• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2016

Жас ғалымдардың жанашыры

395 рет
көрсетілді

«Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ». Әл-Фараби бабамыздан қалған осындай ұлағатты сөз бар. Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін ғылыми-зерттеу жұмыстардың нә­ти­­желерін нақты өндіріске енгізу мәселесі заңды түрде ше­шілмей келді. Яғни, өнертапқыштар жаңалық ашып жатыр, бірақ іске асып жатқаны сирек. Нақты айтсақ, ғылыми жобалардың нәтижелерін өндіріске енгізу механизмін реттейтін нормативтік құжат болған жоқ. Ал сондай құжат болмағандықтан осы жұмысты қаржыландыру мәселесі де толық шешілмеді. «Жаңа технологиялық тол­қын жалына жармасып, теңдессіз ин­новациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Сон­дықтан, ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қа­тысуымыз қажет», деген Елбасы Н. Назарбаев инновациялық зерт­теулерді дамытудың жаңа саясатын ұсынған болатын. Міне, енді жақында «Ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданды. «Бұл заң Қазақстан Республикасындағы ғылыми және ғылыми техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру жүйесінің қызметін жүзеге асы­руға байланысты қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ, коммерцияландыру үдерістері мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммер­цияландырудың мемлекеттік кепілдік берілген қолдау тетіктерін реттейтін болады», дейді бұл жөнін­де өнертапқыш Сейітхан Қойбақов. Профессор Сейітхан Қой­ба­қовтың есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Ғылымға қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар ма­рапаттарға ие болған Сейітхан Мел­дебекұлы техникалық прогрес­ке қосқан үлесі және өнертабыс саласындағы жемісті қызметі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын алған ал­ғашқы жамбылдық азамат. Сейітхан ағаның ғылымға алғаш түрен салуы өткен ғасырдың 80-інші жылдары Жамбыл гидро­мелиоративтік-құрылыс институтын үздік бітіріп шығуынан басталған. Ғылымға бейім алғыр жігіт канал бетіндегі мұзды бұр­ғылап, оның қалыңдығын өлшеу, қар үйінділерінің көлемін анықтау, каналдың қай бөлігіне қар қалай түсетінін айқындау үшін бірнеше жыл уақытын сарп етті. Әрине, осынау зерттеу жұмыстары­ның нә­ти­желері арнайы формулаларға түсіріліп, одан есеп-қисапқа, көптеген сызулар мен кестелер­ге, сурет-схемаларға айналды. Ғылыми ізденісте жүрген ол тұң­ғыш рет борасын қар суыру себебінен гидротехникалық құрылымдарда, автомобиль және теміржолдарда қар үйіндісі пайда болу механизмін анықтап, сол арқылы алғашқы болып қар үйіндісінің есебі методика­сын және одан пайда болу қиын­дық­тарды болжау тәсілін ұсынып, со­­ның негізінде қар үйінділерімен күресудің бірнеше жаңа тәсіл­­де­­рін ойлап тапты. Оның ғылыми жаңа­лықтарына КСРО және Қазақ­станның авторлық патенттері бе­рілді. Тағы бір айтары, ғылымға тың­­­нан із салуға талпынып, тын­бай биікке өрлеген Тараз мем­лекеттік университетінің жас ғ­алымдары елімізде ең көп патент алады екен. Олар орта есеппен жыл сайын 45-50 патентке қол жеткізеді. Әрине, жастардың бұл жетістігінде осы білім ордасында жемісті еңбек етіп жүрген Сейітхан Мелдебекұлының қос­­қан үлесі өте зор. Осы оқу орнындағы «Уни­верситеттік технологиялық бизнес-инкубатор» корпоративтік қоры соңғы бір жылда өз қыз­метінің бағыттарының бірін оқу­­­­шыларды ғылымға тартуға, олардың арасында дарындыларды табуға арнап келеді. Қазіргі уақытта «Жас дарын» жобасы кең қанат жайып келеді. Аталмыш қор Ұлттық бизнес-рейтингтің 2013 жылғы қорытындысы бо­йынша Жамбыл облысының ша­ғын кә­сіп­орындарының арасында үздік деп танылып «Сала көшбасшысы – 2013» Ұлттық сертификатымен марапатталған. Сондай-ақ, уни­вер­ситетте жастарды ғылымға тарту, ғылымдағы жастарға кон­суль­тативті көмек беру, жас ғалым­дар­дың құқықтарын қорғау және олардың ғылыми жұмыстарын іске асыруға көмек беру мақсатында 2008 жылы жас ғалымдар кеңесі өз жұмысын бастап, 2014 жылы елі­міздегі ғылыми ұжымдардағы және жо­ғары оқу орындарындағы үздік жас ғалымдар кеңесі деп танылды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.