ҚОСТАНАЙ. 17 наурыз. Осыдан бір ай бұрын шамасында құрылған сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өңірлік филиалының жетекшісі Әлімжан Бекмағамбетов орталық мүшелерімен бірге журналистерге тағы да брифинг өткізді. Ол бір ай тәулігінде қоғамдық байқаушылардың дайындалғанын және олардың атқаратын қызметі жайлы әңгімеледі. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Брифингте Әлімжан Бауыржанұлы қоғамдық комиссияның сайлауға дайындық жұмыстары туралы айтты. Осы кезге дейін өңірлік орталық қоғамдық байқаушыларды дайындау үшін олармен бірнеше рет семинарлар өткізілген, 797 адамнан тұратын қоғамдық байқаушылар корпусы жасақталды.
Сайлауды байқауға көмек беру өңірлік орталығының жетекшісі Әлімжан Бекмағамбетов: «Қоғамдық байқаушылардың әрқайсысымен жеке келісім шарт жасалды, оларға 4000 теңге төленеді. Қоғамдық байқаушылар қатарына мұғалімдер мен дәрігерлер, бюджеттік емес ұйымдар өкілдері кірді. Қоғамдық байқаушы болғысы келген белгілі бір партияның мүшелерін қабылдамадық. Қысқасы сайлау күні қоғамдық байқаушылар корпусы өз міндетін атқаратын болады», – деді.
Әлімжан Бекмағамбетовтың айтуынша, сайлау күні қоғамдық байқаушылар алыс ауылдарда, елді мекендерде де жетеді. Ауруханалар мен арнайы мекемелерден басқа орындардың барлығынан да қоғамдық байқаушылар табылады.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.