• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2016

Халқының әрдайым жадында

351 рет
көрсетілді

Бүкіл саналы ғұмырын халқына арнаған, көл-көсір кемел шығармалар тудырған, кеңестік дәуірдің өзінде Орталық Комитетте, Мәдениет министрлігінде, Жазушылар одағында және т. б. мекемелердің басшылығында жүріп елдің мұң-мұқтажын жоқтаған, тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан парламентаризмін қалыптастыруға үлкен үлес қосып Елбасының сенімді серігі дәрежесіне көтерілген, Әбіш ағамыз дүниеден озғалы, міне, 100 күн де өте шықты.. Ұлы Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда, Қадыр ақын «үлкен екен ғой қашанда, кішкене елдің қайғысы» деп толғағандай, аяулы перзентін халқымыз күңірене жүріп, өзі қаз-қаз қадамына сүйі­ніп, қолтығынан демеген азат елінің жүрегі – Астана қаласы ма­ңындағы игі жақсылар мәңгілік байыз табар ұлттық пантеонда, жерлеу салтанатын айта қалар­лықтай етіп, жер бесікке бөледі. Ұлтқа баяғы бабаларымыздай бір­лікке, елдікке шақырып ақса­қал­дық сөз арнар, қатепті қара нардай тұлғалар қатары тағыда кеміді. Ол сонау қиянда жат­қан Маң­ғыстаудың Оңды аулында дүниеге келіп, Сарыарқаның тө­рінде еліне абыз атанып, артына ұлтты сүю мен, ұлтқа қызмет ету­дің ұрпаққа үлгі болар өнегесін аманаттап өмірден өтті. Небір дүлдүлдер, үзеңгілес жүр­ген мемлекет қайраткерлері, дуалы сөздерімен елін аузына қа­ратқан ел жақсылары жеріне жет­кізе жұбату сөздерін айтты. Айтылып, жазылып жатқандай Әбіш Кекілбайұлы екі тумайтын тұлға ғой. Осы ретте бұл қазаның Әбіш ағаның туып-өскен алтын бесігі – маңғыстаулықтарға да өте ауыр тигенін айтып кеткен артық болмас. Өзінің көптеген шы­ғармаларында бет-бедерін тамаша теңеулермен суреттеп, «көзің барда Маңғыстауды көріп қал» деп жырлаған Әбішімен Маң­ғыстау жұрты мақтанатын еді... Әбіш ағамыз 1956 жылы Маң­ғыстаудан мектеп бітіріп, содан 9 адамдық моторлы қайықпен Каспийді көктей өтіп Гурьевке келіп, осы жерден пойызға оты­рып, білім іздеп Алматыға әу­пірімдеп жеткенін жазғаны бар еді. Талай асылдарымыздың ізі қалған, алманың дәмін осында алғаш татқан Әбекең Алматыны ерекше сүйіп өтті. Осы шаһардан университет бітірді, ғұлама М.Әуе­зовтің дәрісін тыңдады, да­­рынын шыңдап, талай әлемге әй­гілі шы­ғармаларын тудырды, қырық жыл­дай ару кенттің саф ауасын сі­мірді, былайша айтқанда Алматы Әбекеңнің жаһандық кеңістікке самғауына тұғыр болған нағыз Жиделібайсын десе де болады. Ке­зінде бү­кіл Кеңес Одағының, шетел оқыр­мандарының назарына ілін­ген «Ханшадария хикаясы», «Дала балладалары», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау» атты және т.б. өшпес шығармалары мен кө­лемді роман-дилогиялары осы қа­лада дүниеге келді. Алматыда атақ пен абыройға бөленді. Осының бәрін ескере келіп, Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек бауырымыз, Әбіш ағаның қырқын саналы ғұмырының көп бөлігін өткізген аяулы шаһарда өткізді. Әбекең алдындағы інілік, пер­зенттік, мұсылмандық, ата-баба дәстүріне деген осынау шынайы ілтипат, тосыннан өмірден озған алыбымыздың мерейін арт­тырған, кемеңгер тұлғаға деген қастерлі құрмет деп қабылданды. Алақандарында Әбекең жүрегінің жылуы, маңдайларында ернінің ыстық табы қалған, алматылық зия­лы орта ардақтысын еске тү­сіріп, жиналған жұртшылық дән риза болды. Тәуелсіздігіміздің ақ таңы ат­қан елең-алаң шағынан, өмірінің соңғы күніне дейін Елбасымен бірге ұлтты ұйытып, жұртын ұлы істерге жұмылдырып, халқына қалтқысыз еңбек еткен асыл азаматымызды, ел есінде мәңгілік есте қалдыру шаралары да, ілгеріде, қолға алынатынына сенеміз. Ел ағаларының ұйғаруымен, елінің қалауымен Әбіш Кекілбай­ұлының кезекті жүз күндік еске алу, құран бағыштау рәсімі талбесігі тербелген өзінің атамекені – Маңғыстауда өткелі отыр. «Мың жыл бірге толғатса да мың қазақ, туылмайтын өтті өмір­ден бір қазақ» – деп, Әбекеңнің ақын інісі Сабыр Адай айтқандай, Әбіш ағаның қалдырған мол мұ­расы, айтқан асыл сөздері, ойшыл бейнесі халқының жадында мәңгі ұмытылмайды. Әбіш ағаға енді өз ұлтымен мәңгілік бірге болу бақыты бұйырғаны анық. «Өл­мейтұғын артында сөз қал­дырған», оның есімі қазақ сөзімен бірге ғасырларға көше береді. Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.