• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2016

Өзекті құжат

266 рет
көрсетілді

Жоғарғы Соттың жалпы отырысында соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы талқыланды Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми кезекті жалпы отырыс өткізді. Іс-шараға Жоғарғы Соттың сот алқа­ларының төрағалары мен судьялары, Ғылыми-кон­сультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысты. Жалпы отырыстың күн тәр­ті­бінде «Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының жобасы мен Сот жюриінің регламентін бекіту туралы екі мәселе қаралды. Жоғарғы Сот Төрағасы нор­ма­тивтік қаулының жобасына тоқтала келе, соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы мәселе өте маңызды әрі өзекті болып табылатындығын атап өтті. Ол Қазақстанда балалардың құ­қықтары мен мүдделерін қор­ғау бойынша құқықтық және ұйым­­дас­тырушылық мызғы­мас ба­за құрылғанын, осы мәсе­леге қа­тысты, соның ішінде ба­ла асы­рап алу бойынша халық­­ара­лық негізгі актілердің рати­фи­ка­ция­ланғандығын айтты. «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында ана мен баланы қорғау мем­ле­кетіміздің әлеуметтік саясаты­ның маңызды құрамдас бөлігі ре­тінде белгіленген. «Прези­дент бәсекеге қабілетті болашақ ұлт­ты қалыптастыру мәселе­леріне айрық­ша назар аударып келеді. Елба­сының Өкімімен еліміз­дің тари­хында тұңғыш рет Бала құ­қық­тары жөніндегі уәкіл тағайындалды», – деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Қ.Мәми талқыланып отырған нор­мативтік қаулының жобасы дер кезінде әзірленген әрі өзекті құ­жат екендігін атап өтті. Оның пікі­рінше, құжат ата-ананың асырауына берілетін балалардың құқықтары мен мүдделерін сотта қорғау үшін маңызды құралға ай­на­лып, судьяларға осы саладағы жан-жақты түйіткілді мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. «Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы Сот судьясы Ғалия Аққуова соң­ғы жылдары қазақстандықтар асы­рап алған балалардың саны айтар­лық­тай артып, керісінше, шетел­дік­тердің бала асырап алу қар­қыны бәсең­дегендігін атап өтті. «Басынан түрлі оқиғалар кешкен баланың тағдыры шешілетін сәтте, бала асырап алу секілді өте шетін мәселеде соттың соңғы ше­шім қабылдауы олардан іс бойынша барлық мән-жайды мұқият зерт­теуді талап ететіні сөзсіз», – деді Ғ.Аққуова. Ол істердің аталған сана­ты ювеналдық соттардың сот­ты­лығына жататынын және қазіргі таңда бұл бағытта белгілі бір сот прак­тикасы қалыптасқандығын атап өтті. Нормативтік қаулыны қабыл­дауға заңнамаға енгізілген өзге­рістер ықпал етті. Оның жобасы бала асырап алу бойынша нор­мативтік базаны қамтиды, бала асырап алу туралы өтініш берудің тәртібін, бала асырап алу рәсімін бастауға құзырлы органның жазбаша келісім ұсыну және бала асырап алу туралы өтініш беру барысында мемлекеттік баж салығын төлеу тәртібін түсіндіреді. Жобаны талқылау барысында Жоғарғы Сот судьясы Сара Жармұхамбетова, Астана қалалық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы  Нә­­зиля Раззақ және Білім және ғы­лым министрлігінің Бала құқық­тарын қорғау комитетінің төрайымы Зәбира Оразалиева сөз сөйледі. Сот жюриінің регламентін бекіту туралы екінші мәселе бойын­ша сөз сөйлеген Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төраға­сы Моряк Шегенов бұл регламент аталған институт пен оның комис­сияларының жұмысын ұйымдас­тыруды көздейтін маңызды нор­мативтік құжат болып табыла­тын­дығын атап өтті. Жалпы отырысқа қаты­сушылар нормативтік қаулы жобасын тал­қылай келе, оған өз ұсы­ныстары мен ескертулерін енгізді, сондай-ақ, Сот жюриінің регла­ментін бекітуге дауыс берді. «Егемен-ақпарат».