Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысы Азиз Носировпен кездесті. Кездесуде ОСК басшысы миссия жетекшісін Мәжіліс депутаттары сайлауына дайындық барысымен таныстырды.
«Жалпы, мен Қазақстандағы сайлауға байланысты жарияланған бірқатар мақаламен танысып шыққан едім. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы белсенді жұмыс істеп, атқарылған істер жайындағы ақпараттарын үнемі жаңартып отыратындығын байқадым. Басылымдарда сайлауға қатысатын саяси партияларға теңдей жағдай жасалған», – деді А.Носиров БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сонымен қатар, ол ШЫҰ миссиясының өкілдері бүгін-ертең келетіндігін, содан кейін қай учаскелерде байқау жүргізетіндіктерін айқындайтынын атап өтті. «Ал 21 наурыз күні Шанхай ынтымақтастық ұйымы атынан мәлімдеме жасауға тырысатын боламыз. Бүгін біз ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдиновпен кездесу өткіздік. Кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министріне ШЫҰ жұмысына айрықша көңіл бөлгендігіне және сайлауға байқаушы ретінде шақырту жібергендігіне ризашылығымызды білдірдік», – деді А.Носиров.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».