• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Ықпалдастыққа өріс кең

269 рет
көрсетілді

Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен АҚШ Энергетика министрі Эрнест Мониз кездесті. Онда атом, мұнай-газ және химия салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар, сондай-ақ, энергетика саласындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын сөз етті. Ерекше назар жақында Вашингтон қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне аударылды. Сыртқы саясат ведомство­сының басшысы АҚШ Энергетика министрін Иран ядролық бағ­дар­ламасы шеңберіндегі келіссөздер үдерісінің сәтті аяқталуымен құттықтай отырып, Қазақстан осы мәселеге ерекше назар аудара­тындығын және оның өңірдегі сауда-экономикалық ахуалды жақсарту тұрғысынан қарағанда, маңызы зор болып табылатынын атап өтті. Тараптар Қазақстан Респуб­ликасы мен Америка Құрама Штат­тары арасындағы энерге­тикалық әріптестік жөніндегі арнайы ко­миссияның (ЭӘАК) жұмысына жоғары баға беріп, оның одан әрі дамуына сенімдерін білдірді. Сұхбаттастардың пікірінше, ЭӘАК ядролық қауіпсіздік, атом энергетикасы, көмірсутек ресурс­тары, жаңартылған энергетика және энерготиімділік, сондай-ақ, электр энергетикасы сияқты ба­сым бағыттағы екіжақты қаты­настарды нығайтуға бағытталған маңызды және сәтті тетік болып саналады. Жаһандық ядролық қауіпсіздік режімі мен таратпау мә­селелері де жан-жақты талқы­ланды. Америкалық тарап Қа­зақ­станда АЭХА-ның Тө­мен байы­тылған уран банкінің құрылуы мен Иранның ядролық бағ­дарламасы бойынша екі раунд келіссөздер өткізу үдерістеріндегі Қазақстанның рөлін жоғары баға­лады. Сонымен бірге, сұхбат­тастар атом, мұнай-газ және химия өнеркәсібі салаларындағы өза­ра тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тұрғысынан сауда-экономикалық және инвестициялық ынты­мақ­тастықты кеңейту, америкалық тараптың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға қаты­су мүмкіндігі, сондай-ақ, дәс­түрлі және баламалы энер­гетика салаларындағы ынтымақ­тастық мәселелері бойынша пі­кір алмасты. Халықаралық ғы­лыми-техникалық орталықтың бір­лескен жобаларын іске асыру­дағы серіктестік жайы да талқы­лау тақырыптарының біріне айналды. АҚШ энергетика ведомство­сының басшысы климаттың жаһан­дық өзгеруіне, болашақ ұрпақ үшін таза экологияны сақ­тауға қатысты өзінің алаңдау­шы­лығын білдіре келіп, Қазақ­станның алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне АҚШ-ты қатысуға шақыр­ғанын қуаттады. Сондай-ақ, ол Қазақстан Президен­тінің ЭКСПО-сити инфрақұры­лы­мының негізінде БҰҰ жанынан Жасыл технологияларды дамыту орталығын құру жөніндегі бас­тамасы мен болашақта «Астана» Халықаралық қаржы орталы­ғының алаңын америкалық компаниялар мен инвестициялық қор­лардың пайдалануына мүмкіндік берілетініне өзінің ризашылығын жеткізді. «Егемен-ақпарат».