қызылжарлықтарды ғажайып би өнерімен таңдай қақтырды
«Астана балет» театры тұңғыш рет гастрольдік сапармен Қызылжар өңірінде болып, «Астана балет GALA» атты ауқымды бағдарлама ұсынды.
Бірінші күні өнерсүйер қауым мың бұралған бишілердің қатысуымен классикалық хореографияны, спектакльдерден үзінділер тамашалады. «Жанасу», «Арулар шеруі», «Калифорниялық көкнәр», «Шығыс алауы», тағы басқа хореографиялық миниатюралар зор ықыласпен қабылданды. Бельгиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Gaia» қойылымында жер шарының жаратылуы жайлы әпсана жұмбақ сырға толы табиғаттың құбылыстарымен шендестіру арқылы шынайы бейнеленіп, сырлы әуенге ұласқан көркем сәттерге толы болды.
Екінші күні жұртшылық назарына театрдың үздік қойылымдарынан құралған дивертисмент ұсынылды. Мұнда классикалық, қазіргі заман және ұлттық би мәнерлері керемет үйлесім тауып, қазақстандық балет өнерінің құдіреті, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері паш етілді. «Әлем» балеті көрермендерді ерекше күйге бөлеп, басты рөлді сомдаған Назерке Ахметтің өнеріне ерекше қол соқты.
– Жас өнер ұжымының әлемдік балет өнерінің шыңын бағындыруға деген ұмтылысы шетелдің талғампаз көрермендері тарапынан да лайықты бағаланып келеді. Оған ондаған мемлекеттерде гастрольдік сапарларда болғанымызда көзіміз анық жетті. Осы жолы «Әлем» алғашқы көпшілік спектаклінен «Gaia» атты соңғы туындыға дейін қазақстандық, ресейлік, америкалық хореографтардың батыл эксперименттерінің жетістіктерін, өткен ғасырлардағы мол мұра мен ХХІ ғасырдағы көзтартар қойылымдарды ұсындық,–деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында хореографиялық ұжымның бас режиссері Мүкарам Авахри.
Петропаволдықтар екі күн бойы сұлу сазбен көмкерілген би ғаламатын тамашалады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Петропавл.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.