• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2016

«Еңлікгүл-2016»

479 рет
көрсетілді

сыйлықтарының есімі белгісіз Атымтай жомарты кім? Өнер өлкесінің өкілдері өткен жылы алқымнан алған қаржы­лық дағдарыс сахна саласына да сал­­­­қынын тигізгендіктен, театр өнерінің кәсіби сыйлығы – «Ең­лікгүл» жүлдесі ешкімге берілмей қалғанын біледі. Биыл да осы жағдай жалғасып, «Қазмұнайгаз» компаниясы тұрақ­ты демеушіліктен бас тарт­қан соң, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай әл-Тарази өзінің айтуынша, таны­малдылығын алға тартып, демеуші тауып, сахна өнеріне еңбегі сіңген таланттардың мерейі тасуына сеп­тігін тигізді. Алайда, кәсіби сый­лықтың тағайындалуына қомақ­ты қаражат бөлген меценат өз аты-жөнінің құпия болуын қалаған. Халық­аралық театр күніне орай дәстүрлі «Еңлікгүл-2016» жүлдесі алтыншы рет иелерін тапты. Елі­міз­дің әр шалғайындағы театр өнері майталмандарының басын тоғыстырған салтанатты марапаттау рәсімі Алматыдағы М.Лермонтов атындағы мемлекеттік акаде­мия­лық орыс драма театрында өтті. Бірден айта кетелік, биылғы байқауға 41 театрдан 137 ұсыныс келіп түскен. Қазақстан Театр қай­рат­керлері одағының қазылар алқа­сы сарапқа сала келе, алдымен ынта­ландыру сыйлықтарын табыстады. «Жылдың ең үздік жарық беру­шісі» аталымы бойынша Шы­ғыс Қазақстан облыстық орыс драма театрының қызметкері Анатолий Коблов марапатталды. «Жылдың музыкалық көркем­деушісі» сыйлы­ғына Астанадағы М.Горький атын­дағы академиялық орыс драма театрынан Нейля Терехина лайық деп танылса, «Жылдың театр менед­жері» аталымын С.Сейфуллин атын­­дағы Қарағанды облыстық драма театрының белді қызметкері Сан­­сызбай Бекболатов иеленді. «Жыл­дың театртанушылық мақа­ласы» жүлдесі астаналық театр­танушы Айзат Қадыралиеваға бұйырды. Сол сияқты, «Жыл драматургі» сый­лығы Т.Жүр­генов атындағы Ұлт­тық өнер ака­демиясының оқыту­шысы Әннәс Бағдатқа берілді. Кінәз өнердің кілтін тапқан Әннәс осымен екінші рет «Еңлікгүлдің» ең мықты драматургі атанып отыр. «Театр оркестрінің жыл артисі» атағын Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының өнерпазы Наталья Хан алса, жыл­дың «Суретші-гримері» жүл­десіне Оңтүстік Қазақстан облыс­тық орыс драма театрының гри­мері Тәжен Балабаева лайық деп табылды. Алматыдағы М.Әуезов атын­дағы Қазақ мем­лекеттік акаде­мия­лық драма театрдың табалдырығын 15 жасында аттап, бірінші болып Еңлік рөлін ойнаған актриса Айша Абдулина да биыл 100 жасқа келді. Яғни, биыл кәсіби қазылар алқасы бірауыздан ол кісіні «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығына лайық деп тапқан. Осыдан кейін Алматы қала­лық қуыршақ театрынан Айдын Жақыпбаев «Балаларға ар­налған спектакльдегі жылдың шығар­машылық жұмысы» жүл­десімен марапатталды. Жам­был облыстық драма театры­ның қылқалам шебері Рахат Сапаралиева «Жыл театр сурет­шісі» атанса, Астана жастар таетрының режиссері Нұрқанат Жақыпбай биыл «Жыл режиссері» аталымын жеңіп алды. «Жыл актрисасы» жүлдесі бойынша Астанадағы Қалибек Қуа­ныш­баев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Бер­мұха­медова­ның бағы жанды. «Жыл актері» сыйлығын Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының майталманы Медғат Өмірәлиев алып кетті. Бұл жүлдегерлердің бар­лы­ғы 1 мил­лион теңгенің қаржылай сый­лығына ие болды. Бір қы­зығы, биыл Қазақстан Театр қайрат­керлері одағы «Жылдың опералық (оперетта) балеттік партиясы» сыйлығына ұсынылған екі ұжымды жүлдеге лайық көрмегендіктен, оның қаражатын одақ­пен қоян-қолтық жұмыс істеген Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры, Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тық Сайрам өзбек театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры мен Шығыс Қазақстан облыстық драма театрларына бөліп берді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.