• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Шуақты күнгі жүздесулер

351 рет
көрсетілді

Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Вице-премьер Дариға Нұрсұл­тан­қызы алдымен Ақкөл қаласын­да болып, осында жаңадан са­лын­ған 250 орындық емхананың ашылу салтанатына қатысты. Осында дәрігерлер ұжымымен кездесіп, елімізде медицина саласын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар туралы айтып берді. Сондай-ақ, №1 Ақкөл балалар үйіндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен де кездесті. Мекеме директоры Рауза Қанатова вице-премьерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлығы үшін алғысын білдіріп, қазіргі жағдай жайында баяндап берді. Балалар үйі 1969 жылы құрылған болатын. Мұнда былтырғы жазда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ғимаратты жаңғыртуға 279 миллион теңге қаржы қарастырылған. Осының арқасында мекемеде оқу-тәрбие ісінің сапасы анағұрлым артып отыр. Кездесуде тәрбиеленушілер Вице-премьерге өздерінің шы­ғар­машылық жұмыстарын ұсынып, өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, Дариға Назар­баева Еңбекшілдер ауданының Қоғам ауылындағы Шаймерден Қос­шығұлов атындағы орта мек­тептің, Бурабай ауданындағы көпсалалы ауданаралық ауру­ха­наның және «Мерей» балабақ­шасының жұмысымен танысты. Аталған балабақшада мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту жөнінде дөңгелек үстел өткізілді. Облыстың әр өңірінен келген педагогтардың басын қосқан жиында мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды. Дариға Назарбаева болашақ ұрпақты тәрбиелеу қоғамның ортақ әрі абыройлы борышы екендігін атап көрсетті. Бұл орайда, Гаухар Хамзина жетекшілік ететін жеке­меншіктік «Мерей» балалар бақ­шасы кешені қызмет өрісін кеңітіп отырғаны жақсы қырынан аталып, мемлекет-жекеменшік әріптестігін қолдаудың түпкі қайтарымына маңыз артылды. Премьер-Министрдің орынбасары Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында, жеке­меншік «Авиценна» медицина орталығындағы жұмыстармен танысу барысында әлеуметтік саладағы бәсекелестік ортаны дамытудың тиімділігін атап көр­сетті. Дариға Назарбаеваның айтуынша, қазақстандықтар Ұлт Жос­парын жүзеге асырудан туын­дайтын мүмкіншіліктерді білуі және оны пайдалана бі­луі қажет. Мұның алғашқы қадам­­дары жасалып жатыр. Ұлт Жос­­парының табысты жүзеге асыры- луы Қазақстанға дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге, эконо­ми­калық өсім үшін лайықты жағ­дай жасауға және барша қазақ­стандықтардың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді. Үкімет басшысының орынбасары «Достық» үйінде этномәдени орталықтар мен бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев салтанатты жағдайда ашқан ғимараттың өн-бойы достық пен татулық ауанымен тербеліп тұрғандай әсер қалдырады. Осыдан болса керек, әңгіме желісі де еркін арқау тартты. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары, чуваш этномәдени орталығының төрайымы Елена Мащинская, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстық поляк қауымдастығының төрағасы Александр Суховецкий, Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының актері Жарас Қалдаров облыс аумағында тұратын жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілінің тату-тәтті тіршілігінен таратып тәлімді әңгіме өрбітті. Премьер-Министрдің орынбасары Д.Назарбаева Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» жал­пыұлттық патриоттық идеясының құндылықтары негізінде қазақ­стандық біртектілік пен бірлік­ті нығайту және дамыту тұжы­рым­дамасын іске асыруда жетекші рөл Қазақстан халқы Ассамблеясына берілетіндігін атап көрсетті. Осы­ған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар қағидатты міндеттерді шешуді жүзеге асыруда. Айқын мақсаты, жасампаз жа­растығы бар еліміз биік белестерден көріне беретіні айқын. Өйткені, ел бірлігі барлық ізгі ниеттеріміздің тірегі болып табылады. Үкімет басшысының орынбасары бұдан кейін №2 орта мектепте, Мағжан Жұмабаев атын­дағы облыстық әмбебап кітап­ханада, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде болды. Болашақ – білімді ұрпақтың қолында. Дариға Назарбаеваның аталған уни­вер­ситеттің оқытушы-профес­сорлық құрамы мен студенттермен кездесуі осы тақырыпты тереңдетуге арналды. Үкімет тарапынан жасалып жатқан жаңа қа­дамдардың мазмұны ашып көр­сетілді. Бүгінгі күні білім және ғылым саласында функциялық сауат­тылық корпусы қалыптасуда. Оны байыптылықпен жетілдіре түсу қажет. Осы мақсатта 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік білім және ғылымды дамыту бағ­дар­ламасы қабылданды, деді ол өз сөзінде. Вице-премьер Дариға Назар­баеваның жұмыс сапары барысында облыс әкімі Сергей Кулагин бірге болды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.