• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2016

Ұлттық нақышы мол ұлық мереке

445 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласында биыл ұлтымыздың ұлық мерекесі Наурызды тойлау өзіндік өрнекпен бас­талды деуге болады. Осы жы­лы ақтөбеліктер күн мен түн теңесетін 22 нау­рызға дейін әр күнді нақты атаумен өткізуде. Мысалы, 14 нау­рыз «Көрісу» күнімен басталып, «Жайнау», «Тағзым», «Шеберлік», «Шаттық», «Береке», «Үй­лесім» атауымен 21-22 наурыздағы «Ұлы іс» күніне жалғасады. Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша еліміздің батыс өңірінде 14 нау­рызда көрісу бас­талды. Осы дәстүрге орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың дамуына зор үлес қосқан танымал ақсақалдарды құттықтады. Еңбек ардагері Сматулла Бер­кімбаев көрісу мерекесінде адамдар таңертеңнен ең әдемі киімдерін киіп, көрші-кө­лемді жағалап, мүмкін болса, жақын маңдағы ауыл-аймақтарды аралап, амандығын білетін болғанын, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, 88 жастағы Ниетжан Беріков көрісудің өс­келең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Өз кезегінде өңір басшысы ақ­сақалдарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт ті­леп, әкімдік атынан естелік сыйлықтар тапсырды. Ақтөбеде және оған қарасты ауылдық округтерде көптеген іс-шаралар, халықтық серуендер өтеді, 60 киіз үй тігіліп, ал­тыбақандар орнатылады. 21 наурызда халықтық серуендер Қобыланды батыр атындағы орталық стадион, «Мега Ақтөбе» СОК алаңдарында, Пушкин атындағы және «Ретро» саябағында өтеді. Мереке қонақтары бес концерт алаңдарында бола алады. Бұл жерлерде ұлттық нақышы бар сәнді киіз үйлер орнатылып, мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, конкурстар, ойындар өткізіледі. Барлық халық серуендейтін жерлерде ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тауып, мерекелік бағ­дарламалар, концерттер, конкурстар, ойындар, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ең үздік киіз үйге конкурстар, әжелер, қалыңдықтар ара­сындағы, ең ұзын бұрымды қыздар арасындағы және басқа да конкурстар өткізілмек. Наурыз мерекесі күні ақтө­беліктер мен қала қонақтарына дәм татқызу үшін кафелер мен мейрам­ханалар 7 тонна бауырсақ пен 5 мың литр наурыз көже дайындап, ұсынғалы отыр. Наурыз мерекесіне арналған қызықты да сәнді жарықтық безендірулер, шағын сәулеттік пішіндер жасалды. Шаһарда әр атаулы күн аясында өткізілетін көпшілік мәдени-мерекелік шара­лар жалғасуда. Оларда ұлттық нақыштың бұрынғыдан да басымдау болуы алдын ала ойластырылған. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».  Ақтөбе облысы.