• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Тұтынушылар құқығын қорғау – көкейкесті мәселе

237 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Онда күн тәртібіндегі тоғыз және сенатор Т.Абайділдиннің ұсынысымен тағы бір мәселе қосылып, барлығы  он мәселе қаралды. Жалпы отырысты Қасым-Жомарт Тоқаев қысқаша кіріспе сөзбен ашты. Сайлаушылардың жоғары азаматтық белсенділігімен өткен Мәжіліс депутаттарының сайлауында «Нұр Отан» партиясы халықтың басым көпшілігінің сеніміне ие болды. Бұл халқы­мыз­дың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген шексіз сенімі мен жүргізіп отырған реформаларына көрсетілген қолдау екені сөзсіз. Сайлау көпұлтты Қазақстан халқының татулығын, кемелділігін бүкіл әлемге паш етті. Енді Сенат депутаттары Мәжілістегі жаңадан сайланған әріптестерімен тізе қосып, Елбасының стратегиясын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыс істейді деп сенемін, деді Төраға. Одан әрі Қ.Тоқаев бүгінгі отырыс бесінші шақырылған  Пар­ла­менттің бесінші сессиясының қорытынды отырысы екенін айтты. Парламенттің бесінші шақы­ры­лымының депутаттары Прези­денттің стратегиялық реформаларын заңнамалық жағынан қажетті деңгейде қамтамасыз етуге өздерінің лайықты үлестерін қосты. Осы уақыт ішінде 500-ден астам заң қабылданды. Шақырылымның өне бойында еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде айрықша орын алатын оқиғалар болды. Елбасының тікелей бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастады, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Әлемдік экономикаға ықпалдасу жағдайында ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға қажетті құқықтық актілерді қабылдау Парламенттің күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналды. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруға қажетті заңдар қысқа мерзім ішінде талқыланып, дер кезінде қабылданды, дей келіп, Төраға Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Сенат дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыруға қажетті 57 заң жобасы бойынша тиянақты жұмыс жүргізгенін жеткізді. Сонымен қатар, заң жобаларымен тиянақты жұмыс істеген сенаторлар мен аппарат қызметкерлеріне алғысын айтып, Елбасы да Парламенттің қызметіне жоғары баға бергенін еске салып өтті. Сөзінің қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мемлекет дамуының маңызды кезеңіне айқын мақсатты сеніммен қадам бастық. Елбасының елімізді кешенді түрде жаңғыртуға бағытталған реформаларын одан әрі табысты іске асыруға белсенді түрде қатысуымыз қажет», – деді. Осыдан кейін Парламенттің бесінші шақырылымындағы бесінші сессиясының соңғы жалпы отырысы өз жұмысын бастады. Күн тәртібіне енгізілген мәселелердің арасында кей­бір заңнамалық актілерге тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырған заң жобасы бірінші оқылымда қарастырылды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың пәрменді тетіктерінің қатарында тауарларды қайтаруға және ауыстыруға қойылатын талаптар жетілдірілгенін айтты. Атап айтқанда, деді ол, тұтынушының тауардың кемшілігіне қатысты талаптарды қою мерзімдері белгіленді. Жұмыс атқару мен қызметтер көрсету жағдайлары нақтыланды. Сонымен қатар, орындаушының қасақана жасырған кемшіліктері анықталған жағдайда талаптар қою мерзімдері ұлғайтылды. Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Экономикалық сая­сат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Т.Абайділдин жасады. Заң жобасы шағын талқылаудан кейін бірінші оқылымда қабылданды. Алайда, Т.Абайділдин оны екінші оқылымға шығару туралы ұсыныс жасап, сенаторлар оны қолдаған соң заң жобасы екінші оқылымда да қабылданды. Сөйтіп, тұтынушылар құқын қорғауды жетілдіруге тиісті құжат Президенттің қол қоюына ұсынылды. Бұдан басқа, бесінші сайланым­ның соңғы отырысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ)  мүше мемлекеттердің темір жолдарын техникалық бүрке­ме­леудің бірыңғай жүйесін құру ту­ралы келісімнің қолданыс мерзі­мін ұзарту және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ, әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімді, сондай-ақ, Қазақстан мен Австрия арасында халықаралық жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары қаралып, қабылданды. Ал кейбір заңнамалық актілерге пошта, «жасыл экономикаға» көшу, астық нарығын реттеу, экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі төрт заң жобасы екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Сонымен қатар, Парламент Сенатының Регламентіне палата қызметін ұйымдастыруға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бесінші сессия өз жұмысын аяқтады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».