• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2011

Бағдарлама баяны нәтижемен өлшенеді

694 рет
көрсетілді

Ел мұратына тиянақты білім, орнықты ғылым арқылы жетуді тә­уел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға міндет етіп қойып, бар мүмкіндіктерді жасап келеді. Заман талабына, уақыт өлшеміне сай қабылдаған заңнамаларға, қажет құ­жаттарға жете мән беріп, оның жүзеге асуын, талапқа сай жа­ңартып тұруды Президент бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Соның дәлеліндей, өткен жылдың 7 жел­тоқ­санында Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекіткені белгілі. Осы құнды құжат туралы қоғам өмірінің аса ма­ңызды саласы – білім, ғылым мәселелерінен жұртты хабардар ету ниетінде Білім және ғылым министрі, көрнекті ғалым-математик, тәжірибелі басшы Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді. Білімді қаржыландыру ІЖӨ-нің 4,1%-ына жақындады – Бақытжан Тұрсынұлы, сізге білім, ғылым саласы тосын емес. Өмір жолыңыздың бастауы осы екі саламен ұштас өрбіп келеді. Жүйелі көз­қа­ра­сыңызды, тапсырмаға тиянақты қа­рау тәсілін біз Елбасы сеніп тап­сыр­­ған «Нұр Отан» партиясындағы қыз­метіңізден, Әл-Фараби атындағы Қа­­зақ ұлттық университетіндегі рек­тор­лық жұмысыңыздан айқын аң­ғар­дық. Жалпы, ел дамуы, Елбасы сая­са­ты, ел білімі жайлы қабылданған мем­­лекеттік бағдарламаның негізгі ба­ғыттары туралы газет бетінде әл­де­неше мақалалар да жарияладыңыз. Сіз­дің ойыңызша, білім беру мен да­мы­тудың қазақстандық моделі қан­дай болуы керек? Тұрақты даму үдерісінің даңғыл жо­лына түскен Отанымызға заманауи ілімдерді игерген мамандар қажет. Бұл мә­селе Мемлекет басшысының жақында «На­зар­баев университетінде» оқыған дә­рі­сінде ерек­ше аталып өтілді. Мен бірден айтайын, өткен жылдар ішінде көп­теген жетістіктерге қол жетті. Заманға сай заңнама базасы қа­былданып, жұмыс істеп жатыр. 2005-2010 жылдарға ар­нал­ған білім беруді да­мытудың мем­лекет­тік бағдарламасы іске асы­рылды. Соңғы он жылда білім беруді дамытуға жұмсалған қаржы он есеге артты. Кадрларды да­йындау құрылымын ЮНЕСКО ұсынған білім берудің халықаралық стан­дарт­та­ры­на сәйкестендіруге жүйелі қадамдар жасалды. Қазақстан баршаға арналған білім бе­руді дамыту индексі бойынша көш­бас­шылар қатарына сенімді түрде енді. Ал бір жыл бұрын мұндай көрсеткіш бо­йын­ша бірінші орында едік. Бұл Ата За­ңы­мызда көрсетілгендей, азамат­тар­дың білім алу құқығының мүлтіксіз орын­да­лу­ын, Мемлекет басшысының ұлт­тың ин­теллектуалдық әлеуетін да­мы­ту жө­нін­дегі бағдарының іске асуын дәйек­тейді. Елімізде кадр даярлаудың басты мақ­саттары мен басым бағыттары ай­қындалып, білім беру сапасын арт­ты­ру, оны бағалаудың ұлттық жүйесі уақыт та­ла­бына сай қызмет етеді. Дәл қазір әлем­дік өркениеттің өрлеуіне ұйытқы болып отырған Еуропалық білім беру ке­ңісті­гіне ену үрдісі қамтамасыз етілгенін де айта кетсем деймін. Беделді TIMSS ха­лық­аралық салыстырмалы зерттеулеріне сүйенсек, еліміз математика пәнінен мемлекеттер арасында 5-­орынға, жара­ты­лыстану бойынша 11-орынға көте­рілді. Бұл тәуелсіз ел оқу­шыларының алған білімінің қандай дә­режеде екенін дәйектейтін мысал деуге болады. Білімнің алтын ұясы саналатын оқу ғимараттарын салу жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп» бағдарламасы шеңберінде елеулі істер атқарылып, жүздеген мектеп оқушы­лар­дың пайдаланылуына берілді. Егер 2004 жылы мектептердегі орын тапшылығы 200 мыңнан астам болса, бүгінде бұл көр­­сеткіш 100 мыңға төмендеп, екі есеге азайды. Мектептер заманауи жабдық­тар­мен, пәндік және интерактивті кабинеттермен жабдықталса, соңғы бес жылда мұндай зәру құралдардың 9 мыңға жуы­ғы оқушылар мен ұстаздардың қол­да­ны­сына берілді. Еліміздегі жоғары мектеп әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған кадр даяр­лау­дың үш деңгейлі моделіне – бакалавр – магистр – философия докторы (PhD) – то­лығымен көшті. Кредиттік оқыту жү­йе­сі енгізілді, бірқатар бағдарламалар ха­лықаралық орталықтарда аккредиттеуден өтті. Ашық үлгідегі 5 ұлттық зертхана және соңғы үлгідегі заманауи құрал-жаб­дықтармен жарақталған инженерлік бейіндегі 15 зертхана құрылды. Жа­һан­дық бәсекеге қабілеттілік индексіне қа­рай­тын болсақ, еліміз жоғары білімге қол­жетімділікті қамтамасыз ету бо­йын­ша әлемде 51-ші орынға табан тіреп отыр. Отанымыздағы 38 жоғары оқу ор­нында шетелдік университеттердің қа­ты­суымен екі мамандық бойынша диплом беру жүзеге асырылуда. Жыл са­йын үш мыңға жуық қазақстандық жастар Президенттің «Болашақ» бағ­дар­ла­ма­сы бойынша өркениет жолында келе жатқан мемлекеттердің беделді университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл игілікті шараның жүзеге асып келе жатқанына да жиырма жылға жуықтап қалды. Бірден айталық, мұндай бағдарлама әлемдік тәжірибеде некен-саяқ. Әрине, біздің алға қойған мақсат Ел­басы талабына орай қаумалап өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы білім беру болып табылады. – Заманауи талапқа сай кадр да­йын­дау жөніндегі реформа туралы не айта аласыз? – Реформа реформа үшін болмауы керек. Оның халыққа пайдасы тиюі тиіс. Бізге сол реформаның аты емес, заты, нә­­ти­же­сі қажет. Сөзбен емес, іспен дә­йек­телуі тиіс. Кадр даярлау ісіндегі қазір жүргізіліп жат­қан реформаларды реформа дегеннен гөрі жаңарудың, жаңар­ту­дың көрінісі десек, жөн болар. Бірін-бірі жетілдіретін мұндай жа­ңару бірқатар ба­ғыт­тар бойынша бір мез­гілде жүргізілуі тиіс. Сөз жоқ, мұның бәрі – білім беруді қар­жы­ландыруға келіп тірелетіні анық. Мем­лекет басшысының Назарбаев уни­верси­тетінде оқыған дәрісінде Қазақстанда атал­­ған саладағы қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 4 пайызды құрап отырғанын, бұл көр­­сет­кіш 2010 жылы ІЖӨ-нің 4,1%-ына жа­қын­дап, бірқатар еуропалық елдердің дең­гейіне жеткенін атап өткен болатын. Осы үр­діс биыл да жалғасын табады. Тек рес­­публикалық бюд­жеттің өзінен бөлінетін қа­ражат көлемі 2011-2015 жылдары 461 миллиард теңгеден астам соманы құраса, бірте-бірте жергілікті бюд­жеттің, жеке сек­тор­лар­­дың да қаражатын тарту көзделіп отыр. Түбегейлі жаңа те­тіктердің қата­рын­да білім берудің барлық деңгейлеріндегі жан басылық қаржылан­дырудың енетіні дер едім. Бүгінде бұл жоғары мектептерде ор­­нығып келеді. Бұған ұқсас тәсіл енді мек­тепке дейінгі, орта, тех­никалық және кә­сіптік білім беру жүйесіне енгізіледі. Осы қа­дам білім беру ұйым­дарында қар­жының қор­далануына мүмкіндік береді. На­рық та­ла­бынан туындап отырған бұл іс бә­се­ке­лес­­тікке алғышарт жасап, білім са­пасын арт­тырумен қатар, сала қыз­мет­кер­ле­рі­нің жауапкершілігін де көтереді деген сенімдеміз. Ал баламалы тәсілмен педагогтерді қай­та даярлау және біліктілігін арт­тыруда ваучерлік-модульдік қаржыландыру да қол­да­нылатын болады. Жылдар өте келе пе­­дагог­тар өз мамандықтарын жетілдіру үшін ваучерлер алып, оны қай жерде пай­да­лануды: Қазақстанда ма, әлде шетелдік орталықтарда ма өзі шешетін болады. Бә­се­кеге қабілеттілік «жарысы» осындайда өріс алады. Бұл ретте педагогтар ғана емес, со­нымен қатар, білім беру ұйымдарының бас­шылары да қайта даярлаудан өтеді. Олар қазіргі заманғы білім беру менеджментіне сай оқытылатын бо­лады. Қар­жы­лан­дырудың тағы бір көзі – мемлекеттiк білім берудің жинақтау жүйесі (МБЖЖ). Бұл жүйе Қазақстанның әрбір азаматына жос­пар­лы түрде балаларының жоо мен колледждерде таңдаған маман­дық­тарына орай білім алу үшін қаржы жинақтауларына мүм­­кіндік береді. – Сол жинақталған қаржыға кепілдік беретін тетіктер туралы айта кет­сеңіз. – Халықтың қаржысына 100 пайыз кепілдік болады. Болашақта осы істің жұрт көңілінен шығып, қандай дағдарыс кезінде де жинақталған қаржыға кепіл беретін тетіктері жан-жақты ойластырылып, әзірлену үстінде. Кадр даярлаудың барлық дең­гей­ле­рін қамтитын маңызды аспектінің бірі электрондық оқытуды – е-learning кеңінен енгізу. Мамандар мұның болашағы зор екен­дігіне түйінді болжамдар жасап отыр. Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерде электрондық оқыту бойынша ұлттық бағдарламалар орындалып, қағаз оқу­лық­тар­дың орнын алмастыру мәселесі тал­қы­лануда. Электрондық тәсілмен оқыту 2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50%-ын қамту, 2020 жылы бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу жоспарлануда. Сол секілді таяу жылдары мектепке дейінгі тәрбиеде ком­пьютерлік оқыту ойындары, орта мектепте – электрондық оқулықтар, колледждер мен кәсіптік лицейлерде – виртуалды тренажерлер, жоғары оқу орындарында –электрондық ғылыми-зерттеу зерт­ха­на­ла­ры пайдаланылатын болады. – Осы ауқымды жұмыстарды іске асыру үшін орасан қаржы қажет бола­ты­ны сөзсіз. Нәтижесі жұрт көңілінен шы­ғатынына сенімдісіз бе? – Расында, қомақты қаржы қажет болатынын жоққа шығармаймын. Бірақ әлемдік үрдістен қалыс қалмау үшін мұн­дай қадамдарға баруымыз керек. Еліміздің болашағы, адами капитал, Қазақстанның жаһандық экономикадағы ұстанымын ны­ғай­ту тұрғысынан келгенде мұндай ұм­ты­лыс жеміссіз болмайды деген сенімдемін. Әрине, ғылым мен білімнің қайтарымы бір жылдың ішінде бола бермейтіні көпке мә­лім болса керек. Біз электрондық оқыту жүйесінің да­мы­­ту жобасын әзірлеп, Үкіметке ұсындық. Осы орайда, бүгінгі таңда 18 оқушыға 1 компьютерден келсе, дамыған елдердің дең­гейіндегі 1:1 сәйкестікке жету үшін жар­ты миллион компьютер және 8 мыңнан астам сервер алу қажеттігі туындап отыр. Келешекте қазіргі заманға сай мәтінді, кескінді, әуенді, бейнені, т.б. қамтитын интерактивті оқыту және бас­қа­ру ресурстары әзірленеді. Осы жүйе ар­қылы оқушылар мен педагогтер ең жаңа жә­не сапалы оқу­лықтар мен әдістемелік ре­сурс­тарға, ал білім басшылары автомат­тан­ды­рудың қа­зір­гі заманғы желілік құрал­да­рына қол жеткізе алады. Бұл сіз сұраған нәтиже болмақ. Әзірге Қазақстан әлемде ақпараттық-коммуника­ция­лық технологиялардың индексі бойын­ша 69-орында тұр. Осы жүйені тыңғылық­ты енгізу арқылы Отанымыз бірінші он­дық­тың қатарына кіруге мүмкіндік алады. Қала мен ауыл арасындағы ақпарат алу­дағы алшақтық біз алға қойған осы міндеттер орындалатын болса, оң шешімін та­ба­ты­ны сөзсіз. Білім сапасы жаңа қырынан көрінеді, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу үшін жақсы базаға ие боламыз. Педагог мәртебесі артып, қолдау күшейеді – Мұндай жағдай мұғалімдердің рө­лін екінші орынға ығыстырып жібермей ме? – Жоқ, олай болмайды. Керісінше, мұ­ға­лімнің рөлі арта түседі. Қазақстан та­рихында бірінші рет мемлекеттік бағ­дарламаға арнайы «Педагог мәртебесі» деген бөлім қосылды. Шыны керек, бұл мәселені өте көп айттық. Бірақ та нәтиже шығара алмай келеміз. Оны айтасыз, оқы­тушылардың әлеуметтік мәртебесінің тө­мен­дігі де ойландырмай қоймайды. Тіпті ол жастардың мамандыққа қызығу­шы­лы­ғын төмендетуге әкеліп соғуда. Ендеше, мұндай жағдайды дұрыс­тау үшін түбегейлі өзгерістер қажет десек, қолданысқа енді енген мемлекеттік бағ­дар­ламаның үш басты бағытында нақты көр­сетілген. Оның біріншісі – барлық дең­гей­дегі педагог­тар­дың біліктілігін арттыру­дағы кешенді шара. Әр мұғалім өз кә­сі­бі­не сай болуы қажет. Ол үшін жыл сайын 73 мыңнан астам педагог біліктілігін арттыру курста­ры­нан өтетін болады. Қайта даярлау ісіне Президенттің «Болашақ» бағдар­ла­ма­сы, қашықтықтан оқыту жүйесі, еліміздің ал­дыңғы қатарлы жоғары оқу орындары, т.б. мекемелер атсалысады. Екіншіден, педагогтардың еңбегін мем­­­лекеттік қолдау және ынталандыру ба­рын­ша күшейтіледі. Біліктілік және түп­кі нә­тижеге сәйкес сараланған ең­бек­ақы тө­леудің мүлдем жаңа моделі қол­данысқа енгізілетін болады. Нәтижесінде 2015 жылға қарай педагогтардың орташа еңбекақысы жеке сектор жалақысының дең­гейіне жеткізіледі. Бұл мәселені шешу педагогтардың қоғамдағы беделінің шұғыл көтерілуіне басты негіз болады және бұл мамандыққа ең талантты жастар бет бұра бастайды. Үшіншіден, материалдық ынталан­ды­­ру­ға қосымша Мемлекеттік бағ­дар­ламада пе­дагогтардың қоғамдық беделін көтеру үшін имиджді жұмыстар жүр­гізу қарас­ты­рылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында біздің үздік педагогтардың тәжірибесі мен жетістіктері, мұғалімдердің міндеті, абы­рой беделі туралы белсенді жұмыстар жүр­гізуді қолға алатын боламыз. Үздік мұғалім конкурстары, мастер-кластар, семинарлар мен симпозиумдар, дөң­ге­лек үстелдер, т.б. іс-шаралар өткізіледі. Ықылым заманнан бері халқымызда біздің жерімізде мұғалім үлкен сый-құр­метке ие болған. Біз сондай құрметті қайта қалыптастыруымыз қажет. – Көптеген қазақстандықтарды бала­бақ­­шалармен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі тәрбие мәселесі толғандырып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз. – Иә, бұл – өте үлкен әлеуметтік маңызы бар, Елбасы назарында тұрған мәселе. 90-­ жылдары экономикадағы түбірлі қайта құ­руларға байланысты мектепке дейінгі меке­мелердің 80 пайызы жабылды. Өткенді айтып өкіне бергеннен пайда жоқ. Алға қарап ұмтылсақ, мақсатқа жетеріміз анық. Соңғы кездері бұл Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында қарқынды түрде жақсарып келеді. Соңғы бес жыл ішінде 4 мыңнан астам балабақша мен шағын ор­талық ашылып, оған балалардың қам­ты­луы 20 пайыздан 41 пайызға дейін өсті. Енді жаңа Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес екі басты мәселе қатар шешімін табады. Оның біріншісі – мектепке дейінгі ұй­ым­дар санының өсуі. Бұл бағыт нақты, әрі ай­қын қойылып отыр. 2020 жылға қарай бар­лық мұқтаждық 100 пайыз шешіледі. Осы сала бойынша да жаңа мүмкіндіктер іске қосылмақшы. Соның бірі, балабақшалар же­лісіндегі ынталандыру ісіне терең мән беру қажеттігі. Енді мемлекеттік те, мемлекеттік емес те балабақшалар ел қазы­на­сынан әр балаға жылына 170 мың теңгеден астам қаржы алатын болады. Бұл қолдау мектепке дейінгі ұйымдар санының белсенді өсуіне алып келеді. Екінші мәселе – тәрбие жұмысын әлемдік деңгейге сай келетін жаңа мазмұнда жүргізуді орнықтыру. Бұл үшін барлық бағдарламалар мен әдістемелер, қажетті мамандарды даярлау мәселелері толығымен қайта қаралатын болады. – Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму ел өмірінің дағдарыстан кейінгі кезеңіндегі басты мазмұны екендігіне тоқ­тал­ған Елбасы орта буын ма­мандарды да­йындаудың маңызды­лы­ғын атап өткен бо­латын. Бұл орайда Мем­лекеттік бағдар­ла­мада нақты­лан­ған басты бағыттар қандай? – Біріншіден айтарым, мұндағы ерекше рөл техникалық және кәсіптік білімге (ТжКБ) тиесілі. 2010 жылғы маусымда Ше­тел инвесторларымен өткен кеңестің 23-отырысында Елбасы осы маман­дық­тар­ды сапалы дайындау қазіргі уақыттың талабы ғана емес, Қазақстанның бәсекеге қа­білетті және жалпы еңбек ресурстары сапасының маңызды құрамдас бөлігі бо­латынына баса назар аударды. Бұл сала бойынша әзірше бізде мынандай бар, мынандай бар деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте тәрізді. Мысалы, Еуропа елдерінде техникалық және кәсіптік білімге жас­тардың 55-60%-ы тартылса, Қазақ­стан­да 33%-ға жетпейді. Халықаралық стандарттар кемшін. Колледждер мен кәсіптік мектептер тәжірибелік дәрістер беруге ла­йықты базамен толық қамтамасыз етілмеген. Мұндай жағдайда бәсекеге қа­бі­лет­тілік туралы айтуға әлі ерте деп білемін. Сондықтан, осы білім беру жүйесін тө­мендегідей үш негізгі бағыт бойынша түп тамырымен жаңғырту қажеттігі туындап отыр. Ол – бағдарламалардың дайын­да­лу­ын жетілдіру және халықаралық стандарт­тар­ға сай мамандарды тәуелсіз серти­фи­кат­тауды енгізу, теория мен практиканы ұштастырып, жоғары деңгейдегі кәсіптік базамен қамтамасыз ету, уақыт талабын толық көлемде іске асыра алатын білім беру ұйымдарын құру арқылы институ­ттық дамыту, т.б. Мемлекеттік бағдар­ла­мада аталған бағыттағы іс-шаралардың толық кешені қарастырылған. ТжКБ-ны, оның әдіснамалық базасын және кадр даярлауды жүйелі жетілдіру міндеті қо­йыл­ды. Осы процестегі негізгі буын жұ­мыс берушілермен барлық кезеңдерде ба­рынша тығыз өзара әрекет жасау болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаның мін­деттеріне сәйкес оқушылардың кә­сіп­тік білімдегі үлесі 60%-дан артуы қажет. Мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім ұйымдары заманауи жабдықтармен және технологиялармен 70%-дан аса жа­рақталатын болады. Бұл халықаралық талап негізінде қаржыландыру, басқару, тә­жірибе алмасу, өзге де қажеттіліктер жұ­мыс берушілердің қатысуымен жүзеге асады. Бұл Қазақстан үшін мүлдем жаңа міндет. Осыны еш кідіріссіз орындайтын болсақ, біз сұраныс берушілерді орта буын кадрлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы мақсатта министрлік техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың жә­не біліктілікті арттырудың респуб­ли­калық ғылыми-әдістемелік орталығының жұмы­сын жоғары талап деңгейіне көтеретін бо­ламыз. Кәсіпкерлермен, олардың бірлестіктері – «Атамекен» одағымен, Жұмыс бе­ру­шілердің конфедерациясымен, тағы бас­қа құрылымдармен тізе қосып жұмыс істейміз. Дүниежүзілік банктің қаты­суы­мен «Техникалық және кәсіптік білімді жетілдіру» халықаралық жобасы бойынша ау­қымды жұмыс басталады. Өңіраралық кәсіптік орталықтар құрылады. – Орта білім бойынша алда тұрған негізгі мәселе 12 жылдық оқытуға көшу екені белгілі. Бұл жұмыс туралы да оқыр­мандарды хабардар ете кетсеңіз. – Біз неге 12 жылдық білім беруге көшеміз деген сұрақ талайдың көкейінде жүр. Ол маңызды үш міндетті алға тар­тады. Біріншіден, әлемдік стандарттарды қамтамасыз ету. Дамыған елдерде 12, тіпті 13 жылдық мектептер де бар. Екіншіден, әлемдік тәжірибеге сәйкес бейіндік мектепті енгізу қажет. Бұл – оқытудың соңғы екі жылында жүзеге асырылады. Негізгі міндет дамыған елдердегідей білім са­пасына қоса, оқушыларға дер кезінде бағ­дар беріп, болашақ өміріне жол сілтеу. Қазірше бұл жағынан олқылығымыз бар­шылық. Сол себептен де нақты талдаулар жасалу үстінде. Мемлекеттік бағдарламада көр­сетілген екі бағыт бойынша енді бейіндік мектептер құруды (11-12 сы­нып­тар) жоспарлап отырмыз. Олар қо­ғам­дық-гума­нитарлық және жаратылыстану-матема­тикалық бағытта жұмыс істейді. Үшінші мін­дет – 12 жылдық білім беруге көшу оқы­ту тұжырымдамасын түбегейлі өз­гертеді, яғни «білімді тек жинап қана қоймай, өмірде қажетіне жарату». Әрине, бұл үшін білім стандарттарын, оқыту мазмұнын, бағ­­дарламаларын, оқу мате­риал­дарын то­лығымен қайта қарау керек. Бұл үздік педагогтармен және білім беру ұйым­да­рының басшыларымен тығыз өза­ра қарым-қатынаста жүзеге асыры­ла­ты­нын еске сала кетсем деймін. Жалпы, 2015-2020 жылдар аралығында барлық орта білім 12 жылдық оқу моделіне көшеді. Орта білім берудің қазақстандық жүйесін жетілдіру үшін Назарбаев ин­теллектуалды мектептері көбейе беретін болады. Мемлекеттік бағдар­ла­ма­дағы мін­деттерге сәйкес олардың саны 6-дан 20-ға дейін өсіп қана қоймай, ол білім ұясы арқылы алдыңғы қатарлы әлем­дік тә­жірибе меңгеріліп, жаңа әдіс­намалар әзірлеу мен жинақталған білімді басқа да білім беру ұйымдарына тарату дәстүрі қалыптастырылады. ЖОО-ға академиялық еркіндік беріледі – Енді әңгіме желісін жоғары білімге бұрар болсақ, бұл саланы қандай реформалар күтіп тұр? – Біз болсын-болмасын реформа деген сөзді айта беруге әбден үйреніп ал­дық. Реформа ұғымы ауқымды. Осыны ойымызға берік ұстағанымыз жөн. Отан­дық жоғары оқу орындарына реформа емес, алға қойған міндеттерді сапалы жүзеге асыру жұмыстары жүретінін атап өткім келеді. Мемлекеттік бағдар­ла­ма­да­ғы маңызды өзгеріс жоғары мектеп үшін білім беру үдерісінің ғылыммен нақты кірігуі болып табылады. Басты кедергі келтіретін фактілердің бірі – бізге КСРО-дан мұра болып келе жатқан білім мен ғылымды бөліп қарау мәселесі. Осы­ның салдарынан ғылымда кадрлардың «қартаю» проблемасы туындап, күні бү­гінге дейін шешімін таппай келеді. Жо­ғары мектепте ғылымға бейімдеу сапасы төмендеді, студенттер алған білімдерін ғылыми практикада пайдалана алмайтын болды, нәтижесінде олардың шығар­ма­шы­лық ойлау өресі қалыптаспай қалуда. Оқытуды, ғылым мен инновацияны біріктіру мақсатында құрылған Назарбаев университеті аталған проблеманы шешу үшін жасалған басты қадам, ендігі жерде ғылымның жоғары мектептен оқшау­ла­нуына жол берілмейтін болады. Білім жә­не ғылым жүйесінде тағы да маңызды қа­дамдар жасалады. Қазіргі кезде Парламент Мәжілісінде қолдауға ие болған «Ғылым туралы» заң жобасына зерттеу университеті деген ұғым енгізілді. Ол ғылым мен оқу процесінің бірігуін нақты жолға қояды. Бұл әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне, Болон процесі принциптеріне Қазақстанның кірігуіне жаңа серпін береді. Халықаралық стандарттар бо­йынша тәуелсіз ұлттық инс­ти­ту­цио­нал­дық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі артады. Бұл өз кезегінде жоғары мектептегі оқыту мазмұнына да өз ық­палын тигізеді. Осыдан барып жоғары оқу орындарының жіктеуішіне тиісті өз­герістер енгізіледі. Ол алты саты бойынша іріктеледі: ұлт­тық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар мен институттар. Әрине, жоғары оқу орын­дарына қойылатын талаптар кү­шей­тіледі. Қазақстан мемлекеттік емес сек­тор­ға кең жол ашты. Алайда, оның ке­леңсіз тұстары болмай қоймады. Жо­ғары оқу орындарының саны күрт артып, білім сапасы төмендеді, халық арасында «сәнге айналған» заңгер, экономист ма­ман­дықтарымен шектелу үрдісі белең алды. 1992 жылы жоғары оқу орын­да­рының саны 60 болса, 2005 жылы 185-ке бір-ақ көтерілді. Сөйтіп, «саңырау­құ­лақ­ша» көбейген жоо-лар енді өздерінің практикалық тиімсіздігін көрсетті. Қа­был­данған шаралар нәтижесінде 148-ге дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Тексеріс көрсеткендей, біршама жоғары оқу орындары талапқа сәйкес келмейді. Сон­дықтан жекеменшік қана емес, сонымен қатар, мемлекеттік жоғары оқу орын­да­рына да қатаң талап қойылады. Оларды аккредиттеу жүйесі барынша күшей­ті­леді. 2012 жылдан бастап коммерциялық не үкіметтік емес тәуелсіз аккредиттеу агенттіктері жүргізетін болады. Олар ха­лықаралық стандарттар бойынша әре­кет етеді және уақыт өте келе сапаны қам­тамасыз ету агенттіктерінің еуро­па­лық тізіліміне енеді. Тағы бір маңызды жаңалық – жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру. Оның негізгі мағынасы – білім беру бағдарламаларында таңдау үрдісі ұл­ғай­ты­лады: бакалавриатта – 70%-ға, магистратурада – 80%-ға, докторантурада 90-95%-ға дейін. Қадап айтар нәрсе, елі­міз­дегі жоғары оқу орындарының дер­бес­тігі туралы мәселені алғаш рет кө­теріп отырмыз десем, бұл білім берудегі, ғылыми, қаржылық, ха­­­­­лықаралық және бас­қа да қызметте дербестікті жүзеге асы­ратын болады. Назарбаев университеті осы жолды таңдап отыр. Бұдан былай он­да пы­сықталған механизмдер бас­қа жоғары оқу орын­дарына да мыс­қал­дап ене бас­тайды. – Бақытжан Тұрсынұлы, жақында сіз Сенат отырысында болғанда бұ­рын­дары шет елдерге көшіп кеткен отандас 125 ғалымды Қазақстанға тар­ту туралы бастама көтердіңіз. Көп­тің көкейінде жүрген осы бір игілікті істі жүзеге асырудың жолы қалай болар екен? – Сұрақ орынды қойылып отыр. Өзгенің өрісін кеңейтіп жүрген ондаған ғалымдарға жағдай жасасақ, өз елін көр­кейтуге де үлестерін қосары сөзсіз. Ал бастаманың мәніне келсек, әлемдік дең­гейдегі олардың тәжірибесін ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруға, зерделеуге тарту. Дүниежүзілік ғылым жүйесіне бой­лаған, шет елдерде табысқа жеткен қазақстандықтардан басқа мұны кім жақсы істей алады? Олардың бас­қа­руымен қазақстандық ғалымдар халық­аралық стандарттарға сәй­­кес зерттеу жүргізер еді. Жұ­мыла алсақ, әлемдік дең­гейге шығамыз. Сон­дық­тан, біз олардың бір шо­ғы­рын Қазақстанға қыз­метке шақырсақ деп отырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Сүлеймен МӘМЕТ.