Асқар сол күні жұмыстан кештеу шығып, үйіне қарай асықты. Өзін тағатсыздана күтіп отырған жан жары Сәнияға, ұлы Сәкенге, үш айлық қызы Сабинаға жеткенше жаны тыныш таппайды. Жеңіл көлік қою қараңғылықты қақ жарып, қаладан шеткерілеу жердегі күре жолдан бұрыла бергені сол еді, жер-дүниені солқ еткізгендей алапат гүрсіл оны еріксіз жалт қаратты. Өрт сөндіру саласының кәнігі маманы қарама-қарсы келген шетелдік машиналардың бір-бірімен соқтығысып, қатты соққының салдарынан бірінің жол жиегіне қарай төңкеріліп түскенін қас-қағым сәтте аңғарып, көлігін тоқтата салысымен жедел көмекке ұмтылды. Аударылып жатқан «BMW» көлігінде жолаушылардың қимылсыз сұлбаларын бірден байқады. Ешқайсысы қозғалар емес. Шамасы, ауыр жарақат алып, болмаса оқыс оқиғадан есеңгіреп қалса керек. Әскери тәртіппен жедел қимылдап, алдымен алдыңғы орындықта ес-түссіз жатқан әйелді құтқаруға кірісті. Осы кезде қауіпсіздік жастығына қыстырылып, ажал тырнағынан аман қалған жүргізуші де қолұшын беріп, екеулеп оны қауіпсіз жерге шығарды. Әйел таза ауамен кеуде кере тыныстап, көзін ашқанда бұлар қуанып кетті. Әбжіл қимылмен қалған жолаушыларды да бір-бірлеп алып шыққаннан кейін, дәрігерлер мен полиция қызметіне хабар берді. Олар жеткенше зардап шеккендерге медициналық, психологиялық көмек көрсетумен айналысты. Кейін көлік иелерінің бірі арақ ішіп алып, көлік рөліне отырғанын естігенде зығырданы қайнады.
Азаматтық қорғаныс майоры Асқар Ысмағұловтың жол-көлік апаты кезінде басқаша қимыл танытуы мүмкін емес еді. Ол бұл әрекетін үлкен ерлікке бағаламайды. Бейбіт кезеңде кездесетін қалыпты, үйреншікті үрдіске санайды. Қиын жағдайға тап болған адамға кез келген қазақстандықтың қорған боларына бек сенімді. Әріптестері алдында үлкен беделге ие оның адамгершілік, имандылық қасиеттері өзгелерге үлгі. Көкшетау техникалық институтын бітіргелі бір салада жемісті еңбек етіп келеді. Жеке басының жауапкершілігін, ісінің орнықтылығын басшылық бағалап, облыстық «Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің кадрлар жұмысы бөлімінің жетекшісі етіп бекітті. Осыдан екі жыл бұрын бас маман болып жүргенде министрлік жариялаған байқауда үздіктер қатарынан көрінген. Басқа да марапаттары жетерлік. Қарауыл бастығы қызметінде де «тілсіз жаумен» талай рет бетпе-бет ұшырасып, адамдар өміріне сан мәрте араша тұрған. Қайда жүрсе де, біліктілік, білімділік көрсету, адамдар өміріне қауіп туындағанда ерлікті емес, азаматтық парызды бірінші орынға қою, өзіне жүктелген сенімді ақтау оның өмірлік қағидасына айналған.
Сол күні жұмыстан кеш оралғанына еш өкінбейді. Бекерге өмір сүрмегенін, адамдар алдындағы бір міндеті орындалғанын түсінді. Антқа адалдық, берген уәдеге беріктік ел мүддесін жоғары қойған азаматқа тән болса керек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.