• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2016

Босқындар проблемасы: үміт пен күдік

460 рет
көрсетілді

Түркиямен келісім алғашқы нәтижесін беруде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун журналистерге берген сұхбатында Анкара мен Брюссель арасында қол жеткізілген миграциялық келісім алғашқы нәтижелерін бергендігін мәлімдеді. «Еуропаға төнген миграциялық ағын сенімді түрде төмендей бастады. Түркия өз міндеттемесін толық қамтамасыз етуде. Сириямен шекара неғұрлым сенімді түрде күзетілуде. Сондықтан Еуроодақ аумағындағы жаңа лаңкестік тәуекелі бұрынғыға қарағанда едәуір азайды», деп атап көрсетті халықаралық ұйымның бас хатшысы. Еуропалық елдердің негізгі проблемасы осы елдер одағының аумағына жасырын түрде еніп, өңірдің ірі қалаларына тараған босқындар болып келген болатын. Олар өздері тараған жерлерде этносаралық және қоғамдық шиеленістің ошағын туындатқан еді. «Енді бұл проблема шешімін тапты. Барлық мигранттар еуропалық мемлекеттер аумағына тек қана қажетті құжаттарды қолдарына ұстап келетін және ЕО елдері ми­грациялық қызметтерінің есебінде тұ­ратын болды», деп атап көрсетті Пан Ги Мун. Мұның алдында, 2016 жылдың алғашқы үш айында Еуропаға теңіз жолдарымен 165 мың босқынның келгендігі хабарланған болатын. Германияға келімсектер ағыны азайды «Грекия арқылы келетін жол жабылғаннан кейін, Германияға босқындар ағыны едәуір азайды», деп мәлімдеді осы елдің канцлері Ангела Меркель. Оның айтуынша, Германия Балкан маршруты жабылғаннан кейін бұдан едәуір пайда көре бастады. Басқа да бірқатар еуропалық мемлекеттерден келетін мигранттар ағыны азайды. Алайда, Грекияның өзінде жағдай өте күрделі қалпында қалып отыр. Мұнда босқындар теңіз жолдары арқылы келуге тырысуда. Осыған орай Меркель Балкан маршрутының жабылуы уақытша шара екендігін атап көрсеткен. Шиеленіс қаупі бар Бельгия үкіметі елдегі қоғамдық шиеленістің өсу қаупі бар екендігін мәлімдеп, осыған байланысты алаңдаушылық танытты. RTBF телеарнасының хабарлағанындай, Бельгия билігі елдегі ұлтшылдық және исламдық ұйымдар арасында қақтығысу қаупі бар екендігін мәлімдеген. Бельгия астанасына еуропалық ұлтшыл ұйымдар мен қозғалыстардың өкілдері келген. Олар жергілікті ұйымдармен бірлесе отырып мигранттарды қабылдауға қарсылық митингілерін ұйымдастыруда. Осыған жауап ретінде мигранттық-исламдық ұйымдар үкі­меттің толерантты саясатына қолдау білдіру шеруін өткізуді ұйғарған. Мұсылман қауымдастығы өкілдері не­ғұрлым көбірек шоғырланған Моленбек коммунасында мұндай 2 митингі қақтығыспен аяқталуы әбден мүмкін екендігін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары атап көрсетуде. Осыған орай Бельгия астанасындағы билік органдары жастарға үндеу арнап, оларды екінші сәуір күнгі сенбіде көшеге шықпай үйлерінде қалуға шақырған. Өйткені, кейбір ұйымдар осы күні мигранттарға қарсылық митингілерін өткізуді жоспарлап отыр. Мұның алдында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары соңғы жүргізілген сауалдаманың қорытындысында бельгиялықтардың 50 пайызы үкіметті шекараны жауып, мигранттарды елге кіргіз­беуге шақырған үндеулерді қолдайтындықтарын хабарлаған болатын. Грекияда гуманитарлық апат туындап келеді Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Грекияда босқындардың қаптап кетуіне байланысты гуманитарлық апат туындап келе жатқандығын мәлімдеді. Штайнмайер осыған байланысты мигранттар үшін Балкан маршрутының жабылғандығын сынға алған. Осы себепке байланысты босқындардың Грекия шекарасында жинақталғандығын атап көрсеткен. Алайда, министр Балкан маршрутының жабылуы Орталық Еуропаға келіп жат­қан босқындар ағынын айтарлықтай азайтқандығын мойындай келе, бірақ осының нәтижесінде Грекиядағы жағдай күннен-күнге нашарлап келе жатқандығын тілге тиек еткен. Штайнмайер мигранттар проблемасын Еуроодақ құрамындағы жеке бір елдің есебінен шешу сондай бір дұрыс шешім болып табылмайтындығын жеткізген. «Миграциялық дағдарыс әлі де толық шешімін тапқан жоқ деп есептейміз, сондықтан басқа да жолдарды қарастыруымыз қажет», деп атап көрсеткен Германия сыртқы істер министрлігінің басшысы. Сонымен қатар, ол Грекия мен Түркия арасындағы мигранттар жөніндегі келісімге қолдау білдіретіндігін айтқан. Мигранттар Еуропаға келудің жаңа жолдарын тапты Балкан маршруты (Македония, Сербия және Хорватия арқылы Австрияға және Солтүстік Еуропаға жететін жол) жабылғаннан кейін босқындар Еуропаға енудің баламалы жолдарын тапты. Frankfurter Allgemeine Zeituig газеті осы жөнінде жазған. Басылымның мәлімдеуінше, осындай жаңа жолдардың бірі Түркияның оңтүстігіндегі Анталия портынан, Сирия­мен шекаралас Мерсинеден немесе орталық Грекиядағы Афинадан басталады. Осыдан кейін мигранттар балықшылардың немесе шағын сауда кемелерімен Жерорта теңізін кесіп өтіп, Италияға жетеді. Оларды осы жолмен жеткізудің бағасы басылымның мәліметінше 3-5 мың доллар аралығында. Сондай-ақ, кейбір босқындар Грекиядан Албанияға өтіп, одан кейін теңіз арқылы Италияға дейін жетеді немесе автокөлікпен Еуропаның солтүстігіне қарай қозғалады. Алайда, Грекия мен Албания арасындағы құрғақ шекараны кесіп өту теңіз жолдарына қарағанда әлдеқайда қиынырақ. Өйткені, Албанияның таулы жолдарын басып өтуге тура келеді. Мұнан әрі Черногория мен Босния және Герцоговинаның аумағы арқылы Еуропаның солтүстігіне қозғалған кезде осы өңірлерде 1990 жылдары болып өткен азамат соғыстарынан қалған миналарға тап болу тәуекелдері тағы бар. Еуропаға жетудің тағы бір бағыты Болгария арқылы. Мигранттар осы жерден Румынияға немесе Сербияға өтіп кетуге тырысады. Бұл жолдар да өте күрделі. Өйткені, Румыния арқылы қозғалған кезде Карпат тауларын басып өтуге тура келеді. Ал Сер­бия арқылы қозғалған кезде Еуропалық одақ тарапынан неғұрлым қатаң бақылауға алынған шекарадан өту қиындықтары бар. Сондықтан осы жолдармен қозғалғысы келген босқындардың көпшілігі ақыр аяғында Болгарияда қалып қояды. Ресей-Финляндия шекарасын кесіп өтуге тырысушыларды да осындай қиын­дықтар күтіп тұрғандығын айтуымыз керек. Өйткені, бұл шекарадағы бақылау соңғы кездері барынша күшейтіліп отыр. Алайда, Финляндиядағы билік орган­дарының мәлімдеуінше, бұл елге Ресей Федерациясы арқылы үстіміздегі жылдың қаңтар айында 500 босқын бас­пана сұ­рап келген. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 200 адамға көп. Фин­ляндияның шекаралық қызметі 2015 жылдың соңында Ресеймен арадағы шекараны велосипедпен кесіп өтуге тыйым салған болатын. Соған қарамастан Ресей арқылы осы елге өтіп келетін мигранттардың көбейгендігі байқалып отыр. Қоғаммен қосылуды талап етуде Бельгия билігі елге келген мигранттарға осындай талап қойып отыр. Мұның мәнісі төмендегідей. Еуропалық одақ мемлекеттерінен, басқа елдерден Бельгияға 3 айдан астам мерзімге бірінші рет келуші декларацияға қол қоюға тиіс. Онда келушінің бель­гиялық қоғамға интеграциялануы туралы талап бар. Егер шетелдік бұл талапты мойындағысы келмесе, онда оған уақытша тұруға рұқсат беруден бас тартылады. Бельгия үкіметі жобасын мақұлдап отыр­ған жаңа заң бойынша елге келген иммигранттар Бельгия мемлекеттігінің, оның азаматтарының құқығын, міндеттемелері мен бостандықтарын құрметтеу туралы міндеттемені мойындарына алатын болады. Олар мұндай міндеттемені елге келгеннен кейін 30 күннің ішінде қабылдауы тиіс. Осы үшін олардың қолына олар келген елдің тілінде декларация тапсырылады. Осыған орай, осы елде тұрғысы келетін әлеуетті иммигрант бельгиялық қоғамға қосылуға ниетті екендігін, оның тілін оқып үйренетіндігін мәлімдеуі тиіс. Егер шетелдік мұндай міндеттемеден бас тартатын болса, онда оған осы елде уақытша болсын тұруға рұқсат берілмейтін болады. Егер мұндай рұқсатты ол алдын-ала алып қойған жағдайда, онда мұндай рұқсаттың күші жойылады. Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».