• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2016

Қазақстан-Сингапур: Парламентаралық үнқатысу нығаюда

461 рет
көрсетілді

30 наурыз – 2 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Син­гапур Республикасында ресми сапармен болып, осы елдің басшыларымен кездесті, сондай-ақ жыл сайынғы Сингапур форумында негізгі баяндама жасады. Сапар Сингапур Пар­ламентінің Төрағасы Халима Якобтың шақыруы бойынша жүзеге асқан болатын. Сингапур Парламентінде Қа­зақ­стан Парламенті Сенатының Төрағасы мен Сингапур Парла­ментінің Төрағасы екі ел ынты­мақтастығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаев әріптесін Қазақстанның қазіргі кез­дегі дамуы, Парламенттің қыз­меті, сондай-ақ елді жаңғырту жө­ніндегі Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру туралы хабардар етті. Ол «Назар­баев Университет» пен Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі арасындағы жемісті ынты­мақ­тастықты, сондай-ақ екі елдің техникалық білім беру сала­сындағы өзара іс-қимылын атап өтті. Парламентаралық үнқатысуды жал­ғастыру үшін Қ.Тоқаев әріп­тесін Қазақстанға сапармен ке­луге шақырды. Сингапур Парламентінің Төр­ағасын Қазақстанның дамуы, еліміздің халықаралық маңызды бастамалары, ұлтаралық қарым-қатынас пен тіл саясаты мәселелері қызықтырды. Х.Якоб, сондай-ақ, Сингапурдың экономикалық өзге­рістеріне байланысты қазіргі кез­дегі мемлекеттік саясаттың басым­дықтары туралы әңгімеледі. Бұл ретте, оның пікірінше, бүкіл қоғам­ды роботтар мен автоматика үстемдік құратын жаңа эконо­микаға дайындау міндеті тұр. Сингапур Президенті Тони Тан Кенг Ям­мен кездесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі тілектестігін жет­кізді және екі мемлекеттің өзара тиімді ын­ты­мақ­тастығы одан әрі жалғасатынына сенім білдірді. Тони Тан Кенг Ям Қазақстан Президенті мен Сингапур басшылығы арасындағы дәстүрлі жеке байланыстар арқылы нығая түскен екі елдің дағдылы жылы шырайлы қатынастарын жоғары бағалады. Келешегі зор ынтымақтастықтың ауқымды аясын атап өтіп, Сингапурдың даму тәжірибесіне Қазақстанның ықылас танытып отырғанына қолдау білдірді. Президенттік «Истана» сарайында, сондай-ақ, Құрметті аға министр, Сингапурдың бұрынғы Премьер-министрі Го Чок Тонгпен де кездесу болды. Жүздесушілер терроризм тақырыбы, Орталық Азияның дамуы мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» стратегиясымен бірге, жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Го Чок Тонг биыл Қазақстанға сапарлап келу ниетін жеткізді. Сапар барысында Қазақстан делегациясы Сингапурдағы мұнай химиясы және туризм кластерінде болды. 2 сәуір күні Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев «Азия және әлем – ортақ мүмкіндіктер, бірлесіп өркендеу» тақырыбымен өткен екінші Сингапур форумының ашылуында сөз сөйледі. Қ.Тоқаев өзінің сөзінің басында Сингапурдың негізін салушы Ли Куан Юды құрметпен еске алып, оның 1991 жылы біздің елімізге сапарлап келгенде елдің дамуына қатысты пайдалы кеңестер айтқанын еске салды. Қ.Тоқаев өзінің сөзінде қатысушылардың назарын Еуразияның келешегі мәселелеріне аударып, құрлықтағы оқиғалардың дамуы туралы өз ойларын ортаға салды. «Қазіргі кезде әлемнің тірегі бола отырып, Еуразия бүкіл әлем үшін зардаптары алысқа кететін түбегейлі өзгерістерді бастан өткеруде», – деді Төраға. Бұл ретте, ол Ресейде, Қытайда, Еуропалық одақта және Таяу Шығыста болып жатқан өзгерістерді бөліп алып, оларға жеке-жеке талдау жасады. Қ.Тоқаев Орталық Азияның әлемдік саясаттағы рөлі арта түскенін атап өтті. «Бұл аймақ ауқымды табиғи ресурстар мен шиеленіс орындарына, атап айтқанда, Ауғанстанға жақындығы Еуразия құрлығының негізіне айналады, – деді Төраға. – Орталық Азия елдері үшін алдыңғы қатардағы мемлекеттердің сауда-экономикалық стратегияларының түйін­десу әдістерін әзірлеу аса маңызды міндет болып табылады. Мегажобалардың өзара байланы­сы аймаққа жаһандық экономикалық дамудың тиімді және теңгерімді үлгісін ұсынуға мүмкіндік береді». Форумға қатысушылар қауіпсіздіктің аймақтық ұйымдары: АӨСШК, ШЫҰ және ЕҚЫҰ-ның жұмысындағы Қазақстанның қадамдары туралы жан-жақты хабардар етілді. Бұл ретте, Қ.Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық істердегі орталық рөлін нығайтудың маңызы айтарлықтай екенін атап өтті. «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық құқықтың тотығуы, әсіресе, халықаралық терроризм өршіп тұрған қазіргі кезде әлемге бүлдіргіштік түрде әсер етуі мүмкін. Қазақстан халықаралық қатынастардағы сенімді қалпына келтіру мақсатында халықаралық құқық ұстанымдарын растауға арналған жоғары деңгейдегі БҰҰ конференциясын шақыруды ұсынады», – деп атап өтті Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы. Қасым-Жомарт Кемелұлы Еуразиялық экономикалық одақтың іске қосылуымен және Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасының іске аса бастауымен Азия, оның ішінде АСЕАН мемлекеттерінің кәсіпкерлері үшін Қазақстанда ашылып жатқан экономикалық мүмкіндіктерге жиналғандардың назарын аударды. Одан басқа, Қ.Тоқаев Қазақстан аумағындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамы­тудың ауқымды бағдарламасына, ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік және «Астана» халықаралық қаржы орталығының келешегіне қатысты мәсе­лелерге егжей-тегжейлі тоқталды. Сенат Төрағасы экономикалық дүрбелең жағдайында Қазақстан дағдарысқа қарсы шаралар топтамасымен және инфрақұрылымдық дамумен шектелмейтінін, заң үстемдігін, индустрияландыру мен экономикалық өркендеуді, ұлттың ынтымағын нығайтуды, сондай-ақ, ашық және есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды институттық реформаларды іске асыратынын атап өтті. «Парламент 59 заңнан тұратын, Қазақстандағы шетелдік ин­вес­торлардың жұмысын оңайлататын қажетті заңна­малық топтаманы қабылдады», – деді Парламент Сенатының Төрағасы. Қ.Тоқаевтың сөзін форумға қатысушылар зор ықыласпен қабылдады және олардың тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берілді. Сәулебек БІРЖАН.