• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Бұл – ескерту әрі сақтандыру

309 рет
көрсетілді

– дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Шаймардан НУРУМОВ – Шаймардан Үсе­йін­ұлы, Мемлекет бас­шы­сының «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фе­сінде әлемдік қо­ғам­дастықтың іс-қи­мы­­лының тұтастық ал­го­ритмдерін кешен­ді негізде түзудің ба­ғыт­тары көрсетілген. Осы жөнінде ой бө­ліссек деп едік. – Елбасымыз манифесте көрсетілген бес бағытты сөз етпес бұрын: «Мемлекеттер ара­сындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауап­кершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негіз­делген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек», – деді. Түпкі мәніне назар салатын болсақ, мұнда әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейбіт келіссөздер мен үнқатысулардың алатын орны, атқаратын қызметі ерекше екенін байқауға болады. Елбасымыз осындай өзекті және өткір мәселелерді ірі халықаралық жиындарда үнемі көтеріп жүр. Соның нақты бір дәлелі – бүгінде әлемдік қоғамдастықтан үлкен қолдау тауып отырған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі. Президентіміз манифесте бес бағытты атап, олардың әрқайсысын таратып айтып берді. Бірінші бағыт – ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Мұның жарқын үлгісін, даңғыл жолын Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап көрсетіп келеді. Мысалы, бұдан 25 жылдай бұрын Елбасы аса қиын әрі күрделі жағдайларға қарамастан, өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Осылайша, Президентіміз адамзатқа аса қауіпті атом аждаһасының аранына құм құю арқылы жаппай қырып-жоятын қаруға ие елдер арасында алғашқы болып батыл қадам жа­сады. Бұдан кейін, яғни 2015 жылдың 7 жел­тоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы біздің еліміздің бастамасы бойынша ядролық қару­дан азат әлем құру тура­лы жалпыға ортақ дек­ларация қабылдады. – Енді манифестегі екінші және үшінші бағыттарға тоқталып өтсеңіз. – Мемлекет басшысы екінші бағыт бойынша осы ғасырда соғыс­ты өмірлік іс-әрекеттің тәсі­лі ретінде дәйектілікпен алас­тау арқылы орнықты әлемнің гео­графиясы қалыптастыруды ұсынып отыр. Елбасының атап өтуінше, дүниежүзінде ядролық қарудан азат алты аймақ бар екен. Олардың ішінде ең «жасы» осыдан он жыл бұрын Семейде бір-біріне көршілес бес мемлекет құрған Орталық  Азиялық ядросыз аймақ болып табылады. Міне, осындай ядросыз аймақтардың құрылуы адамзат баласын төніп келе жатқан алапат қырғындардан арашалап қалудан туған ізгі ниеттестік деп бағалауға болады. Бүгінде әлем жұртшылығы ядролық қарудың зардабы орасан зор болатынын жақсы түсінді. Мысалы, өткен ғасырдың орта шенінде Жапо­нияның екі қаласына тасталған атом бомба­ларының зардабы мен зауалын жа­пондықтар әлі тартып келеді. Бұған 40 жыл бойы жаппай қырып-жоятын қару түрлерін сынап келген Семей сынақ полигонын қосыңыз. Мемлекет басшысы үшінші бағытқа милитаризмнің жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретіндігін алып отыр. Жасыратыны жоқ, бір-біріне бәсекелес әскери блоктар халықаралық ынтымақтастықты мүмкіндігіне қарай кең ауқымда тереңдетуге кедергі келтіретіні де бар. Осы мәселеге байланысты Президент: «Өткен соғыстар мен жанжалдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өзіңнің қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес», – деп атап көрсетеді. – Президент, сондай-ақ, «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама әзірлеуді ұсынды. – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-тың астанасында бүкіл халықтың болашағы үшін кепіл болатын бағдарлама түзуді ұсынуы – тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жасалған ма­ңыз­ды қадам болып табылады. Пре­зидентіміздің осы ұсынысы әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты бағасын алып, өзекті мәселенің түйінін шешуде маңызды рөл атқа­ра­тынына сенімдімін. Мемлекет басшысы манифесте терроризм қаупінің уақыт өткен сайын асқынып бара жатқанына алаңдаушылық білдіре келіп, оның халықаралық сипатқа ие бола бастағанына да тоқталған. «Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне өтіп үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі шындыққа айналуда», – деді Президент осы жөнінде. Бүгінгідей терроризм қаупінің асқынып тұрған кезінде, ядролық қарудың пиғылы теріс біреулердің қолына түсу мүмкіндігі, шынын­да да, алаңдатпай қоймайды. Елбасы осыны ескертумен қатар, оны болдырмаудың алдын бүгіннен алу қажеттігін алға тартып отыр. Өйткені, қазақ «Сақтансаң – сақтай­мын» деген ғой. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен танысқан кез келген адам бейбітшілік пен тұрақтылықтың, қауіпсіз де алаңсыз өмір сүрудің қаншалықты қымбат екенін бірден түсінеді.  Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».