Корея Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Таңғы шапақ елінің персоналды басқару министрі Ли Гун Мёнмен кездесті. Кездесу барысында Әлихан Байменов Ли мырзаны өңірлік хаб қызметімен және Қазақстандағы бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамның» негізгі аспектілерімен, оның ішінде кәсіби мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселелерімен таныстырды. Өз кезегінде Ли Гун Мён тұрақты білім мен тәжірибе алмасудың халықаралық тұғырнамасы ретінде өңірлік хаб қызметіне жоғары баға бере отырып, осы саладағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Сапар барысында Әлихан Байменов Корея Республикасы Адами ресурстарды дамыту ұлттық институты президенті Ок Донк Сукпен кездесті. Жүздесу кезінде бірлескен тақырыптық зерттеулер жасау, оңтүстіккореялық тәжірибе негізінде хабқа қатысушы елдер әлеуетін арттыру жөнінде ортақ семинар ұйымдастыру және тараптардың сарапшылар желісін кеңейту мәселелері қаралды. Қазақстан өкілі осыдан кейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы орталығы жетекшісі Пак Дек-Соомен, Азия мемлекеттік басқару бойынша қауымдастық президенті Пан Сук Киммен кездесу өткізіп, ынтымақтастықтың бұдан арғы мүмкіндіктерін бірлесе талқылады.
Қазір хабқа ЭЫДҰ, ТМД, Орталық Азия мен ASEAN елдерін қоса алғанда, 32 қатысушы ел мүше. Ал Корея Республикасы хабтың құрылтайшысы және белсенді мүшелерінің бірі болып табылады.
Руслан ИГІЛІК.