• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Бас басылымның бір биігі

252 рет
көрсетілді

*Құттықтаймыз!

«Жаңа өміріміздің – тәуел­сіздігіміздің тарихын өз бетінде жазуға «Егемен Қазақстан» ұлы қызмет атқарды. Тәуелсіздік жо­лындағы күрес Нұрсұлтандай ұлы қайраткерді қалай ысылдырып шығарса, «Егемен» оның батыл қадамдары мен ой-пікірлерін тартынбай, жалтақтамай халқына жеткізіп тұрды. Сөйтіп, тәуелсіздік пен тәуелсіздік идеясы осы газет­тің бетінде табысты. Әлі де солай! «Егемен» өз міндетін ерлікпен атқаруда» – өткен жылы «Ел газеті» атты мақаласында академик Серік Қирабаев осылай деген еді. Әдебиет абызының бұл баға­сында бас басылымды соңғы он алты жыл бойы басқарып келген  «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың шешуші үлесі бар деп айтудың артықтығы жоқ. «Егемен Қазақстанның» С.Абдрахманов басылым тізгінін ұстаған 2000 жылғы 38 мыңдық таралымнан 2016 жылғы 210 мыңдық таралымға жетуі, ең бастысы – ойы орнықты, сөзі салмақты, бағасы байыпты басылым ретінде түпкілікті танылуы,  шын мәнінде ел газетіне айналуы, газет басшысының өз сөзімен айтқанда, «күн сайын әріп түзеткен, түн сайын қаріп күзеткен» жанқиярлық еңбектің арқасы екенін біз жақсы білеміз. Солай ете жүре өзі де сан алуан тақырыптарға үзбей қалам сілтеп отырған С.Абдрахманов шығармашылық ұжымды бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшыл етіп ұстай білді, әр адамға қамқорлық жасай алды. Ел басшылығы алдындағы абыройының арқасында редак­цияға жеті қабаттық сәулетті жа­ңа ғимарат тұрғызудың кілтін табу, екі бірдей көп пәтерлі үй, екі бірдей жатақхана салдырып, сол арқылы акционерлік қоғам қызметкерлерін толықтай, 100 пайыз баспаналы етудің ретін келтіру сияқты ірі істері оның менеджерлік қасиетін де танытты. «Егемен Қазақ­станның» тоқсанжылдық торқалы тойында газет ұжымы мен басылым ардагерлерін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп құттықтауы бас басылымның ел өміріндегі өзгеше орнының ай­шықты айғағына айналды. Кеше Орталық сайлау комиссия­сында  Сауытбек Абдрахмановқа Парламент Мәжілісі депутатының куәлігі тапсырылып, халық қалау­лысының төсбелгісі тағылды. Біз бұл жайды қайраткер қалам­гердің кезекті табысы деп қана емес, бас басылымның бір биігі, «Егемен Қазақстанның» ел алдын­дағы беделінің айғағы деп те қараймыз. Тәуелсіздік жылдарында әуелде газет басқарып, одан кейін Парламент депутаттығына сайланған бұрынғы бас редакторларымыз – Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаев салған жолдың жарасымды жалғасы деп білеміз. Мұны мақтаныш тұтамыз. Газет тари­хында ізгі ізін қалдырған басшымызды жаңа абыройлы ата­ғымен құттықтай отырып, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлап, баршаның құрметіне бөленген азаматтың депутаттық қызметінің де жемісті болуын тілейміз. Егеменқазақстандықтар.