атанған көрікті жерлер National Geographic журналына енді
Қазақстанның ең көрікті саналған 5 түрлі мекені әлемге әйгілі National Geographiс журналының ресейлік нұсқасынан орын алды. Олардың кең-байтақ республикамыздың төрт тарабы іспеттес төрт мүйісіне қоныс тепкен. Көркемдігіне көз тоймайтын әсем орындар Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласын қамтиды.
Журнал алқасының ұйғарымы бойынша, қазақ жерінің ең көркем мүйістерінің көшін бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1911 жылы орын алған жер сілкінісінен кейін пайда болған Қайыңды көлі бастайды. Алматыдан шығысқа қарай 280 шақырым жердегі Күнгей Алатау баурайының жан-жағын қарағай мен жапырақты ағаштар орманы қоршаған атырабында орналасқан бұл су қоймасы шынында ғажап!
Екінші орын – Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында ХІV ғасырда салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне берілген. Кезінде атақты Әмір Темір Көрегеннің күш салуымен тұрғызылған мавзолейдің келбеті күні бүгін де ерекше асқақ көрінеді. Үшінші орынды Балқаш қаласының солтүстігінен 70 шақырым жерде орналасқан Бектау ата тауы алып тұр. Айналасын шөл даланың көрпесі қымтап жатқан алаптағы андағай тау алыстан керемет сұлу болып көз тартады. Оның жанында бұлаңдап жатқан шағын көлдің бұл сұлулыққа қосар өзіндік үлесі де бар.
Зерттеушілер төртінші орынға Маңғыстау облысындағы Оғланды елді мекенінде орналасқан Бекет ата мешітін лайықты деп тауыпты. ХVІІ ғасырда бой көтерген бұл ескерткіш кесененің әдемілігіде шек жоқ. Және оның орналасқан аумағының ерекше екенін қоса айтқымыз келеді.
National Geographic журналының қызметкерлері түзген қазақстандық бес кереметтің көшіне Астана қаласындағы «Бәйтерек» монументі тиянақтап тұр. Еліміздің соңғы ғасырдағы ең ғажайып ғимараттарының бірінен саналатын, елорданың алқасы іспеттес бұл мекеннің аталмыш тізімге енуінің өзінде символдық мән жатыр. Қазақ елінің асқақтығы мен ертеңге қол созған үмітінің үзіріндей болып тұрған келісті кешен әрбір отандастың көкірегіне қуаныш сәулесін ұялатады. Осының бәрі – біздің мақтанышымыз!
Мұрат АЙТҚОЖА.