ұры мен оның әріптесі қолға түсті
Алматыда банк терминалының қабырғасын небәрі 3 секундта қақырата ойып, бар соманы дорбаға салып үлгерген жас жігіт қылмыс әлеміндегі рекордтық көрсеткішке қол жеткізді... Алайда, бұл Гиннестің рекордтар кітабына кіру үшін болған бәсекелестік жарыс емес еді. Қимылына көз ілеспес әккі ұры сондайлық тез қимыл танытқанына қарамастан, дүкеннің қырағы күзетшілерінің құрығына түсті. Полиция да уақытты көп созбай, «рекордшының» дүкен алдында тосып тұрған әріптесінің қолына кісен салды.
Енді қылмыскерлер темір тордың аржағында 5 жыл жазасын өтейді.
Қаладағы барлық терминалдарға иелік жасайтын банк өкілдері соңғы екі жылда Алматыда дәл осыған ұқсаған 86 тонаудың болғанын айтады.
Күні кеше әлеуметтік желілерге салынған екі бейне-үзіндіге қатысты Kaspi Bank-тің баспасөз орталығы банкоматтар арқылы жасалған есеп айырысудың клиенттерге, сондай-ақ, терминал иелеріне залалы тимейтіні туралы мәлімдеді. Мәлімдемеде «соңғы аптада болған қарақшылық екі шабуылда 750 мың теңге қолды болды. Алайда, бұл арада клиенттердің есеп айырысу операциясы ұрлыққа дейін жасалғаны қаперге алынады. Банк мүлкінің қирауы мен банк шығындарын өтеу, ұсталған ұрыларды жазалау Қазақстан Республикасының Заңдары аясында жүргізілді», – делінген.
Соңғы кезде Алматыда әрқилы ұрлық жасау өршіп тұр...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.