• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2016

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПЕН ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТI РЕДЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАННЫҢ ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ ТАТУЛАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ БІРЛЕСКЕН ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

304 рет
көрсетілді

Бұл Декларация екі ел көшбасшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша қабылданды. Мемлекеттер басшылары құжатта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттарды берік ұстанатынын растады. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Ердоған Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымына мүше елдерді мемле­кет­аралық қатынастарда және қақтығыстар мен дауларды реттеу мәселелерінде ізгі ниет пен ерік-жігер таныту және сындарлы қадам жасау арқылы ислам әлеміндегі қарым-қатынастың жаңа парадигмасын қалыптастыруға шақырды. Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Рес­пуб­ликасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған 2016 жылғы 14-15 сәуір аралы­ғында Ыстанбұл қаласында өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының 13-ші Ислам саммиті конференциясы қарсаңында өткен Қа­зақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Рес­публикасына 2016 жылғы 13 сәуірдегі жұмыс сапары аясындағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша, 2009 жылғы 22 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімді басшылыққа ала отырып, барлық саяси, экономикалық және әлеуметтік аспектілерді қамтитын  жан-жақты әріптестікті, сондай-ақ, ортақ тарихи және мәдени байланыстардың негізінде қалыптасқан Қазақстан мен Түркия халықтары және азаматтық қоғамдары арасындағы тығыз қарым-қатынастарды ілгерілету мақсатын көздей отырып, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамытуда маңызды рөл атқаратын жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен саяси консультацияларды ұдайы өткізуге және қолдауға бейілділік таныта отырып, халықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекеттер арасындағы достық бай­­ланыстар мен ынтымақтастықты дамы­туға бағытталған Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Жар­ғысының және Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына бейілділігін растай отырып, жаһандық қауіп-қатерлерге, экономи­калық проблемаларға, конфессиялар мен өр­кениеттер арасындағы қарама-қайшы­лық­тарға, лаңкестік пен ұйымдасқан қыл­­мыс қатерлерінің теңдессіз дәрежеде өсуі­не, сондай-ақ, миграция, кедейшілік проб­ле­маларына қарсы тұрудағы бірлескен іс-әре­кеттердің қажеттілігін түсіне отырып, халықаралық қатынастардың шапшаң трансформациясының эпицентрінде қалып отырған ислам әлемінің шиеленістерге толы мемлекетаралық қатынастардың нашарлауы, сондай-ақ, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық деңгейінің төмендеуі секілді проблемалар орын алған кезеңді басынан кешіріп жатқанын мойындай отырып, ислам үмбетінің тұтастығына қауіп төндіретін және ислам бірлігіне зиян келтіретін бірқатар жетекші мұсылман елдері арасындағы текетірестердің күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдіре отырып, шешімін таппаған тарихи проблемалар, тұрақсыздық, лаңкестікке қарсы күрес мұсылман елдерінің даму мақсаттарына жұмсауға болатын орасан зор ресурстарын зая кетіріп жатқанын атай отырып, әр мемлекеттің кез келген басқа мем­лекеттің ішкі істеріне араласпау жөніндегі мін­деттемесі халықтардың өзара бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етудің маңызды шар­ты болып табылатынына кәміл сене отырып, барлық мемлекеттер үшін халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік және әділеттілікке қауіп төндірмей, өздерінің шиеленістерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес бейбіт жолмен шешу ортақ маңыз­дылыққа ие екендігін ескере отырып, әлем халықтарының бейбіт және гүл­денген болашағы үшін өз жауапкершілігін сезіне отырып және мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды ілгерілету, олардың қауіпсіз және бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге ниетін басшылыққа ала отырып, халықаралық қатынастардағы төзім­діліктің маңыздылығын, өзара түсіністікке жетудің, бейбітшілікке төнетін қатерлерді жоюдың және ынтымақтастықты нығайтудың құралы ретіндегі диалогтың елеулі рөлін атай отырып, ислам әлемінің түрлі өңірлерінде орын алып отырған саяси, экономикалық және гуманитарлық проблемалар аясында Түркия Республикасының Ыстанбұл қа­ласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы 13-ші Ислам саммиті конференциясы өткізілуінің маңыздылығын атай отырып, 13-ші Ислам саммиті конфе­рен­ция­сының «Әділеттілік пен бейбітшілік, бірлік пен ынтымақтастық үшін» тақырыбын назарға ала отырып, төмендегiдей уағдаластықтарға қол жеткізді: Мемлекеттер шекараларының мыз­ғым­астығы, аумақтық тұтастық пен еге­мендікті құрметтеу, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, мемлекетаралық қатынастардағы даулар мен қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешу жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының басты қағидаттарын растаймыз. Ислам бірлігі рухына берікті­гіміз­ді тағы да растаймыз және Ислам Ын­ты­мақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді мемлекетаралық қатынастарда және өзара қақтығыстар мен дауларды шешу жолында ізгілік пен сындарлы ұстаным таныту арқылы ислам әлеміндегі қатынастардың жаңа парадигмасын қалыптастыруға шақырамыз. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді ең алдымен ортақ құндылықтар мен мүдделерге басты назар аудара отырып, ислам әлеміндегі мемлекетаралық проблемаларға ревизия жасау үдерісін бастауға шақырамыз. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді Ислам әлеміндегі татуласу үдерісін қолдауға және оны таяу жылдардағы ислам үмбетінің жаңа саяси тұғырнамасы ретінде қарастыруға шақырамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының халықаралық қақтығыстардың алдын алудағы және оларды бейбіт жолдармен ше­шудегі жетекші рөлін, сондай-ақ, Ис­лам Ынтымақтастығы Ұйымының ис­­лам әлеміндегі татуласу үдерісін ілге­рі­ле­тудегі басқа халықаралық және өңір­лік ұйым­дармен ынтымақтастығын қолдай­мыз. Ислам әлеміндегі татуласу үдері­сін ілгерілету міндетін Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымына жүктеуді ұсынамыз және бас­таманың мақсаттарына қол жеткі­зуге бағытталған ұсыныстарды дайындау мақсатымен Ислам Ынтымақ­тастығы Ұйымы Бас хатшысынан осы саладағы жағдайға терең талдау жасауды сұраймыз. Ислам әлеміндегі татуласу тақы­ры­бын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің және Мемлекет пен үкімет басшылары сам­мит­тері отырыстарының күн тәртібін­дегі тұрақты мәселесі ретінде бекітуді ұсынамыз. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді халықаралық қаты­нас­тардағы шиеленісті бәсеңдету үшін нақты қадамдар жасау және қордаланған проб­лемаларды түрлі консультация тетіктерін қалыптастыру жолымен шешу, дипломатиялық миссиялардың, парламентаралық диалогтардың, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін қолдану арқылы ислам әлеміндегі татуласу бастамасын нақты іс жүзіне асыру үшін үлес қосуға шақырамыз. 2016 жылғы 13 сәуір, Ыстанбұл