Кеше «Тұран» колледжінде Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасы мен осы оқу орны бірігіп, «Балалық шақты қорғау» атты дөңгелек үстел өткізді. Онда балалар құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу және құқықтық қоғамды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Жиынға Алматы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Д.Тыныштығұлова, білім басқармасының жасөспірімдер құқығын қорғау бөлімінің басшысы Л.Орынбасарова, «Құқық» қоғамдық қорының басшысы О.Рыль, Астана қаласы ішкі істер басқармасының полиция капитаны Г.Гафур, «Тұран» колледжі білім беру мекемесінің құрылтайшысы Қ.Құдайбергенов қатысып, маңызды тақырып шеңберінде әңгіме қозғады.
Бұдан соң «Тұран» колледжінің 1-3 курс студенттері арасында өткізілген «Өз құқығыңды біл!» атты авторлық плакаттар байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар анықталды.
Атап айтсақ, І орынды «Сәулет» мамандығының 2-курс студенті Марат Қуанышқалиев, ІІ орынды «Сәулет» мамандығының 1-курс студенті Қабдуәли Қабдулинов, ал ІІІ орынды «Сәулет» мамандығының 2-курс студенттері Арман Мәжитов пен Рауан Рысбек иеленді.
Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА.