• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2016

Қарғын су қатаң бақылауда тұр

430 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында су тасқынының алдын алу ша­ралары қызу жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің мамандары мен әкім­дік қызметкерлері, тіпті жер-жердегі тұрғындардың өзі жағ­дайды күндіз-түні бақылап, не нәр­сеге болса да сақадай сай отыр. Бірақ, соған қарамастан, қарғын судың ырыққа көнбей, тосын мінез танытып жатқан оқиғалары оқтын-оқтын естіліп қалып жатыр. Мәселен, Шет ауданындағы Нұра-Сарысу бассейнінің Төменгі Нарбақ су қоймасында бөгет бұзылып, республикалық маңыздағы «Қызылорда – Павлодар» жо­лы­ның 796 шақырымы тұсында асфальттің 5-6 метр бөлігін су шайып кетті. Тиісті орындардың мамандары аталған жолда автокөліктердің барлық түр­л­е­рінің қозғалысына шектеу қойды. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақ­сатында жол бойына бекет те орнатылған. Қазір су Жаңаарқа ауда­нындағы Сарысу өзені аң­ғарында орналасқан Бидайық су қоймасына кетіп жатыр. Бұдан әрі артық су табиғи жолмен Сарысу өзеніне құйылады. Сондай-ақ, өңірдегі Шеру­бай-Нұра және Мойынты өзен­дерінде де су көтеріліп, ел­ді ме­кендерді су алу қаупі сақталып отыр. Дегенмен, төтенше жағ­дайлар жөніндегі мамандар жағдайды толық бақылауда ұс­тап отырмыз деп сендірді. Қазіргі уақытта облыста күрт еріген қар суының жолын аршу бойынша шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл іске құтқару қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың қызмет­керлері жұмылдырылған. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.