Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Үкімет үйінде отандық әуежайларды дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта республикада 20 әуежай жұмыс істейді. Олардың 12-сі мемлекеттік әуежайлар (8-і «Airport Management Group» ЖШС-нің сенімді басқаруында), 6-уы жекенің меншігінде, 2-уі концессияда.
2015 жыл ішінде әуежайлар шамамен 12 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. Қазақстаннан 82 бағыт бойынша халықаралық тасымалдар орындалады. Оларды 2 қазақстандық («Эйр Астана» және «СКАТ») және шетелдік әуе тасымалдаушылар жүзеге асырады. Ішкі әуе рейстерін 42 бағыт бойынша 6 қазақстандық әуе компаниялары орындайды.
Республикалық бюджет қаржылары есебінен Қазақстанның 13 әуежайына жалпы сомасы 97 млрд. теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның сыртында, 2015 жылдың қаңтарында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Астана қаласы әуежайының жолаушылар терминалының құрылысы басталды.
Жобада қазіргі жұмыс істеп тұрған терминалды кеңейту және өткізу қабілетін жылына 7 млн. жолаушыға дейін жеткізу қарастырылған.
Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев отандық мемлекеттік органдар мен әуежай басшылығына авиациялық қауіпсіздік мәселелеріне назар аударуды, атап айтқанда, жолаушылар терминалдарында заманауи тексеру жабдықтарын орнатуды тапсырды. Сол сияқты арнайы техникамен (өрт сөндіру машиналары, қар жинағыш және мұздаққа қарсы техника, баспалдақтар) жарақтандыруға айрықша көңіл бөлу қажет.
Оның сыртында әуежайлар қызметінің экономикалық тиімділігін ұлғайту, менеджмент деңгейін арттыру, даму үшін жаңа қаржы көздерін тарту жолдарын іздестіру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.