• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 19 жаңа театр өмірге келді

304 рет
көрсетілді

Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен басқосу барысында Мәдениет және спорт министрлігіндегі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Нұрболат Ахметжанов мәлімдеді. – Бүгінгі таңда елімізде 52 мем­лекеттік театр қызмет атқара­ды. Сонымен бірге, 10 жекемен­шік театрлар өз қызметін жүргізіп жатыр. Тәуелсіздік жылдар­ында елімізде 19 жаңа театр ашыл­ған. Әрине, бұл ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Және де, 6 театрға (Орал, Қарағанды, Астана, Қостанай, Өскемен, Шымкент) жаңа ғимарат салынды. Қазіргі уақытта біздің театрлардың басты мақсаттарының бірі – бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы спектакльдерді шығару болып табылады. Сондай-ақ, театрлардың репертуарларын толықтыру үшін Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп отырады. Сол конкурс номинацияларының бірі театр өнеріне арналған. Әр жылдағы жеңіп шыққан шығармалар біздің театрларда қойылып келеді. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі республикалық бюджет қаржысынан театр мамандарын алыс-жақын шетел театрларында тағылымдамадан өтуге жіберіп тұрады. Бұл да мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау екенін ескерген дұрыс, – деді Нұрболат Ахметжанов. Жиынға қатысқан Қазақ­стан­ның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атын­дағы мемлекеттік акаде­миялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетек­шісі Талғат Теменов бүгінгі жас дра­матургтерге көңілі толмайтынын жеткізді. – Өкінішке қарай, бүгінде 30 жасқа дейін дүрілдеп шық­қан жас драматургтер жоқтың қасы. Себебі, пьесаға төленетін қала­мақы басқа салаларға қарағанда, әлдеқайда аз. Мысалы, Кеңес кезінде әрбір пьесаның қала­мақысы бір көліктің құны болатын. Бүгінгі жас жігіт айлап отырып пьеса жазып, тиын-тебен алғаннан гөрі, бір клипке үш бет сценарий жазып, 10 мың долларға дейін табыс тапқанды жөн көреді, – дейді Т.Теменов. «Әрине, Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясында, Ас­та­надағы өнер универ­си­тетінде дра­матургтерді даяр­­лайды. Оларға мүйізі қарағайдай драма­тургтер сабақ береді. Бірақ, өкінішке қарай, сол драма­тургтердің сах­наға пьеса әкеліп, қойып жатқан­дары саусақ­пен санар­лық. Біз, әрине, жас таланттар, жас дра­ма­тургтер, жас режис­серлер­дің келгенін қалай­мыз. Олар­дың көпшілігі, ең алдымен, теле­визияға кетеді. Сіз­дердің орта­ларыңызда талай жақ­сы драматургтер жүр», – деп журналистер қауымына қарата, ащы болса да ақиқатты жеткізді белгілі режиссер. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».