Қазір жылжымайтын мүлікпен сауда жасайтындар арасында аңқауларды алдап соғатындар жиі кездеседі. Пәтерін сондай алаяқтар сырттай сатып жіберген зейнеткер Татьяна Деревянко бүгінде заңнамалық терминдерді бір заңгердей-ақ білетін болды. Білмегенде амалы қанша, басындағы баспанасынан айырылып қалып, соңғы екі жылдан бері шақшадай басы шарадай болып, бармаған жері, кірмеген есігі қалмаған. Оның 2014 жылдан бері үйі жоқ деуге келеді. Істің қалай өрбігенін жәбірленушінің өзі де әлі түсіндіріп бере алмайды. Ол пәтерінің сатылып кеткенін қолында дәлелді құжаттары бар пәтердің жаңа иелері келіп, «үйден шық» дегенде бір-ақ білген. Ең қызығы, сату-сатып алу жөніндегі келісім құжатына Татьяна Деревянко қол қойыпты.
– Нотариус берді деген сенімхат сараптамадан өткізілді. Сараптамасыз-ақ менің қолым емес екені көрініп тұр, – дейді Татьяна Деревянко.
Алаяқ риэлторлар ойлағандай, баспанасыз қалған зейнеткер аузы аңқиып қала бермеді. Шындыққа жету үшін табандылықпен соңына түсті, екі жылдан бері тергеу амалдары жүргізілді. Осы уақыт ішінде тергеуші 5 рет ауыстырылды. Жәбірленуші бүгінде істің сотқа жеткеніне «өтірік пе, шын ба» деп, шүкіршілік етіп отыр. Жақында полицейлер күдіктіні қолға түсірді. Пәтер сатудың айлалы жолын жасаған алаяқ Рахат Құтлымұратов деген жас жігіт екен. Оған бес түрлі қылмыстық айып тағылды. Арын беліне буған бейбақтан алаяқтық та, бұзақылық та, қарақшылық та қалмапты.
Жалғызілікті зейнеткердің адал маңдайтерімен тапқан баспанасын олжалаған алаяқ жалғыз емес екен. Оның екі сыбайласы да енді сот алдында жауап беретін болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.