• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Әке, сені сағындым

3030 рет
көрсетілді

Сіз, білмейсіз ғой, білмейсіз, білгіңіз де келмейді. Мен әкемді сағындым. Өт­кен жолы әкем келді. Маған көп-көп ойын­шықтар әкелген. Ол ойыншықтар тіп­тен қызық емес. Мен әкемді көргеніме қуандым. Әрине, іштей қуандым. Сырттай түк ештеңе болмағандай отыра бердім. Анам да әкеммен сөйлесіп, жадырап, жайнап қалды. Бірақ, бес-алты күннен кейін ол қайтадан кетіп қалды. Әрине, Алматыға кетті. Анам екеуі тіл табыса алмады ма, білмеймін, маған ол жағы түсініксіз. Әке-шешемнің араларында мен білмейтін, түсінбейтін бір сыр бар. Анам оны ашып айтпайды. Мен одан әкем туралы ләм-лим деп сұрамаймын. Өйткені, бірде анамның әпкесі Қарашаш ана: – Әден, сен үлкен жігітсің ғой. Мамаңнан әкең туралы сұрама. Көңілі құлазып, жылап қалады, – деп түсіндірген. Мені біреулер сыртымнан: «Неткен тәртіпті бала. Көп сөйлемейді, басқа балалар сияқты шолжаңдамайды», деп мақтап жатады. Олар менің ішкі дүниеме бірауық үңілсе ғой. Міне, үш жылға жуық уақыт өтті, анам екеуміз бөлек тұрамыз. Астанада пәтер жалдап, өмір сүріп келеміз. Анам мен әкем Алматыда бірге тұр­ғанда, жатақханада баспанамыз болған. Бір бөлме болса да жарық, жылы, сондай көңілді еді. Бір күні ұрыс-керіс болып, әкем анамды ұрып-соқты. Ол әпкелеріне айтып барыпты. Содан Самал мен Қарашаш аналар анамды әкемнен айырып әкетті. Әкем басқа пәтерге шығып кетті. Жатақхананы біреулерге жалға беріп қойды. Содан Астанаға көштік. Мен мектепте екінші сыныпта оқимын. Анам бала­бақ­шада жұмыс істейді. Шынын айтсам, пәтерден-пәтерге көшіп шаршадық. Біреудің қабағына қараған қандай жаман. Асыр салып ойнай алмайсың. Қатты жүгірсең ұрсады. «Қашан өз үйіміз болады екен», деп армандаймын. Үлкендер бәрін өздері шешеді ғой. Баласынан сұрамайды. Егер сұрай қалса, мен көп-көп арманымды айтар едім. Қандай арман дейсіз бе?! Тыңдасаңыз айтайын. Әкем отбасымызға қайта келсе екен деймін. Әзірге үй алғанша, жатақханамызға қайта барсақ. Онда мен барлық балаларды танимын. Мектеп те жақын. Болат, Мақсат, Дархан сияқты бөлелеріммен және өзге де достарыммен ұзақ күн доп қуалап, ойнар едік-ау, шіркін!.. Мен бәрін де ойлаймын. Ойлай беремін, ойлай беремін. Сосын шаршап кетіп, ұйықтап қаламын. Тамаққа тәбетім жоқ. Сөзге де зауқым жоқ. Мені сағыныш меңдеген. ...Әке, сені сағындым, келші, келші, әкетайым! Мені құшағыңа алып, көтерші мойныңа, ойнатшы!.. Анау Қайсар бөлем қандай бақытты. Әкесі жұмыстан келсе, ылғи көп-көп тәтті­лер әкеп береді. Сенбі күні қыдыртып: «Мә, жей ғой, мә, ала ғой!» деп, барын аузына тосады. Ақшаны аямайды. Ол ерке, кейде әкесін тыңдамайды, күні бойы теледидар көріп, компьютерде ойын ойнап отырады. Менің әкем жанымда болса ғой, өйтпес едім. Тілін алып, ақылын тыңдар едім. Өйткені, әкемді жақсы көремін ғой. Мектептен жалғыз қайтамын. Жалғыз өзім көңілсіз боламын. Басқа балаларды кейде әкесі, кейде анасы, ал кей күндері апа-ата­лары әкетіп жатады. Соларға қызы­ғамын. Қызғанамын да. Бір күні досым Берік: – Әден, сені ылғи мектепке анаң әкеліп жүр. Сабақтан соң жалғыз қайтасың. Әкең неге келмейді? – деді. Сасып қалдым. Не дерімді білмей, жылап жібердім. – Әкем Алматыда. – Қашан келеді? – Білмеймін... Содан қайтып ол ештеңе сұрамайтын болды. Бірақ, балалардың бәрі маған аянышпен қарайтынын сеземін. «Әкесі Алма­тыда, келмейтін көрінеді», деп бір-біріне сыбырлап айтқандарын естіп қаламын. Мен әкемді сағынсам, көзімді жұмып алып, ойға батамын. Өз-өзіммен сөйлесемін. «Ешкім мені мазаламаса екен, тәтті ойымды бөлмесе екен», деп тілеймін. Сондықтан да көп сөйлемеймін. Әкем, әйтеуір, анда-санда болса да келіп тұрады. Өйткені, ол тірі. Соған қуа­намын. Тірі адам, әйтеуір, бір келеді ғой, көресің, сағынышыңды басасың. Өлгендер келмейді екен. Оны мен жақында білдім. Әнеугүні біздің көршіміз Санаттың әкесі қайтыс болып кетті. Жүрегі ауырады екен. Санаттың жылағанын көрсең ғой. «Неге көп жылайсың?» деп сұрадым. «Әкем енді келмейді, енді оны көрмеймін ғой, сағынам ғой», деп ұзақ жылады. Сосын маған қарап, басымнан сипап: – Әден, сен жақсы баласың. Кішкентай болсаң да бәрін түсінесің. Сен бақыттысың, әкең бар ғой, – деп тағы жылады. Мен не дерімді білмей: – Санат, әкем Алматыда, бөлек тұрады, – деп, мен де жылап қоя бердім. Санат сонда: – Қой, жылама. Сенің әкең тірі ғой. Тірі адамды көресің. Мейлі, жылына бір рет болса да көресің. Ал өлген адам қайтып келмейді, – деп түсіндірді. Сонда барып, қуанып кеттім. Алматыда жүрсе де аман жүрсе екен деп тіледім, аман болса, әйтеуір бір келіп кетеді ғой. Иә, тек аман жүрсе екен! Өткенде Астанаға келді. Бір аптадай болды. Сол уақытта мен жақсы болып қалдым. Әкеммен ойнадым, қыдырдым, әңгіме айттым. Ішімдегі сырымды да айтып алдым. Көңілді болып жүрдім. Тамақты да жақсы іштім. Бойым өсіп кеткен сияқты. Күш пайда болды. Сондай қуанып жүрдім. Санат мені көріп: – Әден, сен бүгін көңілдісің ғой, – деді таңғалғандай түр байқатып. – Әкем келді! – Әне, айтпадым ба әнеугүні! Әкең тірі болса келеді... Ол мұңайып қалды. Жүзін бұрып әкет­кен. Мен оның көзіне қараған жоқпын. Білемін, жылап тұр. Мен ештеңе дей алмадым. Жұбата да алмадым. Өйткені, ол менен үлкен ғой. Сондықтан ештеңе айта алмады. Егер мен одан үлкен болсам: «Санат, бауырым, жылама! Әкең қайтыс болғанмен сен барсың, ағаң, інің, әпкең бар. Анаң бар. Сен жылап жүрсең, ана жақта әкең де қиналады. Жылай берсең, көз жасың көп төгіліп, ұлғая береді екен. Содан әкеңнің жатқан жері суға толып кетеді. Сосын ол қиналады. Бұл сөзді өткенде естідім. Нағашы әжем қайтыс болып, Қарашаш әпкем көп жылады. Сонда молда ата: «Қызым, көп жылама. Көз жасың көп төгілсе, анда жатқан анаңның қабіріне су толып кетеді. Анаң қиналады ғой. Сен жы­ламай жүрсең, анаң да о дүниеде қинал­майды», деген еді. Сол сөзді ұмытпай, есіме сақтап алдым. Сондықтан Санат, сен жылама!» деп айтар едім. Санат әлден кейін жұбанды. Екеуміз доп қуып, ойнап кеттік. Әкем кеткен соң, мен баяғы қалпыма түстім. Ештеңеге көңілім соқпайды. Тек ойлана беремін, ойлана беремін. Бәрін ойша шешемін. Мені көп адам жуас деп ойлайды. Көп сөйлемеймін. Көп шешіле қоймаймын. Әкемді сағынамын, сосын ойлана беремін. Көп ойлана берген соң, тез есейіп кеткен сияқты көрінеді екенсің. Ойын баласы болмай, ойлы бала болып кетесің. Бәрін ішіңе жинай берсең, солай көрінесің. Егер менің ағам болса ғой немесе інім, не қарындасым болса ғой, бар ойымды айтар едім. Қайсар бөлеме айтқым келеді. Бірақ, ол мені түсінбейді. Өйткені, оның жағдайы мүлде бөлек. Оның әкесі бар, анасы мен екі әпкесі бар. Ол ештеңені ойлап жүрмеген сияқты. Бәрі оны еркелетеді. Әсіресе, анасы қатты еркелетіп қойған. Әпкелері бір себеппен қатты сөйлеп қойса болды Қайсар аңырап шыға келеді. Соны естісе-ақ анасы екі қызын ұрсып, шапалақтап та жібереді. Бұл өмірдегі адамдардың бәрі де әсіресе, балалардың барлығы да бақытты болуы тиіс қой. Біреулер бақытты, біреулер бақытсыз. Мен соның себебін түсінбеймін. Алайда, кейбіреулер өздерінің бақытты екендіктерін сезінбейді. Ол да бір түсініксіз жәйт. Әкең мен анаң, бауырларың қасыңда болса, бір үйде тату-тәтті тұрсаң, денсаулығың жақсы болса – бақыт деген сол емес пе?! Қал­ған нәрсе – алдамшы дүние. Мен үшін нағыз бақыт – отбасының татулығы, әкең мен анаңның бар болып, жаныңда жүруі, әке ықыласы, ана мейірімі. Бақыт деген – отбасындағы береке-бірлік. Өз жылы ұясын, жұмысын тастап, Астанада жалақысы аз жұмысқа тұрып, пәтер жалдап, жалғыз жүріп жатыр. Әкем болса, ол да жалғыз. Мен болсам, әкесіз өсіп келемін. Сон­да бұған кім кінәлі? Мен оның себебін қазір біле алмаймын. Менің ойымша, анам әкемді кешіре салса ғой, бәрі-бәрі орнына ке­летін еді. Біз бірге тұратын едік. Мен солай ойлаймын, ал анам мен әкем басқаша ой­лайды. Сол себепті біз бөлек өмір сүріп келе­міз. Өмір сондай қиын екен-ау. Бізге қи­ын тиіп тұр. Тіптен, әкесіз жүрген маған қиын... Менің бөлем Асанның тағдыры маған ұқсас. Оныкі менен де қиын. Оның әкесі бар, бірақ бөлек тұрады. Асанның анасы екінші рет тұрмысқа шыққан. Қазіргі күйеуі жақсы адам. Асан оны «папа» дейді. Ал өзінің туған әкесі Қасым Алматыда тұрады деп естігем. Асан бес жасқа толғанда анасы мен әкесі ажырасып кетіпті. Содан қай­тып көрмепті. Мен осыған таң қаламын. Қан­шама жыл өтсе де әкесі оны мүлде іздеп келмепті. Сөйлеспепті де. Қандай қатыгез еді десеңізші! Өз баласын өзі іздемейтін неткен тасбүйрек еді! Алматыда тұрады, балалары бар дейді. Бірақ, өзінің тұңғыш ұлы Асанды ұмытып кеткен. Олар Алматыда тұрып, бір ауамен тыныстап, әдемі қаланың тұрғындары болғанмен кездеспеген. Анау аспанда жамыраған жұлдыздар оларға ортақ қой. Бір қаланың тұрғындары – қатыгез әке мен көңілі жарымжан балаға ортақ Табиғат сыйы. Оны әкесі сезінбегенмен, Асан кейде сол жұлдыздарға ұзақ-ұзақ қарап, әкесін ойлап, сағынады. Жұлдыздар бір қаланың тұрғындары – әкесіне де, баласына да жарығын түсіріп тұрады. Әкесінен де жұлдыздар жақын. Себебі, жұлдыздар құдды сырлас досындай. Достары әкесімен сырласса, Асан бар сырын сан мыңдаған жұлдыздарға айтады. Асан бүгін де мұңлы. Әкесін сағынады, бірақ тілдесе алмайды. Түрі еміс-еміс есінде. Қалған оқиға есінде жоқ. Қазіргі әкесі жақсы көреді, өз әкесі сол күйінде із-түзсіз кеткен. Асан «шіркін, әкемді бір көрсем ғой» деп армандайды. Бір көріп алса, ешуақытта ұмытпас еді. «Әке, сені сағын­дым! Сен қайдасың, неге мені ізде­мейсің. Менің қандай жазығым бар? Әке мен ержетіп келемін. Ертең мен де әке боламын. Сонда балама не деймін. Сен туралы не айтамын?» деген ойын Асан талай рет менімен бөлісіп еді. Асанның тағдыры менен қиын. Ол Алматыны шыр айналса да осында тұрып жатқан әкесін таба алмайды, сөйлесе алмайды, көре алмайды. Оған қарағанда, мен бақыттымын. Әкем Алматыда, мен Астанада болсақ та, оны көре аламын. Ол мені іздеп келеді. Әрине, сағынамын. Алайда, мен әкемді ең болмаса, айына не жылына бір рет болса да көре аламын ғой. Ал Асан мүлде көре алмайды, сондықтан жиі-жиі сағынады. Жер басып жүрген әкені көре алмау қандай қиын. Оның тағдыры Санаттан да ауыр. Санат әкесін жақсы біледі. Ол о дүниеде ғой. Оған арнап Құран оқытады. Басына барып, топырақ алады. Суретіне қарап, сөйлеседі. Сөйтіп, сағынышын басады. Асан ше... тірі жүрген әкесін таба алмай, сағыныштан жарылардай болып жүр. Сонда деймін-ау, әкесі баласын сағынбай ма екен? Сағынса іздеп келмей ме? Өзге балалары бар ғой, бірақ Асан оның тұңғыш ұлы емес пе? Осы ой келгенде шыдай алмай, көзімді тарс жұмып аламын. Әрі қарай ойлай алмаймын. Асан қазіргі өгей әкесін сыйлайды. Қазір­гі кезде олар жақсы тұрып жатыр. Екін­ші әкесінен қарындастары бар. Қы­лығы сондай тәтті. Бұл әкесінің бірінші әйе­лінен бала болмапты. Сосын ажырасыпты. Оның Асан десе, қу жаны қалмайды, балажан. ...Әке, сені сағындым, қатты сағындым! Келіп кетші, әкетай! Мені көтеріп, ерке­летші, әкетай! Әке-тай, әке-тай-ым!.. Өткен жолы әкем келгенде мен ойымды ақтарып салдым. – Әке, сені сағынып кеттім! – деп мойнына асыла кеттім. – Балам, Әдентай, мен де сені сағындым! Көзінен жас ыршып түсті. Мен таңданып қалдым. Үлкен адам да жылай ма екен? – Әке, сағынсаңыз неге бірге тұрмай­мыз?! – Менің де сендермен бірге тұрғым-ақ келеді. Бірақ, анаң ғой көнбей жүрген. – Неге көнбейді? Сұрадыңыз ба өзінен? – Иә. Анаңның айтуынша, Самал мен Қарашаш әпкелері қарсы екен. «Саған» сенбейді дейді. «Қосылып алса, кейін тағы тиісуін қоймайды», депті. – Сіз ше, қайта қосылсаңыз жаман әдетке басасыз ба? – Жоқ, енді олай жасамаспын. Сен үшін, ұлым, бәрін қоямын. – Онда анама айтыңыз, Алматыға ке­тейік. – Анаң бармаймын дейді. – Неге? – Барғысы жоқ. Өзі менен басын ала қашпайды. Анау әпкелері қарсы болып жүр­ген көрінеді. Анығын біле алмадым, балам. – ?.. ...Мен одан әрі еш нәрсе де сұрамадым. Бәрі белгілі болғандай. Анамның әкеме қайта қосылуына әпкелері қарсы сияқты. Олардың әкемнен көңілдері қалған шығар. Сондықтан сенбейді. Егер анам өзі үшін, мен үшін батыл іс жасап, әкеммен бірге кетіп қалса ше? Онда олар есіктен кіргізбей ме? Мүмкін, осыдан қорқатын болар. Әкем сол кеткеннен әлі келген жоқ. Арада көп уақыт өтті. Мен әкемді сағындым. Анам да көңілсіз жүреді. Бәлкім, ол да сағынды ма екен? Бірақ, сағынса артынан барар еді ғой. Осы үлкендерде сағыныш деген сезім жоқ болғаны ма?! Баланы сағынса да бір-бірін сағынбайтыны несі екен? Бұл маған беймәлім жәйт. Үлкейсем түсінетін шығармын. ...Әке, сені сағындым. Санат та әкесін сондай сағынып жүр. Кеше зиратына барып келіпті. Асан да әкесін сағыныпты. Ал әкесі оны іздемейді. Ол бар сырын жұлдыздарға айтады. Бір өкініштісі, жұлдыздар үндемейді ғой. Сен мені қашан іздеп келесің, әке?! Мен үлкейгенде көп-көп ақша жиып, Алматыға сені іздеп барамын. Қазір барайын десем, адасып кетемін. Адасқан баланы біреулер ұрлап кетуі мүмкін. Басқа елдерге сатып жіберетін көрінеді. Тағы біреулер балаларды аулада ойнап жүрген жерінен ұрлап әкетіп, бүйрегін, бауырын, не денесінің бір мүшесін тартып алады екен. Өткенде анам сондай бір оқиғаны газеттен оқып берді. Содан бері: «Ешқайда рұқсатсыз шықпа. Бөтен адам алдап шақырса да барма. Сыйлық берсе алма», деп қайта-қайта ескертетін болды. Мен сол үшін ешқайда шықпаймын, әке! Мені біреулер алып кетсе, сіз таба алмай қаласыз ғой. Сондықтан анамның қасынан рұқсатсыз шықпаймын, үйден де, ауладан да алыс кетпеймін. Сені күтемін, әке!.. ...Әке, сені сағындым, сондай қатты сағындым. Келіңізші тезірек, ойнатыңызшы мені! Сосын Алматыға барайық. Асанның әкесін іздейік. Мен үшін сіз асқар таусыз. Сіз барда мен бақыттымын. Асан да бақытты болсыншы деп тілеймін. Ол үшін әкесін табуымыз керек. Мүмкін, Асанның әкесі де оны сағынып жүрген шығар. Мүмкін ғой... Ал Асан әкесін іздейді. Оның бар сырын жұлдыздар ғана біледі. Сосын мен білем. Сондықтан оның әкесін іздейік, әке! ...Әке, сені сондай қатты сағындым! Нұрлан ҚАЛҚА.