• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2011

Жауапты миссияның абыройлы мәресі

431 рет
көрсетілді

Мінеки, Қазақстанның Еуропа­да­ғы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымына төраға­лы­ғы өз мәресіне жетті. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұйымға бас­шы­лық ету тізгіні Литва Респуб­ликасына өтті. Әрине, өткен жыл бойы ұлттық жоба маңызына ие болған еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары, саясаткерлер мен сарапшылар көп айтты, сан пікір білдірді. Дегенмен, осынау абыройлы миссия толығымен аяқталған соң, біз оқиғалардың нақ ортасында қызмет атқарған, Венадағы Ұйым Тұрақты кеңесінің жұмысына жетекшілік еткен Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі елші Қайрат ӘБДІРАХМАНОВПЕН әңгімелесіп, негізгі қорытындылар бойынша пікірін білген едік. – Елші мырза, білуімізше, ЕҚЫҰ бүкіл Еуропамен бірге рождестволық және жаңа жылдық демалыста болуда. Дәл осындай тыныш маусым байсал­ды қо­рытындылар шығарудың ең ың­ғайлы сәті шығар? – Шынымен-ақ, Еуропаның мерей­той­лық көңіл-күйге малынып жатқан шы­рай­лы мезгілі дәл осы күндері аяқ­та­лып келеді. Бірақ, Қазақстан төраға­лы­ғы­ның Астана мен Венадағы қызметі желтоқ­сан­ның дәл 31-іне дейін үздіксіз жүргізілді. Қа­зақ­стан төрағалығымен өткен соңғы жос­пар­лы Тұрақты кеңес 16 желтоқсан күні (елі­міздің Тәуелсіздігі күнімен тұс­па-тұс) бо­лып, сол күнгі жұмыс мәжілісі аясында литва­лықтарға төрағалық тізгінін формальді түрде тап­сырдық. 20 жел­тоқсанда ЕҚЫҰ конференциялар қызметі ресми түрде дем­алыс­қа шыққанмен, төраға­лық­тың соңғы күндері бірнеше арнайы мәжі­ліс өткізуге тура келді. Оған себеп, Ұйым бюджетін уақтылы мақұл­дау, әрі ЕҚЫҰ-ның Бал­қан түбегінде, Шы­ғыс Еуропада, Оң­түс­тік Кавказда және Орталық Азияда ор­на­ласқан мис­сия­ларының мандаттарын 2011 жылға ұзар­ту бойынша кеңестер өткізіп, оларды консенсусқа келтіру және тиісті шешім қабылдау қажет болды. Осылайша, соңғы Тұрақты кеңес жел­тоқ­санның 23-інде, ал Кеңес жанындағы Дай­ындық комитеті айдың 31-і күні өтті. Ал төрағалық қорытындыларын айта­тын болсақ, өткен жыл оқиғаларға толы болғанын ең алдымен атап өткеніміз жөн. Әрине, олардың бастысы Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасымен өткен ЕҚЫҰ Саммитін айрықша атау қажет. Онда қабылданған Астана мерекелік Дек­ла­рациясы Ұйым дамуын сапалы жаңа кезеңге шығарып, яғни «баршаға ортақ, ынтымақтастық пен бөлінбес қауіпсіз­дікке негізделген қоғамдастық идеясын» толық мәнінде жүзеге асыруға жол ашты. ЕҚЫҰ-ның ағымдағы қызметі және төрағалық басымдықтарын жүзеге асыру мә­селелері жыл бойына Қазақстан Прези­дентінің басты назарында болғанын ай­рық­ша атап өткен жөн. Ұйым күн тәр­ті­бін­дегі өзекті мәселелерді шешудегі төр­аға Мемлекет басшысының тікелей ара­ласуы бұдан бұрын жиі байқалмайтын. Ал біз көргеніміздей, Қазақстан басшысы қызметі мен қолдауы айқын нәтижелерін берді, әрине, ең алдымен Саммитті шақыр­туға, оны табысты өткізуге орасан септігін тигізді. Саммит алдында үш өлшемдегі міндеттемелерді орындауға Шолу конфе­рен­ция­сы үш кезеңмен Варшава, Вена және Астанада өтті. Алматыда Сыртқы істер ми­нистр­лерінің бейресми кездесуі болды. Іс басындағы төраға Қанат Саудабаев және оның арнайы өкілдері ЕҚЫҰ-ның дала­лық миссиялары орналасқан барлық ай­мақ­тарға және ірі халықаралық ұйым­дар­дың штаб-пәтерлеріне сапарлар жасады. Жанжалдарды реттеу аясындағы шара­лар­ды айтатын болсақ, Приднестровье бой­ын­ша «5+2» пішінінің бейресми бес раун­ды, Грузия бойынша Женевадағы пікірта­ластардың алты мәжілісі болды, Таулы Қарабақ жанжалын реттеу үдерісі аясында бірқатар іс-шаралар мен сапарлар жасалды. Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша едәуір жұмыс атқарылды. Құжаттардың нақты статистикасын келтіретін болсақ, Қазақстан төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ-ның мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде маңызды қоры­тын­­ды құжат, яғни он бір жылда алғашқы рет Саммит декларациясы қабылданды; Сырт­қы істер министрлері деңгейінде 5 шешім, Тұрақты кеңестің 53 шешімі қабылданды. Мұның барлығы консенсус­ты қамтамасыз ету бойынша жұмыстың нәтижесі болып табылады. 2010 жылы біздің басқарумен Тұрақты кеңестің 56 мәжілісі, Дайындық комитеті­нің 60 мәжілісі, Басқару және қаржы жө­нін­дегі консультативтік комитеттің 39 мә­жілісі, Қауіпсіздік комитетінің 8 мәжілісі, Экономика-экологиялық комитеттің 16 мәжілісі және Гуманитарлық комитеттің 16 мәжілісі өткізілді. Еуропа қауіп­сіз­ді­гі­нің болашағы жөніндегі үнқатысу (немесе «Корфу үдерісі») аясында он бейресми мә­жіліс пен бірнеше көшпелі жиындар өтті. Осыған қоса үш өлшемдегі маңызды форумдар, конференциялар, семинарлар­ды атап өткен жөн. Олар Парламенттік Ассамблея отырыстары, Қауіпсіздік сала­сын­дағы мәселелерге шолу жасау жө­нін­дегі конференция, Экономикалық және эко­ло­гия­лық форум, Адам құқықтары өл­шемі сала­сындағы міндеттемелерді орын­дау жөніндегі кеңес, Толеранттылық пен кемсітпеушілік жөніндегі Жоғарғы дең­гей­дегі конференция, Терроризмнің ал­дын алу жө­ніндегі конференция, Копенгаген құжа­тына 20 жыл толуына байла­нысты конференция және т. б. шаралар. Төрағалық жылында Қазақстан Ұйым­ға мүше мемлекеттердің барлығын бірдей қамтитын көпжақты және екіжақты консультациялар кестесін толығымен жүзеге асырды. Бұл Ұйым күн тәртібіндегі кө­кей­кес­ті мәселелер төңірегіндегі әртүрлі ұста­нымдарды жақындастыруға, әрекет­тер үй­лесімділігі және жұмыс барысында қосар­лану­шылықтың алдын алуға кең мүм­кіндік берді. Қорыта келгенде, өткен төрағалық Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қар­са­ңыңдағы еліміз үшін едәуір саяси және дипломатиялық сынақ болды. Және біз бүкіл ел болып, бұл сынақтан абыроймен өт­тік деп санаймын. Жалпы, бүкіл жыл бойына әлем жұртшылығы алдында өзі­мізді нағыз «бірлігі жарасқан», ұйым­шыл, қонақжай, дәстүрлерге бай әрі прогресшіл халық ретінде көрсете білдік. – Астанадағы Саммит туралы көп­теген пікірлер айтылды. Дегенмен сіз, сарапшы әрі ЕҚЫҰ мәселелерімен тікелей әрі тығыз айналысатын маман ре­тінде Астана басқосуының Ұйым үшін нақты қандай маңызды әрі пай­далы қорытындылары болды деп санайсыз? – Біз Астанадағы Саммит аяқталған соң Венада жоғары деңгейдегі форумның нәтижелері туралы бірнеше дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Оған келіссөз­дерге тікелей қатынасқан дипломаттар мен халықаралық сарапшыларды, сондай-ақ ғылыми топтарды қатыстырған едік. ЕҚЫҰ-ның бұрын болған саммиттерін саралағанда, олардың Еуропа үшін қан­ша­лықты тарихи сипатқа ие болғаны тек жыл­дар өткен соң ғана сезілгені аңғары­ла­ды. Мысалы, 1975 жылғы Хельсинкидегі басқосу дәл сол кезде қоғамда айтарлық­тай саяси әсерге ие болмаған еді, бірақ жылдар өткен соң әлем жұрт­шылығы оның шынайы тарихи мәнін толығымен сезінді. Ал Ыстамбұлда 1999 жылы өткен саммит, онда қабылданған Еуропа қауіп­сіздігі хартиясы халық­ара­лық қоғамдық пікірде едәуір оптимизм ұялатқан еді. Алайда, одан кейінгі он­жыл­дық еуро­па­лық қауіпсіздік жүйесінің күрделі дағда­рыстық үдерістерін ай­ғақтады. Демек, он бір жылда алғаш рет қабыл­данған Саммит Декларациясы басталу нүктесі ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл құжатқа әртүрлі мемлекеттерді мазалай­тын өзекті проблемалардың тізімі енді. Астана Декларациясы – болашақ туралы ортақ көзқарасты, оған қол жеткізудің амал­дары туралы ойларды айқындайтын ықшамды әрі түсінікті құжат. Халық­ара­лық мамандардың айтуынша, Астана бас­қосуы мен оның құжаты жаңа саяси ыр­ғақтың күшті серпіні ретінде қабылдануы тиіс. Және бұл серпінді қалай болғанда да жоғалтпау қажет. Келіссөздерге қатынасқан саясаткерлер мен дипломаттардың мойындауынша, қа­был­данған Астана Декларациясы күтіл­ген деңгейінен асып түсті, себебі, мұндай салмақты консенсусты құжаттарды дай­ын­дап мақұлдау анағұрлым көп уақытты талап етеді. Мысалы, Хельсинки және Ыс­тамбұл саммиттеріне белсенді дайын­дық пен келіссөздер үшін үш жылдай уақыт жұмсалды. Астанадағы Саммит ту­ралы ортақ ресми шешім биылғы жыл­дың та­мыз айында қабылданып, оның қоры­тын­ды құжатын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс үш ай ғана жүргізілді. Астана Саммиті құжатын келістіруде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке араласуының шешуші рөл атқарғаны бар­шаға мәлім. Әсіресе, Саммиттің екінші кү­нінде дипломатиялық тығырық пайда бо­лып, құжаттың мүлдем қабылданбау қаупі туындағаны жасырын емес. Сол кезде Қазақстан Президенті халықаралық дең­гейде көшбасшылық танытып, өз әріп­тес­терімен құжат жобасы бойынша тікелей жұмыс істеген еді. Жалпы, ЕҚЫҰ Сам­ми­тінің Декларациясы Елбасымыз­дың беде­лі­нің көрінісі деп білу қажет. Басқосу бойынша халықаралық сая­сат­керлердің негізгі түйіні: Астанадағы Сам­миттің басты құндылығы – оның қауіп­сіздіктің ең өзекті мәселелері бой­ынша үнқатысуды жаңғыртуында. Мен осыған «Астана рухы» негізіндегі жаңа «үнқатысу мәдениетінің» пайда болуын қосар едім. – Дегенмен, ЕҚЫҰ-ның бұл құжа­ты­ның ерекшелігі неде? Бұрын қабыл­дан­ған декларациялардан айырмашы­лығы қандай? – Астана Декларациясы әртүрлі ойын­шылар мүдделерінің нәзік балансын ай­ғақ­тайтын және салмақты саяси жүкте­ме­ге ие құжат болып табылады. ЕҚЫҰ та­рихында тұңғыш рет «Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдас­тығы» термині мен ұғымы бекітілді. Құ­жатта айтылғандай, бұл қоғамдастық келісілген қағидаттарға, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделіп, еркін, демократиялық, ортақ және бөлінбес болуы тиіс. Декларация Ұйымның үш өлшемін­дегі барлық міндеттемелерді қуаттайды. Әсі­ре­се, қатысушы мемлекеттердің міндеттемелерді толығымен іске асырудағы өз аза­маттары мен бір-бірінің алдында жауапты екені айтылады. Бәрін қамтитын қауіпсіз­діктің негізгі қағидаттары айқын­далды және қуатталды. Адами өлшемдегі міндеттемелердің бір­қатары мемлекет және үкімет басшы­лары деңгейінде алғашқы рет қуатталды. Мысалы, азаматтық қоғам мен тәуелсіз бұ­қаралық ақпарат құралдарын демокра­тия­ландырудағы маңызды рөлінің мойын­далуын атап өтуге болады. Экономикалық-экологиялық саладағы мін­деттемелер қуатталып, энергетикалық қауіп­сіздік жөніндегі үнқатысуды нығай­ту­дың маңыздылығы мойындалды. Ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу қағидалары мен бұл саладағы белсенділікті арттыру міндеті көрсетілді. Сенім мен қауіпсіздік шаралары және қаруға бақылау тетіктерін жаңарту қажет­тілігі айтылды. Осы орайда 1999 жылы қабылданған Вена құжатын және кәдімгі қаруларға бақылау бойынша келіс­сөз­дерді жаңғыртуға үндеу жасалды. Трансұлттық қауіп-қатерлер және олар­ға бірлесіп төтеп беру қажеттілігі бө­лек па­раграфқа шығарылды. Тұңғыш рет терроризм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз кө­ші-қон, жаппай қырып-жоятын қару­лар­дың таралуы, киберқауіп, жеңіл, атыс қару-жарақтары мен есірткінің заңсыз та­сымалдануы және адам саудасы сияқты қатерлердің өзара байланысы көрсетілді. ЕҚЫҰ-ның әріптес елдермен ынты­мақтастығын күшейту міндеттемесі қа­был­данды. Мемлекет және үкімет бас­шы­лары «тұрақты, тәуелсіз, өркендеуші және демократиялық Ауғанстанды құруға жәр­дем­десу жөніндегі халықаралық қо­ғам­­дас­тық­тың ұжымдық күш-жігеріне тиімді үлес қосу» қажеттігін айрықша атап көр­сетті. Құжатта айтылғандай, ЕҚЫҰ-ның тиімділігі мен ықпалдылығын арттыру жұ­мысы жалғастырылатын болады. – Төрағалық аяқталғанмен, Қазақ­стан 2011 жылы ЕҚЫҰ Үштігінде жұ­мы­­сын жалғастырады. ЕҚЫҰ-ға қа­тыс­­ты алдағы жоспарларымыз қандай? – Биылғы жылы біз төрағалық Үштігі құрамында қызмет атқарамыз. Осы жыл­дың Үштігіне бізден басқа жаңадан төрағалыққа кіріскен Литва және келесі жылы төрағалық ететін Ирландия кіреді. Үштік – іс-қимылдар мен ортамерзімдік жоспарлауды үйлестірудің маңызды құралы. Ол Ұйым қызметіндегі сабақтас­тықты қам­тамасыз ететін және Іс басын­дағы төрағаға кеңес беретін орган болып табылады. Үштіктің министрлер деңгейіндегі кездесулері мен консультацияларынан басқа, апта сайын Венадағы елшілер деңгейінде кеңестер өткізіледі. Оларға Ұйым Бас хат­шысы да қатысады. Үштік ЕҚЫҰ-ның да­ла­лық миссиялары басшы­ларының жалпы және аймақтық кездесулеріне қатысады. ЕҚЫҰ Үштігі Еуро­палық Одақпен министрлер және елшілер деңгейінде ұдайы кездесулер жүргізеді, ЕҚЫҰ – Еуропа кеңесі Үйлестіру тобы­ның мәжілістеріне қатыса­ды. Сыртқы істер министрлері кеңесінің жыл сайынғы мәжілістері қарсаңыңда Үш­тіктің азия­лық және жерортатеңізіндік әріптес­термен кездесулері өткізіледі. Биылғы жылы Қазақстан Үштік мү­ше­сі ретінде ЕҚЫҰ-ның азиялық әріптес­тері­мен ынтымақтастығы жөніндегі бай­ла­ныс тобында төрағалыққа кіріседі. Ынты­мақ­тастық жөніндегі азиялық бай­ланыс тобына ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекетпен қатар, Австралия, Ауған­стан, Жапония, Моңғолия, Корея Рес­публикасы және Тайланд кіреді. Астана Декларациясында «ЕҚЫҰ аума­ғындағы қауіпсіздік көрші өңірлер­дегі, әсіресе, Жерорта теңізі мен Азия өңірлеріндегі қауіпсіздікпен ажырағысыз байланыста» екені айрықша атап өтілді. Есіңізде болса, 2009 жылы Қазақстан Үш­тікке жаңадан енген мүше ретінде Жерор­татеңізіндік әріптестермен ынты­мақтас­тық жөніндегі байланыс тобында төрағалық атқарған болатын. 2011 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ аясын­дағы тағы бір маңызды әрі жауапты миссия атқаратын болады. Ол қыркүйек пен желтоқсан аралығындағы ЕҚЫҰ-ның Қауіп­сіздік саласындағы ынтымақтастық форумына (ҚЫФ) төрағалық ету қызметі. Форум Тұрақты кеңес, Министрлер кеңесі және Саммитпен қатар, ЕҚЫҰ-ның дербес ресми шешімдер шығаратын орга­ны болып табылады. Ол қатысушы мем­ле­кеттердің өкілдерінен құралып, апта сай­ын Венада негізінен әскери-саяси мәселе­лер, әсіресе, сенім мен қауіпсіздік шарала­ры бойынша келіссөздер мен консультациялар үшін мәжілістер өткізеді. Айта кететін жәйт, ҚЫФ-қа төрағалық ЕҚЫҰ Үштігіне мүшелікке тікелей бай­ла­нысты емес. Қалыптасқан дәстүр бой­ын­­ша бұл форумдағы төрағалық қатысу­шы мемлекеттердің француз әліпбиіне сәйкес рет-ретімен жүзеге асырылады. ҚЫФ төрағалығы төрт ай жүргізіледі. Осылай­ша 2011 жылы форумға үш мемлекет төрағалық ететін болады, олар Исландия (қаңтар-сәуір), Италия (мамыр-тамыз) және Қазақстан (қыркүйек-желтоқсан). Қазақстанның оннан астам өкілі ЕҚЫҰ-ның әртүрлі атқарушы құры­лым­дарында өз қызметтерін жалғастыруда. Ал литва­лық төрағалық еліміздің Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметовті Іс басындағы төрағаның Мұсыл­мандарға қатысты төзімсіздікке және кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Жеке өкілі етіп қайтадан тағайындағанын айрықша атап өткен жөн. – Ал Литва төрағалығының басым­дық­тары белгілі болды ма? Астана Сам­миті нәтижелерін одан әрі жыл­жыту жөнінде нақты жоспарлары қандай екен? – Саммиттің қорытынды құжаты келешек төрағалықтарға Астана уағдалас­тық­тарын іске асыру бойынша нақты тап­сырмалар жүктейді. Осыған орай Литва Қазақстан төрағалығы кезінде басталған үдерістерді одан әрі жалғастыруға әзір екенін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Іс басындағы жаңа төраға – Литва Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис өз елінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының нақты басымдықтарын 13 қаңтар күні Ве­надағы Тұрақты кеңес мәжілісінде ресми түрде жариялайтын болады. Төрағалық бағдарла­ма­сының мазмұны сонда белгілі болады. – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ.