• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2016

Ырысы тасыған ынтымақшыл ауыл

445 рет
көрсетілді

ақтеректіктер жаңа күнді жақсы нышанда қарсы алды Біз ес білгелі Қоңыртөбенің етегіндегі Майтөбе мамыр туысымен-ақ мәре-сәре болып жатушы еді. Бірақ кейінгі жылдары мұндай шаралар күрт азайып, Майтөбеге жиналмағалы да біршама уақыт болған екен. «Той – қазына» деп бағалайтын қазекең биылғы Наурызды да өз деңгейінде атап өтті. Әсіресе, Алматы-Ташкент күре жолының бойында орналасқан қамбасы астыққа, ауласы малға толған Ақтерек ауылы бұрын-соңды болмаған жағдайда қарсы алды. Оған мұрындық болған – ауыл азаматтарының береке-бірлігі, ынтымағы, осында туып-өскен жастардың ұйымшылдығы, соны серпілісі... Биылғы қыстан аман-есен шыққан ақтеректіктер қасиетті әз Наурызға жыл­­­да­ғыдан ерекше дайындалды. Ауыл сыртындағы Майтөбенің, яғни, қатар жатқан қос дөңнің біріне шағын сахна орнатып, екіншісіне қаз-қатар ақ­шаңқан киіз үйлер тігіп, алтыбақан құрып, аламан бәйгенің шеңберін сызып, автотұрақ пен оның күзетіне дейін сақадай-сай ойластырылды. Сөйтіп, Ұлыстың ұлы күнгі ұлан-асыр думанына ауылдың еңкейген кәрісінен бас­тап еңбектеген баласына дейін көшіп барғаны аздай, көрші ауылдың да шабармандары, толағай мықты күрескер жігіттері, тіпті Алматыдан ат арытып жеткен сыйлы қонақтар мен белгілі өнер жұлдыздарының да біразы осында. Наурыз тойға жиналғандар бір-бірін құттықтап, көптен көрмеген ауылдастар өзара қауқылдасып мәре-сәре. Жиналған жұртшылық Наурыздың басты тағамы – наурызкөжеден дәм татты. Бір айта кетерлігі, ауыл ақсақалдары мен Ақтерек шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты, елдің көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген Темірлан Шайнүсіпов және ауыл әкімі Ғабит Шортанбаевтың бастамасын азаматтар ауызбіршілік танытып қостады. Тіпті, өздері демеушілік жасады. Соңғы отыз жылда Ақтеректен түлеп ұшқан азаматтардың бірі көлік тіксе, енді бірі қаржылай көмек көрсетіп, ел бірлігі үшін аянып қалмады. Үш мыңнан астам адам жиналған дүбірлі тойда үш шақырымдық жаяу бәйге, тай, құнан, аламан бәйге, теңге алу, қыз қуу, қазақша күрес, аударыспақ сияқты ұлттық ойын түрлері ұйымдастырылды. Әсіресе, қошқар көтеруден сынға түскен жігіттердің сайысы жиналғандардың делебесін қоздырды. Бұл жарыста 70 килолық қошқарды 47 рет көтерген Ке­нен Әзірбаев ауылының жігіті Мей­рамбек Дәлібаев жеңімпаз деп танылды. Аламан бәйгеге тігілген авто­көлік те көрші ауылға қарай жол тартты. Осылайша, қазақы қаймағы бұзыл­маған ауылда ызғарлы қыстың кетіп, Самарқанның көк тасы жібіген, әр жан иесіне үміт, жылы шырай, нұрлы шуақ әкеліп, ырыстың ыдысын толтыратын Жаңа күн – ақтеректіктердің береке-бірлігін арттыратындай, кейінгі ұрпаққа өнеге болатындай деңгейде аталып өтті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».