• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2016

Кемшіліктермен күресер келелі кеңес

293 рет
көрсетілді

Елдегі мемлекет есебінен жатыпішер арамтамақтарға, сұрқия сыбайласқан жемқорларға қарсы бағытталған күрес күннен-күнге қанатын кең жайып, күшіне еніп келеді. Бұл орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы Елбасының берген тапсырмаларына сай ел игілігі үшін атқарылып жатқан істер баршылық.  Осы жалпыхалықтық ардақты іске дем беруде жаңадан қайта құрылып жатқан қоғамдық кеңестердің орны бөлек болып тұр. Мәселен, соның бір айғағы ретінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңес жұмысын айтуға болады.  Бұл сөзімізге нақты дәлел, кеше осы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы О.Әбдікәрімов төрағалық етті. Аталған іс-шараға кеңес мүше­лері, министрліктің құрылымдық бө­лім­­шелері, ведомствоға қарас­ты ұйым­дардың – Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының, «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлт­тық орталығы» АҚ-тың басшылары да қатысты. Жиналыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері комиссия қызметінің негізгі бағыттарын қалыптастыру, ағым­дағы жылдың жұмыс жоспарына өзгертулер енгізу бойынша жаңа мәселелерді қарастырып, сондай-ақ, министрліктің құрылымдық бө­лімшелер мен ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметімен танысты. Мәжілістің қорытындысы негізінде Қоғамдық кеңестің негізгі бағыттары бойынша төмендегідей: министрліктің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру мен бюджеттік бағдар­ла­ма­лардың орындалуы мониторингі бо­йынша; мемлекеттік қызмет пен мем­лекеттік қызмет көрсету саласын же­тілдіру мәселелері жөнінде;  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін талдау жөнінде; әдеп ережесі мен әдеп жөніндегі уәкіл мәселелері бо­йынша 4 комиссия құры­лып, бекітілді. Аталған комиссия төрағалары болып мемлекеттік қызмет саласына еңбегі сіңген ардагер Қараболат Нұр­тазин, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет ка­федрасының профессоры Зинаида Федотова, Парламент Сенатының депутаты Георгий Ким және Қазақ гуманитарлық-құқық университетінің профессоры, Пре­зидент жанындағы рақымшылық жасау комиссиясының мүшесі Төлеш Каудыров тағайындалды. Отырыста кеңес мүшелері «Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметінің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын талқылады. Қазіргі таңда барлық орталық мемлекеттік органдарда және облыс әкімдіктерінде Әдеп жөніндегі уәкілдер тағайын­далған, олар мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік нормаларын сақтауын қадағалауға міндеттелген. Әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету­ге, мемлекеттік қызметшілердің құ­қық­­­тары мен заңды мүдделерін қор­ғауға және ұжымдағы моральдік-пси­хологиялық жағдайды зерттеуге құ­зырет берілген. Қоғамдық кеңеске өз дәрежесінде жұмыс жасауды қам­тамасыз ету мақсатында, сондай-ақ, кеңес мүшелері бекітілген кестеге сәй­­­кес, апта сайын азаматтармен жеке қабылдау өткізу үшін  министрлік тарапынан арнайы бөлме бөлінді. Министрлік жанындағы Қоғамдық кеңестің құрылу мақсаты – барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдау үдерісінде коммер­циялық емес ұйымдардың және жеке азаматтардың кеңінен қатысуын қам­тамасыз ету, халық алдында есеп беруші мемлекетті қалыптастыру сая­­сатын жүзеге асыру болып табылады. Ал кеңестің алғашқы отырысы ағымдағы жылдың 29 ақпанда өтіп, оның төрағасы, хатшысы және пре­зидиум құрамы сайланған болатын. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».