• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2016

Қарағанды қарқыны

357 рет
көрсетілді

Ұлт Жоспары ұлы істерге бастайды

Қарағанды қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің қатысуымен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру» тақырыбы бойынша брифинг өтті. Облыс басшысы бүгінгі күнге дейін Қарағанды облысында Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, болашақта қолға алынатын іс-шаралардың жай-жапсарын егжей-тегжейлі баяндады. Ұлт Жоспарының бірінші бағыты мемлекеттік аппаратты кешенді түрде жаңғыртуға бағытталған. Бұл міндетті іске асыру үшін былтырғы жыл­дың аяғында «Қазақстан Рес­публикасындағы мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң қа­былданған болатын. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметке кіру үдерісі де өзгеріске ұшыра­ды. Мысалы, кәсіби қызмет табалдырығын алғаш аттаушылар үшін енді бәрін де төменнен бастау керек. Біздің облысқа келер болсақ, биылғы жылдың басынан бері 12 төменгі лауазымды қызметке жалпы конкурс жарияланды, деді облыс басшысы. Бүгінгі күнде 83 мемлекеттік қызметкер сынақ мерзімінде жүр. 57 бос қызмет орындарына ішкі конкурс жарияланып, оның 51 бос орынға арналған конкурсы аяқталды. Соның нәтижесінде 35 адам мемлекеттік қызметке тағайындалған. Бұл жерде іш­кі конкурстардың бәріне бай­қаушылардың қатысқанын және олардың бәрі де әділ өткенін айту керек. Қазір мемлекеттік қызметшіні іріктеп алу тәртібіне үш сатылы жүйе енгізілген. Ол дегеніңіз – заңнамалар бойынша сынақтан өту, жеке қасиетті бағалау және әңгімелесу. Биыл тест сынақтарына 684 адам қатыс­са, жеке қасиетті бағалау бойынша 397 үміткер бақ сынады. Мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексі енгізілуіне байланысты этика мәселелері бойынша өкілетті лауазым та­ғайындалды, этика бойынша құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері және мемлекеттік органдар басшылары енген кеңес құрылған. Қазіргі уақытта бұл ұйым қалыпты жұмыс істеп тұр, бүгінгі күнге дейін кеңес өзінің екі отырысын өткізіп үлгерді. Сондай-ақ, облыс басшысы бүгінгі таңда құқықтық жүйені дамытудың барлық қадамда­ры жүзеге асқанын тілге тиек етті. Бес сатылы сот жүйесін үш деңгейлі сотқа ауыстыру бағы­тында бірқатар шаралар атқарылған. Облыста жекелеген сот орындаушыларына әлеуметтік маңызды категориялар бойынша, әкімшілік айыппұлдар бойынша істерді тапсыру жұмысы белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірде 114 жеке сот орындаушысы бар. Ағымдағы жылдың басынан бері облысымызда жергілікті полиция қызметі жұмыс істей бас­тады. Қазір бұл құрылымның құрамында 2 702 тәртіп сақшысы бар. Полиция қызметкерлерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де ерек­ше назарда. Осы мақсатта жергілікті полиция қызметіне 350 бейнетіркеуіштер алу үшін бюд­жеттен 52,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Облыстық ішкі істер депар­таменті жанынан құрамы 9 адамнан тұратын консультативтік-кеңесу органы құрылған. Оған халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросының Қарағанды филиалының директоры, қалалық және аудандық мәс­лихаттардың депуттары, Бас ақпараттық-сараптама орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық адвокаттар алқасының төралқа төрағасы және басқалар мүше болды. Прокуратура саласындағы басым бағыттағы шаруаның бірі – 2016 жылға деп «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталын жетілдіру болмақ. Яғни, болашақта тұр­ғындар облыстағы қылмыстық ахуал және құқық қорғаушылар жұмысының тиімділігімен онлайн тәртібі бойынша танысуға мүмкіндік алады. Жалпы, құқық қорғау жүйесін жаңғырту бо­йынша жұмыстар 2017 жылы да жалғасын табады, деп сендірді өңір басшысы. «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парын жүзеге асыру барысында жер қатынастары, құры­лыс, электр энергетикасы, агроөнеркәсіптік кешен бағыттарына ерекше мән берілетін болады. Облыстың алты өңірінде ауыл ­шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жер салығы, көтерілген. Мұның өзі жерді тиім­ді пайдалануға ынталандыруы тиіс. Жалпы аумағы 286,8 мың гектар болатын 370 жер учаскесі сатылымға шығарылмақшы. Бұл шараға дайындық мақсаттарына деп бюджеттен 25,4 миллион теңге қарастырылған. Облыста бұл шаруа биылғы жылдың шілде айынан басталмақшы. Бұдан бөлек, Нұрмұхамбет Әбдібеков мүлік пен қаржыны жекешелендіруді экономиканы дамытудың басты талаптарының бірі екенін атап өтті. Инвестиция тарту мақсатында 2016 жылға арналған жоспар бекітілген. Онда барлық іс-шара­лар аймақтың инвестициялық ахуалын арттыруға бағытталған. Шетелдік инвесторлармен облысымызда жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мә­се­­лен, қытайлық Цинхуа энер­гетикалық корпорациясымен көмірді терең өңдеуге қатысты ке­лісім­шарт жасалған. 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап америкалық «Haliburton» компаниясымен баритті кендерді қайта өңдеуге бағытталған «KarazhalOperаting» ЖШС зауыты іске қосылды. Қазірге дейін аталмыш зауыт 3, 100 тонна баритті концентрат өндірген. Металлургиялық, химиялық және азық-түлік кәсіпорындарының қажеттілігін өтеу мақсатында бельгиялық компанияның қатысуымен жо­ғары сапалы әк өндіретін зауыт­тың құрылысы басталды. Сондай-ақ, оқ шығаратын зауытты тұр­ғызу да басталмақ. Сонымен қатар, облысымызда экономикалық дамудың бас­ты бағыттарының бірі ретінде туризм мен ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлі­нуде. Мысалы, облыста 8 ауыл­шаруашылық кооперативін құру ісі қолға алынбақшы. Олар негізінен ет, сүт, өсімдік өнімдерін өндірумен айналысатын болады. Бүгінгі күннің өзінде осы кооперативтің біреуі құрылып, жұмыс істей бастаған. Экономикалық өсімнің бір тетігі – туризм саласы. Бүгінде Приозер қаласында Балқаш көлінің жағасына орын тепкен «Балқаш» емдік-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. «Тас Бұлақ» таудағы қонақ үйі аумағында «Қарқаралы» сауықтыру шипажайы да демалушыларды қабыл алуға дайын. Қазіргі таңда Қарағанды –Ақсу – Аюлы – Балқаш – Сарышаған бағытындағы күре жолды төрт жолақты етіп қайта жаңғырту жөніндегі жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Егер де бұл шаруалар іске асып жатса, онда туризм нысандары инфрақұрылымдарының дамуына мықты серпін берер еді. Сондай-ақ, Қарқаралы және Ұлытау бағыттарына қатынайтын жолдардың жекелеген жерлеріне, бұдан бөлек туристік нысандарға алып баратын тағы да алты авто­жолға жөндеу жұмыстарын жүр­гізу қарастырылған. Жалпы, 2016-2018 жылдары құны 2,4 млрд. теңге тұатын 6 туристік жо­баны іске асыру жоспарда бар. Жоба жүзеге асқан жағдайда 100-ден астам адам жұмыспен қамтылатын болады. Нұрмұхамбет Әбдібеков әлеу­меттік салалар – білім беру мен денсаулық сақтауға да ерекше тоқталып өтті. Ол аймақта жа­ратылыстану-математика бағы­тындағы ұстаздардың ағылшын тілінде сабақ беру біліктіліктерін жетілдіретін курстардың үнемі өткізіліп тұратындығын айтты. Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, бүгінгі таңда тегін меди­циналық көмек көрсетуге неғұрлым көп жеке қызмет көр­сетушілер тартылған. Облыста мемлекет-жекеменшік әріптестігі механизмі белсенді түрде дамып келеді. Ағымдағы жылы аймақта құны 1 млрд. теңге болатын, мем­лекет-жекеменшік әріптестігі негізінде 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек 2016 жылдың соңына дейін 27 ауылдық дәрігерлік амбулатория ашылмақшы. Бүгінгі күннің өзінде оның екеуі жұмыс істей бастады. Электр энергетикасы саласында жылу және электр жүйелерін коммуналдық меншікке алу бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бүгінгі күнде Қарағанды қаласы мен Қарқаралы ауданы тиісті жұмыстарды тындырып, 200 шақырым электр жүйесін өз баланстарына қабыл­дап алды. Жалпы, облыста жүр­гізілген инвентаризация шара­сының нәтижесінде 289 шақырым иесіз жатқан электр жүйесі бар екені анықталған. Қарағанды облысында ұлттар арасындағы татулық, бірлік және ынтымақтастық мәселесі де ерекше назарда. Былтырғы жылдың соңында облыс орталығында «Достық үйі» ашылды. Дәл сол күні жаңа ғимараттың қабыр­ғасында «Менің Елім – Мәңгілік Ел» тақырыбы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ХVIII сессиясы өтті. Яғни, облыста этномәдени бір­лестіктердің қалыпты жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалған. Бүгінгі күнде өңірде тұрғын­дар мен билік органдары ара­сындағы қарым-қатынас беки түскен. Жыл басынан бері бар­лық деңгейдегі әкімдердің 435 есептік кездесуі өтті. Бұл шаралар өңірдің 45 мыңға жуық тұрғынын қамтыған. Жалпы, өңір басшысы өз баян­дамасында қазіргі таңда мұқ­таж жандарға көрсетіліп жатқан әлеу­­­меттік көмектер, қазақ­стан­дық бірлік пен ынтымақты дамыту және нығайту, азаматтық белсенділікті арттыру мен жастар саясаты туралы да кеңінен айтып өтті. «Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қоғамдық өмірімізде зор сілкініс тудырды. Бұл – «Мәңгілік Ел» болуды мұрат еткен жасампаз мемлекетіміздің жарқын болашағына алып барар ұлы істерді жүзеге асыруға ын­таландыратын, дұрыс бағыт сілтейтін тарихи құжат», деді өңір басшысы. Сондай-ақ, брифинг барысында облыстың 18 өңірінен тұрғындар онлайн режімін­де сұрақ қойды. Олардың 70 пайыз­­ға жуығы индустриялық-инновациялық даму мәселесі туралы болды. Облыс басшысы бұл сұрақтардың бәріне де жауап берілетінін айтты. Брифингтің соңына таман облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков журналистер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Жол қадірін жүрген білер

Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жол­дауына Қазақстандағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру саясаты негізгі арқау болып отыр. «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Ай­мақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады», деген болатын «Нұрлы Жол» бағдарламасын жариялағанда Елбасы. Мемлекет басшысы ерекше маңыз берген бұл асқаралы мін­деттерді іске асыруға тоқсан жолдың торабында орналасқан, жер көлемі аса ірі  Қарағанды облысының басшылығы да ерек­ше мән беріп, көңіл бөліп отыр. Қазіргі таңда көлік-логис­тикалық инфрақұрылымды дамыту мақсатына қомақты қаржы құйылып, қарқынды жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. «Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 2016 жылы 38,2 млрд. теңге жоспарланған. Бұл ретте жалпы пайдаланылатын жолдың 510 шақырымы жөнделетін болады. Толықтай алғанда жөндеу жұмыстарымен республикалық маңызы бар 231 шақырым, об­лыстық маңызы бар 219 шақы­рым, сонымен бірге аудандар мен қалаларда мақсатты трансферттер арқылы 32 шақырым автомобиль жолдары жөнделеді. Қарағандыда 28 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарды жүргізу барысында шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады», деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Санаубаров. «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­­­па­­ниясы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Қанат Шаймин келтірген деректер бо­йынша, қазіргі таңда 2773 шақырым жолдың 149,8 шақырымы жаң­ғыртылып, күрделі жөндеуден өткізілуде. 2016 жыл­ғы жоспарда 30,6 млрд. теңге сомасындағы бюджет қаржысын игеру қарас­тырылған. Аталған қаржының 26 млрд. теңгеден астамы жолдарды қайта жаңғыртуға, шамамен 2 млрд. теңгесі күр­делі жөндеу жұмыстарына, 1 млрд. теңгесі орташа жөндеу жұмыстарына, ал 1,4 млрд. теңгесі автомобиль жолдарын күтіп ұс­тауға жұмсалады. «Қайта жаңғыртуға сәйкес жалпы ұзындығы 93 шақырым болатын «Анар-Теміртау» ав­то­­жолының төрт учаскесінде құры­лыс жұмыстары жалғасуда. Бұл учаскелерді қайта жаңғырту үдерісі барысында 8 көлік жол айрығы мен су жолдарын, 9 кө­пір, 8 мал өтетін орын, 9 ауыл­шаруашылық техникалары өтетін жол, 1 жер жаяу жүргінші өткелі, 113 су өткі­зетін құбыр салу көз­делген», деді Қ.Шаймин. Басқарма басшысының айтуынша, Орталық – Оңтүстік дәлізінің Теміртау қаласынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі аралықтағы 576 шақырымындағы 14 учаске қайта жаңғыртылу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, ал «Бастау – Ақтау –Теміртау» автожолының 12-53 шақырымы учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында биыл шамамен 900 млн. теңге игеру жоспарланған. Сонымен қатар, биыл «Аста­на – Рождественка – Киевка – Темір­тау» автомобиль жолының 53-74 шақырымы аралығын күрделі жөндеуден өткізіп, пайда­лануға беру көзделуде.

Қамқорлық орталығы ашылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы­ның кезекті бір шарасында сәбилі болған аналарға арналған дағдарыс орталығы жүйесіне қолдау білдіру жөнінде айтқан болатын. Осыған орай, «Ана үйі» жобасына Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қолдау танытуда. Ең бастысы, осындай үйлердің ашылуына еліміздің бір топ бизнесмендері тікелей атсалысып, қаржылай қолдау жасағаны қандай сүйінішті. Мәселен, Нұрәлі Әлиев Алматы, Қарағанды, Орал қалаларындағы орталықтарға қамқоршы болса, Жезқазғандағы орталыққа «Астана Групп» компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов қамқоршы болып отыр. Бизнесмендер бір «Ана үйін» ұстауға жылына 18-25 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлуде. «Ана үйі» қоғамдық қоры – Қазақстан бизнесмендерінің қайырымдылық жобасы. Бүгінде осы қордың шапағатымен өмірдің қиын жағдайына душар болған жас аналарға демеу болатын 25 дағдарыс орталығы еліміздің 17 қаласында өз жұмысын бастап отыр екен. Соның тағы бірі таяуда Жезқазған қаласында да ашылды. Жезқазғандағы үйде 12 ананың сәбиімен тұруына барлық жағдай жасалған. Тиісті қызметкерлері бар. «Ана үйінің» ашылуына қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, қамқоршы бизнесмен Нұрлан Смағұловтың көмекшісі Әсел Елікбаева және қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Қордың қамтитын аумағын кеңейту еліміздегі әлеуметтік жетімдік ахуалына тікелей байланысты. Мәселен, қазіргі таңда ата-ана қамқорлығынан тыс қалған жетім балалар саны жағынан Қарағанды облысы алдыңғы қатарда. Үстіміздегі жылдың 1 сәуіріндегі дерек бо­йынша, облыстың 10 мемлекеттік балалар үйінде 1195 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның ішінде, 282 сәби тұл жетім болса, 913-і ата-аналарының мейірімінен тыс қалған әлеуметтік жетімдер. Осы сүреңсіз статистикада Жезқаз­ғанның да «өз үлесі» бар. Мұнда бөбектер үйі және балалар үйі жұмыс істейді. Аналар үйінің ашылуына арнайы келген Астанадағы «Ана үйі» қоғамдық қоры жо­ба­­сының басшысы Бибігүл Махметова: «Жезқазған – біздің жоба қамтыған 18-ші қала. Біз бүгінде үлкен әлеуметтік дертке ұласып бара жатқан сәбиінен бас тарту жағдайын өзгертіп, жас аналардың бөбегін сақтауына мүмкіндік туғызбақпыз. Бала  ана­сының бауырында, осы үйде бір жылға дейін тұра алады», дейді. Мақсат – әлеуметтік жетім­дердің отбасында тәрбиеленуіне қол жеткізу, еліміздегі тастанды балалардың санын кеміту. [caption id="attachment_34521" align="aligncenter" width="560"] Слайд 1[/caption] [caption id="attachment_34522" align="aligncenter" width="560"] Слайд 1[/caption] ЖЕЗҚАЗҒАН. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Қайрат ӘБІЛДИНОВ