• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2016

Спорт – отаншылдық дәнекері

396 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алардан бір жыл бұрын Қарағанды пединс­титу­тының дене тәрбиесі факультетін бі­тір­геннен кейінгі ширек ғасыр­лық жұмыс тәжірибемде ұққан бір ұла­ғатты жағдай сол, спорт адам­ның бойында көпшілдік, елшіл­дік, жолдастық, отаншылдық сияқ­ты жақсы қасиеттерді тәрбие­лейді екен. Қарап отырсам, менің ең­бек өтілімнің өзі Тәуелсіздікпен құр­дас. Олай болса, осы жылдарда өз пәнім арқылы қаншама елжан­ды, ізгілікке құмар, жақсы­лыққа құштар балаларды мектеп қабыр­ғасынан тәрбиелеп шығар­ғанымды көзіме ойша елес­тет­сем, мақтаныш сезіміне бөле­не­мін. Мысалы, ана бір жылдарда Алматыдағы Ш.Уәлиханов атын­да­ғы №12 қазақ мектеп-гимназиясында денешынықтыру пәнін жүргізген едім. Кейінгі бірнеше жылда Талғарда орнығып, ұстаздық етіп жүрсем, сондағы талапты шәкіртім Дәрменияр Қыдырбекұлы аудан әкімінің орынбасары болып алдымнан шықты. Оқушы кезінде спортты жақсы көруші еді, сергек те елгезек болатын, міне, жас та болса жарқын белеске жетіп, ел игілігі жолына үлес қосып жүргеніне мерейленіп қалдым. Елбасымыздың білім-оқу саласына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасауының арқасында қазір қай мектептің болсын спортпен айналысу, денешынықтыру пәнін маз­мұнды жүргізу орайындағы материалдық базасы жақсы. Сексен жылдық тарихы бар, қазақтың талай игі жақсыларын түлеткен біздің мектебімізде де солай. Спорт залымыз талапқа сай. Әр спорт саласымен айналысуға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар, бас­қадай да жан-жақты жағдайлар баршылық. Иә, қазіргі өзгерген заманда жас ұрпақ көңілінің қалауы да өскелең. Олар ғаламтор, теледидар арқылы спорт жөніндегі ақпараттарға қанық. Ата-аналары да келіп, баласының бейіміне орай қай спорт түрімен шұғылдануы керектігін ақылдасып тұрады. Міне, осы кездерде мұғалім де біліктілік танытуы тиіс. Сондайда дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар берген оқушыларымыз спорттың әр түрінде өзіндік жетістіктерге жетіп те жүр. Біздің басты міндетіміз – дені сау, қоғамға қызмет етуге қабі­летті, санасына саламаттылық сал­тын сіңірген салиқалы ұрпақ тәрбие­леу. Олардың бәрі бірдей кере­мет спортшы болып шығуы шарт емес. Бірақ елін сүйетін, шымыр да шыныққан, өмірге құштар, сер­гек те серпінді азаматтар болып өссе, елі­міздің болашағы жарқын бол­мақ. Бүгін осы ұрпақты елжірей сүйіп біз тәрбиелесек, ертең олар да елім дегенде еміреніп тұрар дар­қан жү­рекпен орда бұзып, қамал алары хақ. Міне, осы орайда спорт алтын дәнекер, денешынықтыру пәні ел­жандылыққа тәрбиелеудің құралы екеніне көзім барған сайын жете түсуде. Әр сабақта балалардың спортқа деген қызығушылығын оятуға тырысамын, үлкен өмірде үлкен табыстарға жету жолындағы спорт пен саламаттылықтың пайдасын тәптіштеп түсіндіремін. Неліктен «тәні саудың жаны сау» болатынының терең мағынасына үңілдіремін. Оқушыларымды ұлттық спорт ойындарына ынталан­дырамын, ол жайында әуелі әңгі­мелеп айтамын. Әр тоқсан­да 2-3 сағаттан уақыт бөліп, тоғыз­құмалақ, асық ату, арқан тарту, аударыс­пақ сияқты дәстүрлі ұлт­тық спорт түрлеріне баулимын. Бала­лардың көздері осындайда жанып-ақ кетеді. Осындай қызық­ты, мағыналы дәстүрлері бар туған халқын, елін сүйетін сезімдері оянып жатқанын әр сәт сайын байқап, өзім де сүйінемін. Әлбетте, сыныптан тыс уақыттарда волейбол, баскетбол, футболмен айналысуға да үлкен көңіл бөлеміз. Бір айтарлығы, біздің Талғарда армрестлинг, яғни қол күрестіру спорты жақсы дамыған. Бұл ретте талғарлық спортшылар әлемдік, халықаралық жарыстардың да талай мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып келеді. Солар­дың арасында мектеп оқушылары да бар. Қол күрестіру спортын біздің мектептің өрендері де соңғы уақытта жақсы меңгере бастады. Мектептер мен колледждер оқушылары арасындағы VIII жазғы спартакиадада шәкірттерім Кәмила Жаңабатыр мен Адас Елдар жүлделі екінші орынды еншіледі. Өзім Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып Өскеменде өткен республика чемпионатынан күміс жүлдемен оралдым. Бұған мектеп ұжымы да мерейленіп, оқушыларым да мәз. Түйіндеп айтарым, мектебімізде денешынықтыру пәнінің мәр­те­бесі жоғары. Себебі, оның өске­лең ұр­пақты отаншылдыққа, сала­мат­ты­лық­қа тәрбиелеудегі үлесі зор. Елі­міз осыған жағдай жасап отыр. Ал спорт­ты сүйген адам өзінің елін, көк Байрағын да сүйіп өсетіні шүбәсіз. Арман ОТАРБАЙ, Талғар қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебі денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Алматы облысы.