбілікке шығып, аулалар мен көшелерді тазалап, тазалық жұмыстарын жүргізбек. «Жарасым» күнінде оқу орындарында көне мерекелердің философиялық мәнін ашатын шығармаларға байқау жарияланып, кітапханаларға әдебиет өкілдері келеді. «Қуаныш» күнінде барша білім мекемелері мен ғимараттарға, орталық көшелерге безендіру жұмыстары жүргізіліп, декоративті-қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылады. «Шаттық» күнінде бұқаралық мәдени шаралар легі аясында ән мен би байқауы, айтыс, шығармашылық өкілдерімен кездесу өтеді. Ал күн мен түн теңелген, Шығыс халқы ерекше қадір тұтатын 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні! Ұлыс күнінде өңірдің барлық қалалары мен аудандарында әз-Наурыз нышандары түгелдей қамтылған мерекелік бағдарламамен бірге, көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, теңге ілу сияқты ұлттық спорт ойындарынан жарыстар, үздік киіз үй байқаулары өткізілмек. Жастарға арналған «Алтыбақан», «Айқыш-ұйқыш», «Ақсерек, көксерек», «Алқақотан» сынды ұлттық ойындар да мереке көркін қыздыра түседі. – Наурыз мерекесі – биыл жыл бойы өтетін өзге мейрамдар секілді, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналады. Негізгі мақсат – еліміздегі келісім мен бірлікті арттыру, жалпыұлттық сана мен ортақ мәдени-рухани құндылықтар қалыптастыру. Жоспар бойынша, наурыз айында ұлттық дәстүр мен отбасы құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған 600-ден астам іс-шара өткізіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.
•
15 Наурыз, 2016
Орны бөлек онкүндік
590 рет
көрсетілді