• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2016

Ауыл шаруашылығын өркендетудің өзекті мәселелері

1558 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Жібек жолы бойын­дағы ауыл шаруашылығы саласын жандандыру: Орталық Азия өңіріндегі құрылымдық өзгерістер, ресурстар және сауда» тақырыбында халық­аралық ғылыми конференция-симпозиум өтті. Оған әлемнің 30 елінен 200-ден астам белгілі зерттеуші-ғалымдар, сондай-ақ, АҚШ, Жапония, Израиль, Австралия, Ресей және Еуропа елдері басшыларының кеңесшілері қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық білім орталығы» КАҚ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Халықаралық ауылшаруашылық экономистері ассоциациясы (IAAE) мен Өтпелі эконо­микалы елдердегі аграрлық дамудың Лейбниц институтының (IAMO, Гер­мания) бірлесуімен ынтымақтастық-ықпалдастық жағдайында өтіп, үш күнге созылған іс-шараның негізгі мақсаты – ғалымдар бірлесе отырып өзара тәжірибе алмасу және ауыл шаруашылығындағы экономикалық тиімділікті арттыру әрі осы мәселеге тікелей қатысты проблема жолдарын айқындап, бірлесіп шешу. Алқалы жиынды салтанатты түрде сес­сия төрағасы, профессор Томас Херц­­фелд ашып, аталмыш басқосудың мәні мен маңызына тоқталып өтті. Құт­тықтаушылар қатарында сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов конференция еліміздегі елеулі оқиға екендігін, өйткені, осыдан 30 жыл бұрын 1980 жылы Минск қаласында Ауыл­шаруашылық экономистерінің халықаралық ассоциациясының соңғы конгресі өткендігін, ал бүгінгі басқосу сол жиынның заңды жалғасы әрі ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығымен орайластыра өткізіліп отырғандығын алға тартты. – Қазіргідей әлемдік қаржы дағ­дарысы жағдайында Қазақстанда ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру қажет. Бүгінгі таңда Қа­­зақ­­станда 191 мың­нан астам аг­­ро­­­құрылымның 183 мыңнан астамы, яғни 95 пайызы шаруа қожалықтары. Солардың 40 пайызының ауыл шаруа­шылығына пайдаланатын жер көлемі – 10, қал­ғандары 50 гектардан аспайды. Мұндай шағын қожалықтармен ауыл шаруашылығын қалай дамыта аламыз? Оның үстіне, олардың өндіріп отырған тауарларының бәсекеге қабілеттілігі, әрине, төмендеу. Сондықтан, мұндай құрылымдарды ірілендіріп, елімізде ірі аграрлық құрылымдар құру қажет. Сонда ғана, оларға инвестиция арқылы инно­вациялық технологияларды ендіре отырып, қазақстандық брендке айналатын ет-сүт өнімдерін экспортқа көптеп шығаратын боламыз, – деді Т.Есполов. Конференция-симпозиум барысында өнімді аз беретін егістік жерлерді жайылымдық жерлерге айналдырудың тиімділігі өте жоғары деген пікірімен бөліскен Копенгаген университетінің профессоры, Германиядағы Өтпелі экономикалы елдердегі аграрлық даму Лейбниц институтының аға ғылыми қызметкері Александр Прищепов, сон­дай-ақ, гектарына 2-3 центнер өнім беретін жерлерді қайта-қайта жыртып, егін егу көп шығын келтіреді әрі жерге зиянын тигізетінін тілге тиек етті. – Қазақстан о баста мал шаруашы­лығы кеңінен дамыған ел. Қазір де осы саланы дамытуға Қазақстанның әлеуеті жетеді. Бұл үшін түрлі экономикалық себептермен қараусыз қалған, онсыз да өнімділігі аз егістік жерлерді жа­йы­лымдық жерлерге айналдыруға болады. Бүгінде Ресей, Қазақстан және Украинада 60-70 млн. гектар егістік жер қараусыз жатыр. Солардың ішінде 50 млн-нан астам га жер Ресейге тиесілі болса, 10 млн. га жер Қазақстандікі. Әрине, оларды біртіндеп, ауылшаруашылық айналымына қайта енгізу шаралары жүргізіліп жатыр. Бірақ, сол 10 млн. гектар жердің тек 1-2 млн. гектарын ға­­на қайтадан егістікке пай­далануға болады. Қалғандары тиімсіз. Оларды жайылымға айналдырса құба-құп болар еді. Бұл үшін әрине, арнайы мем­лекеттік бағдарлама қажет», – деді А.При­щепов. Ал Израильдегі Иерусалим универ­ситетінің профессоры Цви Израильде ауылшаруашылық кооперативінің жұ­мысы жақсы жолға қойылғанын, өйт­кені, олардағы кооперативтер мақта, бидай, көкөніс өсірмей, шағын шаруа қожалықтары өсірген өнімдерді сатумен айналысатынын жеткізді. – Яғни, сервистік қызмет көрсетеді, деді профессор. – Сон­дықтан Қазақ­с­танға да шағын қожалықтарды ұйым­дастыру тәжірибесінен үйренуі керек. Екіншіден, халық­аралық нарық­қа шығуды ойластырып, ауыл шаруа­­шылығын экспортқа бағыттау. Оның ішінде мал ша­руашылығы өнімдерінің болуы өте маңызды. Өйткені, мал шаруашылығы секторы мемлекетке ең маңызды табыс әкелетін сала. Жалпы, Қазақ­стан бидай өндіруден әлемдегі ең жетекші елдер қатарында. Сон­дықтан бұл жерде ғылым мен ауыл шаруа­шылығын ұйымдастыруды жолға қойып, бидайдан мол өнім алуға болады. Ал Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөніс өндіруде үлкен әлеуеттеріңіз бар. Конференция барысында 27 сес­сия өтіп, 150-ден астам баян­дама жасалды, жиын жұмысы ағыл­шын, орыс тілдерінде ілеспе аудару әдісімен жүр­гізілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».