• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2016

Заманауи сын-қатерлер уақтылы жауап қайтаруды талап етеді

1223 рет
көрсетілді

Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің көкейкесті мәселелері туралы

Біз әлем қарулы қақтығыстардың пайдасыз екен­дігін сезінді деп шын жүректен үміттенгенімізбен, есті державаның өзге елдердің уәделеріне ғана малданбай, сондай-ақ, өз елінің күш-қуатына сенетінін ұмытпайық!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

  Адам өркениеті дамуының тарихи тәжірибесі ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттілікті сақтау елдің бірте-бірте және тұрақты дамуына қажетті шарттардың арасындағы ең түпкіліктісі болып табылатынын айғақтайды. Осыған орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздікті Қазақ­станның 2030 жылға дейін­гі дамуы­ның стратегиялық басым­ды­ғ­ы ретінде белгілеп берді. Ұлттық қауіпсіздіктің басты басым­дығы жоғары серпінмен, оқи­ғалар дамуының болжауға кел­мейтіндігімен, әлемнің және ай­мақ­тың жетекші державалары ара­сындағы бәсекелестіктің нығаюы­мен, сепаратизмнің, ұлттық және діни экстремизмнің күрт өсуімен сипатталатын әлемдегі әскери-саяси жағдайдың жай-күйімен ай­қындалады. Қолданыстағы халық­аралық-құқықтық тетіктерді ес­кермей күш тәсілдерін қол­дану халық­аралық жағдайды тұрақ­сыз­дандырып, шиеленісу және қару­лану үдерістерін кү­шей­теді, мем­лекетаралық келіспеу­шілік­тер­дің жоғарылауына алып келеді. Осы факторлар мен әлемнің түрлі ай­мақтарында және жекелеген ел­дер­де, оның ішінде, Орталық Азия­да қалыптасқан әскери-сая­си жағ­дайды ескере келгенде, Қазақ­стан Республикасы үшін әс­кери қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәсе­ле­сі­нің маңызы бұрын­ғы­дан да арта түседі. Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы ұлттық қауіп­сіздіктің құ­рам­дас бөлігі және ең маңызды ком­по­ненті болып табылатын әскери қауіп­сіздікті, жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің өмірі үшін маңыз­ды мүдде­лердің әскери күш қолдануы­мен немесе оны қолдану ниетімен байланысты сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалу жағдайын анықтайды. Өз кезегінде, Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының әскери қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселесі мем­лекеттің әскери қауіп пен қатерге өз деңгейінде жауап қату мақ­сатындағы аса маңызды стра­­­­те­гия­лық міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекетіміздің әс­кери қауіп­сіздігін қамтамасыз ету­дің құқық­тық негізін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы, сондай-ақ, «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы», «Ұлттық ұлан туралы», Әскери доктрина, Қазақ­стан Президентінің Жарлықтары, сондай-ақ, әскери саладағы рати­фикацияланған халықаралық шарт­тар секілді заңдар мен заңна­малық құжаттар құрайды. Осы саладағы заңнама қазіргі заманғы сын-қатер­лерге байланысты тұ­рақ­ты түрде жетілдіріліп және бейім­деліп келеді. Еліміздің әскери қауіпсіздігі мем­лекеттер арасындағы ізгі көр­ші­лес­тік, олардың теңдік және бір-бірі­нің ішкі істеріне араласпау, халықаралық талас-тартыстарды бейбіт жолмен шешу, қарулы күштерді бірінші болып қолданудан бас тарту, мемлекеттің әс­кери ұйымын нығайту секілді саясат жүр­гізудің нәтижесінде қамтамасыз етіледі. Бұл арада болжалды қатерлерді болдырмау аса тиімді пішіндер мен тәсілдерді қолдану арқылы айқындалады. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­­­пуб­­­­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 1997 жыл­дың қа­занын­дағы Қазақстан хал­қына Жол­дауында: «Біздің қор­ғаныс саясатымызға қатысты бар­шаға түсінікті болуы тиіс жайт мынау – бейбітсүйгіш халық еш­кімнің де жеріне, ресурстарына, бай­лығына ұмтылмайды. Жерден және жер байлығынан біз кенде емеспіз, ал байлықты өз еңбегімізбен табамыз. Бірақ біз өзге елдерге қандай көзқарас та­нытсақ, олардан да Қазақстанға қатысты сондай қарым-қатынасты талап етеміз және де кез келген күтпеген жағдайларға дайын тұрамыз», деп атап өткен болатын. Еліміздің басшылығы тарапы­нан әскери қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мәселелеріне жеткі­лікті деңгейде үлкен назар ауда­ры­­лып келеді. Мемлекеттің әскер­и ұйымына қажетті барлық эле­мент­тер құрылған, олар табысты жұмыс істеп тұр және даму үстінде. Оларға мыналар жатады: - мемлекеттің әскери қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ететін мемле­кет­­тік және әскери басқару органдары; - әскери ұйымның ядросы мен әскери қауіп­­сіздікті қам­та­ма­сыз етудің негізін құ­райтын Қарулы Күштер; - әскери қауіпсіздік мін­деттерін әскери тә­сіл­­дер арқылы орындайтын басқа да әс­керлер мен әскери құралымдар; - әскери қауіпсіздік міндеттерін қам­тамасыз етуге арналған қорға­ныс-өнеркәсіп кешені. Әскери іс-қимылдарды ұйым­дас­тырудың барлық іс-қимыл элементтерін ортақ үйлестіру­ді 1991 жылдың 21 та­мызын­да құ­рылған, Қазақстан Респуб­ли­­к­асы­ның Президенті – Қару­лы Күш­тердің Жоғарғы Бас қол­басшысы бас­қаратын Қауіп­сіз­дік Кеңесі жүзеге асырады. Қауіпсіздік Кеңесі қорғанысқа қабілеттілік пен ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттік егемендікті, тәуелсіздік пен аумақ­тық тұтастықты сақтау бойынша ең шешуші мәселелерді қарастырады. Осы бағыттағы аса маңызды мәселелер Президенттің көмек­шісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хат­шы­сы жетекшілік ететін жұмыс кеңестерінде алдын ала талқы­лана­ды. Қауіпсіздік Кеңесінің әс­кери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі қызметін қамтамасыз ету үшін Қорғаныс министрінің басшылығындағы ведомствоаралық комиссия құрыл­ған. 2015 жылы Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің аппараты құрылымында Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әс­кери құралымдардың іс-қи­мылын үй­лестіретін әскери қауіп­сіз­дік және қорғаныс бөлімі құрылды. Ведомствоаралық комиссия, жұмыс топтары Қауіпсіздік Кеңесі мәжілістеріне материалдар дайындауды жүзеге асырып, Қауіпсіздік Кеңесінің немесе Пре­зи­денттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңе­сі хатшысының тапсырмасы бойын­ша талдамалық және зерттеу жұмыс­тарын жүргізеді, сондай-ақ, мемлекеттің әскери қауіпсіздік саясаты саласындағы негізгі бағыт­тар бойынша ұсыныстар әзірлеп, өз қызметінің нәтижелері туралы Қауіпсіздік Кеңесін ақпа­раттандырып отырады. Дегенмен, әскери қауіпсіздікті қам­та­масыз ету саласында аса маңызды жайт – басқару органдары емес, олардың іс-қимылдары. Аталған саладағы басты мақсат туындауы ықтимал кез келген қатерлерге тиісті деңгейде жауап қатуды қамтамасыз ету болып табылады. Соңғы кездері әскери қауіпсіздікке қатерлердің сипаты айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ішкі және сыртқы қатерлер арасындағы өзара байланыс күшейе түсті. Ал, оларға мыналарды жатқызуға болады: - өңір елдеріндегі әлеуметтік-саяси тұрақсыздық пен қарулы арандату­шылықтың ықтималдығы; - Қазақстан шекарасына жақын маңдарда әскери жанжалдар ошақтары­ның болуы; - халықаралық террорлық және радикалды ұйымдар мен топ­тардың, оның ішінде кибер­терроризмнің қызметі, қатарлас жатқан елдердегі діни экстремизм ұстанымдарының күшеюі; - ел ішіндегі жағдайды тұрақ­сыз­дандыруға, әскери зорлық-зомбы­лық тәсілдерін қолдану арқылы конс­ти­туциялық құры­лысты өзгертуге бағыт­талған экст­ремистік, ұлтшылдық және сепа­ратистік қозғалыстардың, ұйымдар мен құрылымдардың іс-әрекеттері; - заңсыз қарулы жасақтар құру және олардың іс-әрекеті; - қаруды, оқ-дәрілер мен жа­рыл­­ғыш заттарды, террорлық акті­лер немесе басқа да заңға қар­сы іс-қи­мылдар жасау үшін пай­да­ла­ну­ға болатын  құралдарды заңсыз тарату. Қазіргі кезде Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сы­на қарсы тікелей әске­ри агрессия жоқ. Кәдімгі және ядро­лық қару қол­да­нылатын кең ау­қымды соғыс туындау ықти­мал­ды­лығы төмен. Сонымен бір мез­гілде, өңірде жаңа «ыстық нүк­те­лер» пайда болуының қаупі сақ­талып қалуда. Қарулануға ұм­тылыс танытып отырған әлем­дік державалар арасында қарсы тұрушылық үрдісі айқын көрініс беріп отырғанын да атап өту қажет. Елдер әлем­дегі геосаяси жағ­дайдың ықтимал ушы­ғуына дайын болу мақ­сатында өздерінің қару­лы күштерін заманауи қару-жарақтармен то­лықтырып қана қой­май, жаңғыртып та жатыр. Біздің өңіріміз үшін «түрлі-түсті революция» деген айдар тағылған қатердің қаупі аса жоғары. Бұл құбы­лыс өз ішінде де аса күрделі, оны, бәрінен бұрын, билік пен халық арасындағы түрлі әлеуметтік-саяси анта­гонистік қарама-қайшылық­тар туындатады. Мұндай құбылыс, әсіресе, елдің саяси басшылығы аталған бағытта туындаған проблемаларды сын тұрғысынан баға­лауға қабілетсіз, болжай алмайтын және дер кезінде шара қолдана алмайтын жағдайда баса көрініс беріп жатады. Осындай «революциялардың» жүгенсіз дамуы төңкеріс жасалған сол елдің ішіндегі көптеген қанды құрбан­дықтарға әкеліп қана қоймай, көрші елдердің қауіпсіздігіне де әскери қауіп төндіріп, өңірдегі жалпы жағдайды тұрақсыздандырады. «Түрлі-түсті революциялардан» кейін пайда болған қарулы қақтығыстардың соңғы тәжірибесі көрсетіп отырғандай, соғыс және қарулы жанжалдарды жүр­гізудің жаңа тәсілі ретінде оған көп­теген сарапшылар «гибридті соғыс» деген анықтама беруде. Оның үстіне, «гибридті соғыс» түсінігі үздіксіз әскер, сондай-ақ, үздіксіз емес әскери құралымдар қол­дану арқылы жүргізілетін, яғни соғыс қимыл­дары бірлесіп жүргізілетін жағдайда қа­лып­тасады. Бұл жерде әскери және әскери емес­ құралдар да пайдаланыла алады. Қазіргі дүниеде жаһандық терроризм­нің жүйелі қатері ай­қын­дала түсіп отыр. Террорлық қоз­ғалыстардың ішіндегі ең қауіптісі діни фанатизм туындатқан іс-әрекеттер болып табылады. Өйт­кені, олардың іс-қимылында не қисын, не аяушылық, оның ішінде өзіне және бейбіт халыққа деген аяушылық, қандай да бір мәмілеге келуге деген ұмтылыс жоқ. Қазіргі таңда террорлық акті­лердің эскалациясы жүріп, оның географиясы кеңейіп келеді, сипаты күрделеніп, саны артуда және пішіндері, ауқымы мен мақсаттары түрлене түсуде. Терроризм халық­аралық сипат алып отыр. Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай терроризмнен жоғары дамыған елдер де, эко­но­микалық және әлеуметтік жа­­ғы­­нан мешеу қалған мем­лекет­­тер де сақтана алмайтынын көр­сетіп беруде. Бұл арада елдер­дің мемлекеттік құрылысы мен саяси режімі де қаперге алын­бай­ды. Осының барлығы, түп­теп келгенде, терроризмнің өрке­ниет­ті дүниеге, оның ішінде Қазақ­стан Республикасының ұлттық қауіп­сіздігіне де аса үлкен страте­гия­лық қатер төндіреді деп ой түюге негіз береді. Әлемдегі бірде-бір жетекші мемлекет әскери құрылыста төменгі интен­сивті әскери жанжалдар жүргізуге да­йын­дықпен шектеліп қалмайтынын, керісінше, өзінің әскери және әскери-тех­нологиялық бағдарламаларын кеңі­нен өрістететінін атап өткім келеді. Елі­міздің білікті органдары мен талдау құрылымдары әскери-саяси жағдайдағы жүріп жатқан өзгерістерге мұқият және терең сараптама жүргізіп, әскери қауіпсіздік жағдайында ықтимал сын-қатерлердің сипаттарын анықтаумен айналысады. Мемлекет басшысының же­тек­­­ші­­лі­гімен өтетін Қауіпсіздік Кеңесі­нің мә­жі­ліс­тері мен жедел кеңестерінде әс­ке­ри қауіпсіздікті қамтамасыз етудің аса көкей­кесті мәселелері мен қорғанысқа қабі­лет­тілікті нығайту жайы қарас­тыры­­лып, әскери саясаттың негізгі ба­ғыт­­тары айқындалады және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шешімдер қабылданады. Өзінің әскери қауіпсіздігін ны­ғайтуға ұмтылу еліміздің әскери сая­с­атының негізі болып қалып ке­леді. Қазақстан Республикасы әс­кери саясатының осы мәселемен бай­ланысты жүзеге асырылатын тиіс­ті қызметтеріне мыналар жатады: - әскери қауіпсіздік саласында біртұтас мемлекеттік саясат орнықтыру және жүзеге асыру; - ішкі саяси тұрақтылықты сақтау; - конституциялық құрылысты, ел аума­ғының тұтастығы мен қол сұғыл­мастығын қорғау; - көрші елдермен және басқа да мемлекеттермен достық қарым-қа­ты­настарды дамыту және нығайту; - Қарулы Күштерді, басқа әскерлер мен әскери құралымдарды сапалық тұрғыдан жетілдіру, оларды заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, материалдық-техникалық базасын нығайту; - әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын, т.б. әлеумет­тік қорғау. Әскери қауіпсіздікті қамтама­сыз ету үшін дағдарысты жағдай туындаған кезде әскери әлеуетті қорғаныс үшін  жеткілікті деңгейде ұстап тұру талап етіледі. Талап еті­летін деңгейге таза әскери, сон­дай-ақ, мемлекеттің әскери ұйым­дастыру элементтерінде мақ­сатты және үйлесімді күш-жігер ар­қылы қамтамасыз етіле­тін саяси-дип­ломатиялық, эконо­ми­ка­лық, идеологиялық және өзге де құ­ры­лымдық компоненттердің барлық кешені арқылы қол жеткізіледі. Әскери қауіпсіздіктің саяси-дипло­матиялық құрылымында біздің еліміз БҰҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ және басқа да қауіпсіздікті қамта­масыз ететін халық­аралық және өңірлік ұйымдардың белсенді қатысушысы болып табылады. Қазақстан әскери және әс­кери-техникалық салада, оның ішін­де қару-жарақ пен жаппай қы­рып-жоятын қару түрлерін тарат­пау­дың халықаралық бақы­лау режі­мі саласында ратифи­кация­ланған халықаралық шарттар мен келісім­дерді кепілді түрде жүзеге асырады. Әскери қауіпсіздіктің эко­но­мика­лық құрылымында Мем­ле­кет бас­­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақ­ты назарының арқасында Қарулы Күш­тердің, басқа да әскерлер мен әске­ри құра­­лымдардың материалдық-қар­жы­­лық сұ­ра­ныстарын барынша қана­ғат­­тан­­­дыру бо­йынша шаралар қабылданып ке­ле­ді. Әскер­лер мен күштердің сан­дық және сапалық параметрлері де айтар­лықтай жақсаруда. Әскери қыз­метшілердің әлеу­меттік қор­ғалуы артып, қорға­ныс­тың мате­риалдық сұраныстары қана­ғат­тандырылуда. Қорғаныс-өнер­кәсіп кешені белсенді дамыты­лып, өндірілетін әскери өнімнің номенклатурасы кеңеюде. Қажет­ті жұмылдырушы ресурстар жинақ­талып, оларды ұстап тұру үшін керектінің бәрі жасалып жатыр. Тікелей әскери құрылыста күш-жігер әскерлердің жоғары әскери дайындығы мен әскери қабілетіне бағытталуда. Қазіргі кезде соғыс жүргізу, соғыс іс-қимылдарын жүргізудің жаңа тәсілдері мен пішіндерін игеру, оның ішінде «гибридті соғыс» жүргізу үшін Қарулы Күштер, өзге де әскерлер мен әскери құралымдар дайын­дауға ерекше назар аударылып отыр. Сондай-ақ, жоғары әскери технологиялар енгізу, армияны қару-жарақ пен тех­никаның заманауи үлгілерімен жарақ­тандыру ісіне де жіті көңіл бөлінуде. Әске­ри қызметшілерді оқытып тәрбиелеу үде­ріс­тері де назардан тыс қалып отырған жоқ. Қорытындысында ойымды Елбасымыз­дың сөздерімен жеткізгенді жөн көріп отырмын: «Қауіпсіздік пен тұтастық мәс­елелерінде біз қашанда қыра­ғы болуымыз керек. Біз көрсетіп келе жатқан және көр­сететін ақкөңілділігіміз бен қо­нақжайлығымыз қарапа­йым­дылық пен бас игендіктің синонимі болып табылмайды». Осыған байланысты айтарым, тұтастай алғанда, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар мен күштердің бірлескен әлеуетінің нәтижесінде бізге елдің әскери қауіпсіздігіне ықтимал сын-қатерлер мен қауіп­терге дер кезінде жауап қата алатын жеткілікті деңгейдегі берік база құру қолымыздан келді. Қол жеткен табыстарға тоқ­мейілсіп, тоқтап қалмау маңыз­ды. Өзіміздің ұлттық қауіп­сіз­ді­гімізді, оның ішінде оның әс­кери құрамдасын нығайту мәсе­лелерін дәйектілікпен шешуді жал­ғастыру қажет. Осы мақсатта ШЫҰ елдерімен экономикалық және әскери-саяси салаларда өзара іс-қимылды белсенді дамы­тып, ҰҚШҰ-ға қатысушы мем­лекеттердің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде бұрынғыдан да тығызырақ байланыс орнату – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Талғат ЖАНЖҮМЕНОВ, Қауіпсіздік Кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі, генерал-майор АСТАНА