Газетіміздің 1 сәуір күнгі санында «Баянауылдың ауылдары тағы да су астында қалмақ па?» деген сын мақала жарияланған-ды.
2 сәуір күні жаңа тағайындалған облыс әкімі Болат Бақауов Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар барысында облыс әкімі біз мақалада жазғандай, Қараащы, Теңдік ауылдарының су тасқынына қарсы жасап жатқан дайындықтарын тексерді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, өңір басшысы Теңдік ауылы жанындағы біз газетімізге суретімен жариялаған көпірдің де жағдайын өз көзімен көріп қарап шықты. Өткен жылы көпірдің Ащысу өзені үстіне салынған тірегі ағын суға шыдас бермеген еді. Соның салдарынан ауылда төтенше жағдай қалыптасып, алты тұрғын үй, төрт шаруашылық құрылысы суға кетіп, 99 тұрғын және 162 бас мал көшірілген болатын.
Биыл наурыздың соңында Қараащы ауылының маңында айнала бөгет салынды. Қазір қар кеткен аймақ 70 пайызды құрайды, қар таулы жоталарда ғана қалды. Осыған байланысты қорғаныш топырақты 800 метрге дейін ұзартуға шешім қабылданған болатын. Су тасқыны жағдайы үнемі бақылау, Баянауыл ауданы бойынша тәулік бойы бақылау жүргізіліп, төтенше жағдай қызметтері қауіпке қарсы сақадай-сай тұр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша, облыс әкімі Болат Бақауов апатты жағдайды болдырмау үшін Баянауыл ауданының басшылығы мен облыстың төтенше жағдай қызметтеріне Қарағанды облысының төтенше жағдай департаментімен байланыс орнату жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.