• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2016

Қоғамдық көмекшілер институты енгізілді

347 рет
көрсетілді

Облыс әкімінің қоғамдық көмекшілері институты өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен енгізіліп отыр. Қоғамдық көмекшілердің басты мақсаты облыс басшысы мен тұрғындар арасындағы байланысты күшейту, тұрғындарды мазалайтын мәселелер мен ауыл-аймақтардағы жағдайлар жөнінде облыс басшысын ақпараттандыру болып табылады. Облыс әкімінің көмекшілері, сонымен бірге, тұрғындарды қабылдап, кездесу барысында келіп түскен ақпараттарды облыс әкімдігіне жеткізіп оты­рады. «Біз аудан әкімдері ұсын­ған мәліметтерге сенеміз, алай­да олар өздеріне тиімді мәлі­мет­терді береді. Ал сіздердің мін­­дет­теріңіз – облыс басшысын шынайы жағдайдан хабардар етіп отыру. Әсіресе, білім беру, медициналық қызмет көрсету, негізгі азық-түлік түрлер­інің бағасы, ауыл шаруа­шы­лығын дамыту секілді әлеу­меттік сала­ларға назар аудару­лары­ңызды сұрай­мын», – деп атап өтті Бердібек Мәшбекұлы. Аймақ басшысының көмек­шілері қатарында Ақтөбе облы­сы­ның 12 ауданының беделді өкіл­дері бар, олар – аймақтың әлеу­­меттік-экономикалық дамуы­­на үлес қосқан, қоғам өмі­рі­не белсенді араласып жүрген жандар. Ал Б.Сапарбаев өзінің қоғамдық көмекшілерімен кездесіп, оларға куәліктерін табыс етті. Сонымен, облыс әкімінің Алға ауданындағы көмекшісі бо­­лып Қайрат Қазмағамбетов, Әй­­т­еке биден Рысқали Бозбетов, Бай­ғанин ауданынан Ибраһим Ермекбаев, Ырғыздан Нұрқасым Сәрсенбайұлы, Қарғалы ауда­нын­дағы көмекші Аманғос Төлеуов, Мәртөктен Ирина Цыба, Мұғалжар ауданынан Айт­­бай Беркімбаев, Темір ау­да­нын­дағы көмекші Берік Дан­ды­баев, Ойыл ауданынан Сан­сыз­­бай Өткелбаев, Қобдадан Жауғашты Жұмағалиев, Хромтау ауданынан Бекболат Келбатыров және Шалқар ауданынан Ильяс Резванов бекітілді. Айта кетерлік жайт, қоғам­дық көмекшілердің жұмыс іс­теуі­не ыңғайлы болу үшін бөл­ме мен телефон, сонымен бірге, аудандағы елді мекендерге қаты­науына көлік берілетін бола­ды. Көмекшілер ай сайын ау­дан­­дар­дағы әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық және қоғамдық-саяси жа­ғ­­дайды жақсарту жөнін­де ұсы­­ныстарын облыс басшы­сы­мен болған кездесуде жеткізіп отырмақ. Халық пен аймақ басшысы арасындағы алтын көпір болғалы тұрған қоғамдық көмекшілерге жауапты да абыройлы міндет жүктеліп отыр. Осы арқылы жер­гілікті билік өзекті мәселе­лердің қордаланып қалмай, тез шешімін табуына жол ашпақ. Сондай-ақ, жергілікті билік пен халықтың арасындағы бай­ланысты бұрынғыдан гөрі де нығайту көзделуде.  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.