• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Атбегілік өнер өрнектері

900 рет
көрсетілді

Жұтынған жүйрік мініп, жұл­қын­ған қыранды қолға қондырған бабалар үлгісін жандандыру жолында осы күндері ұмтылыс та, талпыныс та бар. Қазақ дәстүрін жаңғыртуды ниет еткен белді де белгілі азаматтар біраз игілікті істің басын қайырып келеді. Дегенмен, кейде сөзде болғанмен істе іркіліп, бітпейтін түрлі сылтауларды көлденеңдетіп ертеңгі күннің еншісіне ысырып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Қалай десек те ұлтқа қажет құндылықты көмбеге таяп қалған көне көздер барда жаңғыртып, уақыт талабына қарай жаңартып бітірмесек, жаһандану заманында өркениет өрісі бізде емес, өзгелерде деген кейбір жастардың оны қажетсіне қоюы екіталай. Осындай күмәнді сұрақ кейде кеңірдекке кептелетіні де рас. Осы ұлт жәдігерлерінің түптің-түбінде қажет болатынын анау кеңес дәуірінде күн кешкен, бірақ уақыттан оза туып, дәуірдің бүгінін емес, келешегіне көз тіккен саңлақ академик Әлкей Марғұлан тарихтың терең қатпарын тас пен тауды кезе жүріп, халық ше­жіресі іспеттес фольклорымызды талдай отырып, арасында саятшылығымызды да түгендеген екен. Соның бір дәлеліндей, 2014 жылы Отанымыздың Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бастамасымен шыққан «Саят құс­тары»деген келісті кітабы қолға тиді. Сол жауһар дүниенің алғы сөзін профессор Тұрсын Жұртбай жазып, жауапты редакторлықты Бекен Қайратұлы атқарғаны бар. Енді міне, әдемі безендірілген, «Желіде құлын жусаса, Кермеде тұлпар бусанса... Ор қояндай қа­бақты, Қиған қамыс құлақты, Сарымсақтай азулы, Саптыаяқтай ерінді, Қидасын кәрі жілікті, Омырауы есіктей, Ойынды еті бесіктей, Табаны жалпақ тарланды, Таңбалап мінер ме екен­біз», деп Ақтамберді жырау жыр­лағандай, қазақтың атбегілігі туралы әдістемелік оқулық кітабы да жарық көріп отыр. Авторы – Бекен Қайратұлы. Алғы сөзін белгілі азамат Қай­рат Сатыбалдыұлы жазып, жинақтың құрылымына тоқталып, соңында: «Бұл кітаптың басты ерекшелігі – ғылыми-теориялық жалаң баяндау емес, тәжірибелі оқу құралы ретінде жазылуында. Атбегілік өнермен айналысуға ниет еткен азаматтар үшін пайдалы боларына сенімдіміз», деп түйін жасайды. Ұлттың тек тамырын, дәстүр-салтын бір кісідей білетін, сөз төркінін алыстан ұға­тын Бекен Қайратұлы кітаптың алғашқы бөлімінде жылқының сыртқы келбеті, ішкі ағзаларын, жүріс-тұрысын баян етсе, екінші бөлімінде жылқы мүшелеріне жеке-жеке тоқталады. Жүйрікті тану тәсілдері, бұл жолдағы қазақ сыншыларының көрегендігі тайға таңба басқандай көрсетіледі. Арғы-бергі дәуірлердегі қазақ сыншыларын түгендеп, Толыбай мен Күреңбайды, Абайды, өзге де көңілі сараларды тілге тиек етіп, олардың асыл қасиеттерін кейінгіге үлгі етеді. Қазақ сыншыларының көрегендігіне көзіңді жеткізеді. Ал үшінші бөлім, жүйрік пен жорғаны баптауға арналса, төр­тінші бөлім жылқының түсі мен ен-таңбасына, жабдықтарына, жайылымына, жасын анықтауға, қазақ жеріндегі жылқы түрлеріне, жылқы өнімдеріне тереңдеп ба­рып, жүйелі сөз қозғайды. Соңғы бөлімде жылқы аурулары, жыл­қыға қатысты бұрын белгісіз болып келген тың сөздер, жаңа терминдер, өзге де тақырыптар желі тартады. Болашақта осы құн­ды атаулар мен терминдерді айналысқа қоссақ, қазақ сөзінің бағы ашылып, атбегілік өнердің сөз әлеміндегі аясы кеңи түседі де­ген үміт зор. Бұл әдістемелік еңбектің тағы бір ерекшелігі, төрткіл дүниедегі жылқы атаулының саны, оның қай елдерде (АҚШ-та 10 миллионнан аса, Қытайда 7 миллионға таяу, Мексикада 6,5 миллион... Қазақстанда 1,5 миллион) молынан екені де көрсетілген. Со­нымен қатар, атбегілікке қа­тысты қазақтың аталы сөздері батырлар жырындағы келісті өлең өрнектерін, сол секілді «Сен маған мініп жүрген атыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтып берейін», «Жылқыны алтын сарайда ұстағаннан жүйрік болмайды, ол нағыз атбегінің баптауы арқасында тұлпар болады», деп келетін ағылшын, дат мәтелдерін, «Ат үстінде туып қазақ сәбиі, Ат үстінде айтылады әлдиі... Ат қазақтың ауасы да даласы, Атсыз бір күн тұра алмайды баласы!», деп жырлаған поляк ақыны Г.Зелинскийдің дас­танынан үзінділерді де беріп отырған. Автордың тағы бір табысы, бәрін өзім білем демей, дерек көз­дерін қайдан алғанын, авторлары кім екенін, қандай танымдық әдебиеттерді пайдаланғанын, тіп­ті, қарап шыққан әлеуметтік же­лілерді де көрсетіп отырған. Соны­мен, ұлттық жауһарларымыз тағы бір еңбекпен, яғни атбегілік өнерді жан-жақты жазған толымды кітаппен толығып отыр. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».